Судьялар мемлекетіміздің заңнамалық базасын қалыптастыратын және адам тағдырына әсер ететін шешім қабылдайды, әділдікті жүзеге асыра отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғайды. Бұл тұрғыда сот қатарын ісі адал емес, ниеті қарау жандардан тазалау маңызға ие.
Бұл «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты бір шарты саналады. Заң үстемдігін қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқара алмағандарға, заңға адал болмағандарға әділ төрелік саласында орын жоқ. Бұл тұрғыда біраз жұмыс істеліп жатыр.
Дегенмен қазіргі билер қатарынан шеттетілгендер қайда барады? Соңғы екі жыл бойы депутаттар мен сарапшылар арасында сот қызметінен аласталған судьяларға құқық қорғау органдарына және мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуға рұқсат ететін заң жобасы айналасында қызу талқылау өрбіген еді.
Құжат Мәжілістегі талқылау кезінде «Кейбір заңнамалық актілерге оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталды. 2024 жылғы 11 желтоқсаннан кейін Сенатта қарау барысында атауы «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгертілді және Парламент ақыры оны осы атаумен қабылдады.
Заң жобасы Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Мәселе, мемлекеттің теріс себептермен қызметтен шығарылған судьяны қызметке қайта қабылдауға қатысты. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың дерегі бойынша соңғы бес жылда 40 судья теріс себептермен сот жүйесінен босатылды.
– Олар сот этикасына қайшы келетін немесе сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды өрескел бұзған, өз атына нұқсан келтіретін әрекеттер жасаған судьялар. Заңда теріс себептермен қызметтен шығарылған бұрынғы судьяларды 2 жыл өткен соң мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндігі қарастырылды. Ал бұған дейін қолданыста болған заңнама бойынша қызметінен шығарылған судьялар құқық қорғау, әскер және арнаулы мемлекеттік органдар секілді мемлекеттік қызмет түрлеріне мүлдем, өмір бойы кіре алмайтын. Осыған орай сұрақтар туындады, – деді депутат Ү.Шапақ.
Қалаулылар мен сарапшылар: «мұндай судьяларға екі жылдан соң құқық қорғау қызметіне кіруге рұқсат беру қаншалықты дұрыс? Әлде, қолданыстағы заңдарда көрсетілгендей өмір бойына тыйым салуды сақтау керек пе?» деген сауалды талқыға салған.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің түсіндіруінше, сөз болып отырған құжатта теріс қылық жасаған бұрынғы судьялардың 2 жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайта кіре алатыны, яғни шенеунікке айнала алатыны көзделген. Әйткенмен, олардың құқық қорғау, әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруы қаншалықты дұрыс?
– Негізі, бұл органдарда кандидаттарға қатаң талаптар қойылады. Сондықтан аталған экс-судьялар құқық қорғау органдарына қызметке тұра алмағаны жөн. Теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған судьялар құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге лайық емес! Сотта дұрыс шешім қабылдамаған, біліксіз судья жұмыстан шығарылғаннан кейін басқа құқық қорғау органдарында дұрыс жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды, – деді Әсет Шындалиев.
Бірақ Конституциялық соттың шешімі орындалуға міндетті және қайта қарауға жатпайды. Парламент тек заңда оралу мерзімін белгілей алады. Төл нормативтік қаулысында Конституциялық сот теріс себептермен лауазымнан босатылған судьяның басқа салада, соның ішінде құқық қорғау қызметінде өзінің конституциялық еңбек құқығын жүзеге асыра алатынын белгіледі.
Судьяны жұмыстан босатуға негізінен жұмысқа жарамсыздығы және тәртіптік теріс қылық жасағаны себепші болады екен. Бірақ кәсіби жарамсыздығына қарағанда теріс қылық жасағаны үшін жауапкершіліктің ауыр екенін ескеріп, Парламент екі жылдық шектеу қоюды ұсынды. Кәсіби жарамсыздар бірден жұмысқа тұра алады.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те заң жобасындағы сондай түйткілге екпін түсірді: «Конституциялық сот қаулысына сәйкес, енді судьялықтан шеттетілген судьялар кез келген жерде еңбек ету бостандығына ие. Бұл заң бойынша бұдан былай қызметінен шеттетілген судьялар бірден мемлекеттік қызметке алынады. Қоғамда сот шешімдеріне, сот жүйесіне, сот төрелігіне қатысты өзекті мәселелер туындап жатқанын білесіз. Мұны қоғам қалай қабылдайды? Кәсіптік жарамсыздығы үшін судьялықтан шеттетілгендерді не себептен бірден мемлекеттік қызметке алуымыз керек?», – деді Б.Базарбек.
Оның пайымдауынша, теріс қылықтары үшін судьялықтан шеттетілген бұрынғы судьялар сияқты кәсіби жарамсыз деп танылғандарды да ең құрыса 2 жыл мерзімге мемлекеттік және құқық қорғау қызметінен аластау керек: екі жыл адвокат, не заң кеңесшісі болсын, білімін, кәсіби деңгейін шыңдасын, содан кейін мемлекеттік қызметке барсын. Бірден мемлекеттік қызметке алған орынды ма?
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай депутаттардың бұл ұсынысын орынды санайтынын жеткізді. Десек те, барлығы конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін мүлтіксіз орындауға міндетті.
«Конституциялық сот отырысында біз өз уәжімізді айтқан болатынбыз. Кәсіптік жарамсыздығы үшін шеттетілген судьялардың мемлекеттік қызметке келіп жұмыс істеуіне конституциялық шектеу жоқ. Конституциялық соттың қаулысына сай, біз осы мерзімді оларға енгізе алмай отырмыз. Мәселе өте орынды. Бірақ біз бұл шешімнен аттап шыға алмаймыз», – деп ашығын айтты агенттік басшысы.
Қалай болғанда, ел Парламенті қабылдаған «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы биылғы жылы күшіне енді. Оған Парламент 2025 жылғы 19 мамырда өзгерістер де енгізіп үлгерді.
Сонымен, жаңа заңға сәйкес, қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 6-бабының 9) тармақшасы мына мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылды: «Осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші теріс себептермен қызметтен шығару және өкілеттігін тоқтату бөлігінде: Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан; қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты қызметтен шығарылған адамға қолданылмайды, ол адам осындай шығарудан кейін 2 жыл өткен соң құқық қорғау қызметіне кіруге құқылы», – деп жазылған.
Ұқсас өзгерту «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына да енгізілді. Тиісінше, аталған экс-судьялар осындай шығарудан кейін екі жыл өткен соң әскери қызметке кіруге құқылы. Ішкі істер органдарында лауазым иеленемін десе де тосқауыл жоқ.
Бірақ конституциялық бақылау органының шешімін Парламентте талқылау барысында бір ымыра табылды. Мысалы, теріс қылығы үшін жұмыстан аласталған судья ҰҚК сияқты арнаулы органға жұмысқа тұра алмайды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңының 7-бабында арнаулы мемлекеттік органдарға «судья өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адам қабылданбайды» деп жазылды.
Сонымен бірге, жаңа заң бойынша осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші теріс себептермен қызметтен шығару және өкілеттігін тоқтату бөлігінде: Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан; қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты қызметтен шығарылған адамға қолданылмайды, ол адам осындай шығарудан кейін 5 жыл өткен соң арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіруге құқылы.
Депутаттар бұл заңды «бұрынғы судьяларға рақымшылық заңы» деп те атайды. Алайда рақымшылық бәріне бірдей таралмайды. Сенаттың түсіндіруінше, сөз болып отырған заң Жоғарғы сот жанындағы комиссия «кәсіптік тұрғыдан жарамсыз және атқаратын лауазымына сай келмейді» деп танып, өкілеттігін тоқтатқан, сондай-ақ дәлелді себепсіз біраз уақыт жұмысқа шықпай қойғаны үшін қызметтен шығарылған бұрынғы судьяларға ғана құқық қорғау органдарына, ҰҚК, ІІМ-ге, Бас прокуратураға және мемлекеттік қызметке жұмысқа тұруына жол ашады.
Бұрын оларға да осы тұрғыда мерзімсіз тыйым қолданылып келді. Депутаттардың айтуынша, қылмыстық теріс қылық жасағаны, сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғаны, басқа да қылмыстарға қолы мен арын былғағаны үшін заманауи билер қатарынан қуылған бұрынғы судьялар бұл қызметтерге сол бұрынғыдай алынбайды.
Елдос СЕНБАЙ