Оңтүстік Кореялық футболшы Сон Хын Мин Лондондық «Тоттенхэм Хотспур» клубынан кететінін мәлімдеді. Ол бұл туралы Сеулде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Бұл шешім менің мансабымдағы ең қиын шешімдердің бірі болды. Клубта өткізген уақытым – өмірімдегі ең жарқын кезеңдердің бірі», – деді 33 жастағы ойыншы.
Сон Хын Мин «Тоттенхэмге» 2015 жылы «Байер Леверкузен» клубынан ауысқан. Осы он жыл ішінде ол 454 матч өткізіп, 173 гол соқты. Сон клубтың көшбасшы ойыншыларының біріне айналып, 2025 жылы команда капитаны ретінде UEFA Еуропа лигасының кубогын жеңіп алды – бұл клуб үшін соңғы 17 жылдағы алғашқы ірі жүлде болды.
Футболшының болашағы әзірге нақты емес. БАҚ дерегінше, ол MLS лигасындағы «Лос-Анджелес» клубына ауысуы мүмкін. Сонымен қатар, оған Еуропаның бірнеше ірі клубынан да ұсыныстар түсіп жатыр.
Сон Хын Мин «Тоттенхэм» жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, клубта өткізген жылдарын әрдайым мақтанышпен еске алатынын айтты.