in

Самат Смақовтың ұлы «Бешікташтағы» алғашқы ресми матчында гол соқты

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 18 жастағы жартылай қорғаушысы Аламгир Смақов «Бешікташтың» жастар командасы сапындағы алғашқы ресми матчында гол соқты.

Түркия жастар чемпионатының алғашқы турында «Бешікташ» «Эюпспормен» кездесті. Осы ойында алаңға шыққан қазақстандық футболшы дебюттік кездесуінде мергендігімен көзге түсті. Бұған дейін Смақов «Бешікташ» жастар командасы сапында бес жолдастық матч өткізіп, екі гол соққан.

2008 жылы туған Аламгир – «Қайрат» академиясының түлегі. Ол академияда Дастан Сәтпаевпен бірге ойнаған. Биыл «Қайрат-Жастар» сапында Бірінші лигада жеті матчта төрт гол соқты. Өткен маусымда Freedom QJ League турнирінде 20 кездесуде 9 гол соғып, 7 нәтижелі пас беріп, «Қайрат» U-18 командасының чемпион атануына үлес қосты.

Смақов Қазақстан U-19 құрамасында да өнер көрсетеді. Маусым айында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сербия, Португалия және Грекияға қарсы үш матчқа қатысты.

Аламгир – Қазақстан құрамасы сапында ең көп матч өткізген футболшылардың бірі Самат Смақовтың ұлы. Самат Смақов та кезінде Түркияда өнер көрсетіп, 2013 жылы «Ризеспордың» Суперлигаға шығуына көмектескен.