«Жалпы, Сабалақтың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Халықтың саны да көбейіп барады. Соған қарамастан, бұл аумақты әлі де саяжай ретінде қарайды. Тұрғылықты халық үшін жол мәселесі көп жылдан бері өзекті. Жаңбыр мен қар суынан кейін аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Өткен аптада жаңбыр мен қар жауып, бүгінде соның зардабын тартып отырмыз. Көшеміз ми батпақ. Мектеп жасындағы балаларымыз бен қалада оқитын студенттердің қатынауы қиын. Осы мәселе төңірегінде жергілікті әкімдікке әрдайым айтып келеміз. Бірақ түйткіл түбегейлі шешімін табар емес», – дейді саяжай тұрғыны Жанар Накипова.
Мәліметке сәйкес, бүгінде саяжайда 6 мыңға жуық халық тұрады. Мектеп, балабақша жұмыс істейді. Бірақ еш талапқа сай келмейтінін алға тартады. Бұған дейін жекенің ықпалымен ашылған 600 орындық білім ошағы осы жылы мемлекет меншігіне өткізілген. Бірақ 600 орындық мектептің тарлық ететіні, айтпаса да, түсінікті. Балабақшаның жағдайы да осыған ұқсас. Соның салдарынан көптеген бала қалаға қатынап білім алуға мәжбүр.
Сабалаққа №28 бағыттағы автобус қатынайды. Осы автобустың соңғы аялдамасындағы ахуал, тіпті алаңдатарлық күйде тұр. Сол аумақ халқының айтуынша, өз қалталарынан ақша шығарып, батпаққа айналған көшесіне құм төсеткен. Нақты айтқанда, 150 мың теңгедей шығындалған. Тұрғындар ең болмаса, сол құмның бетіне тас төсеп беруін сұрап отыр.
– Сабалақ халқын осы көшенің жолдары толғандырып тұр. Қар мен жаңбыр суынан кейін көшемізде адам түгілі көлік жүру мұңға айналады. Әсіресе, сабағына шыққан балалар балшыққа батып, әбігерге түсіп жатады. Балаларымызды таңертең сабағына екі аяқкиіммен шығарып саламыз, кешке екі аяқкиіммен күтіп аламыз. Ал жазда шаң көтеріліп, тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне тағы қолайсыздық туғызады, – дейді тұрғын Гүлбану Ұзақбайқызы.
Ал саяжайдың тағы бір тұрғыны Ақгүл Аманбаеваның айтуынша, жүдеу тартқан жол жедел жәрдем көлігінің келіп-кетуіне де үлкен қиындық туғызып тұр. Бұл келеңсіздік онсыз да дертіне дауа іздеген жандарға «жығылғанға жұдырық» болғандай.
Қала әкімдігінің тарапынан бұған дейін саяжайдағы 10 көшеге асфальт төсеу, 18 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары басталған екен. Сондай-ақ ауызсу мен көгілдір отын жеткізіліп, халықтың сұранысы қанағаттандырылған. Дей тұрғанмен, халықтың көңілі әлі де тоқ емес. Оның ішінде жолға қатысты түйткілдің әлі де толықтай шешілмей тұрғанына наразы.
Бір сөзбен айтқанда, Сабалақ саяжайындағы жол мәселесі тұрғындарға күрмеуі қиын мәселеге айналып тұр. Өйткені жол сапасының нашарлығы көлік қатынасына ғана емес, халықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай зардабын тигізіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы