Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстанға келген шетелдік журналистердің арасында «Pakistan TV» тілшісі Мушараф Захур да бар. Ол алдағы саяси өзгерістердің Қазақстанның болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
«Өзіміз білетіндей, Қазақстан Евразия аймағында маңызды орынға ие», — деді ол «Қазақстан және жаңа еуразиялық ландшафт: стратегиялық серіктестіктер, өзара байланыс және экономикалық мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстелдің кулуарында.
Журналисттің айтуынша, іс-шараға қатысушылар да алдағы өзгерістердің ел болашағы үшін мәні зор екенін атап өткен.
«Бүгін біз кездескен көптеген сарапшылар бұл өзгерістердің Қазақстанның болашағы үшін үлкен маңызы бар деп есептейді. Ел елордасы Астана халықаралық саясаттың орталықтарының біріне айналды. Мұнымен қоса, Қазақстан бай минералды ресурстарға ие», — деп атап өтті Захур.
Сонымен қатар «Pakistan TV» тілшісі Қазақстанның халықаралық байланыстарына және жаңа парламенттің рөліне арнайы тоқталды.
«Қазақстан басқа мемлекеттермен өте жақсы халықаралық қарым-қатынас орнатқан. Бұл қарым-қатынастарды және Қазақстанның басқа елдермен жасасқан келісімдерін институционализациялау жаңа Құрылтайдың басты міндеттерінің бірі болады деп ойлаймын. Сондықтан, меніңше, бұл сайлаудың Қазақстан болашағы үшін шынымен де мәні өте зор», — деп баса айтты ол.
Захур елдің геосаяси орналасуын және оның халықаралық энергетикалық бағыттардағы маңыздылығын да тілге тиек етті.
«Қазақстан Орталық Азия мен Еуразияда орталық позицияны иеленіп, өте маңызды рөл атқарады. Форумға қатысушылар атап өткендей, ел әлемдік түрлі ірі державалар, соның ішінде Қытай үшін де маңызды энергетикалық коридорларда үлкен орын алады», — деді журналист.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның геосаяси салмағы жаңа парламенттің елді одан әрі дамытудағы рөлін айқындайтын болады.
«Қазақстанның айтарлықтай геосаяси салмағы бар. Сондықтан парламент немесе Құрылтай алдағы жылдары сөзсіз маңызды рөл атқарады», — деп түйіндеді сөзін Мушараф Захур.