in

Сарыағаштағы әлеуметтік мекемелерде 13,3 миллион теңге жымқырылған

Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау барысында қаржылық заңбұзушылықтарды анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Прокуратура мемлекеттік сатып алу шарттары аясында іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджеттен қаражат аударылғанын анықтады. Сондағысы мекеменің бірқатар лауазымды тұлғалары жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты орындалмаған жұмыс пен жеткізілмеген тауарларға қабылдау актілерін рәсімдеп, бюджет қаражатын негізсіз аударған. 

Прокуратура бастамасымен жүргізілген сот-бухгалтерлік сараптаманың қорытындысына сәйкес, мемлекетке келтірілген материалдық шығын 13,3 миллион теңгеге жеткен. Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.