in

Реновация: ескі үйлердің «екінші тынысы»

2023-2025 жылдар аралығында реновация бағдарламасы арқылы Атырауда барлығы 12 апатты көппәтерлі үй­дің тұрғындары жаңа бас­паналарға көшірілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір 93 апатты және то­зы­ғы жеткен көппәтерлі тұрғын үй ресми түрде тір­келген.

100-ге жуық отбасы баспаналы болды

Мұндай үйлерді бұзып, тұрғындарын көшіру процесі жаңа тұрғын үйлердің салынуына байланысты жүргізіледі. Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтерлер сатып алу арқылы апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары қолға алынды. 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 12 апатты көппәтерлі үйдің тұрғындары жаңа баспаналарға көшірілді. Мәселен, 2023 жылы Стаханов көшесі №3а мекенжайындағы (8 отбасы) және Азаттық даңғылы 76 мекенжайындағы (9 отбасы) үйлердің тұрғындарына жаңа пәтер кілті табысталды.

Ал 2024 жылы көшіру ауқымы кеңейіп, Стаханов көшесіндегі 8 отбасы, Байжігітов көшесіндегі – 8, Бейбітшілік даңғылындағы – 32, Қожақаев көшесіндегі – 48, Дружба көшесіндегі – 16, Достық көшесіндегі – 10, Оңдасынов көшесіндегі 8 шаңырақ жаңа үйлерге көшірілді. 

«2024 жылы бұл мақсатта Нұр­сая ықшамауданындағы «Ақмар­жан» тұрғын үй кешенінен 70 пә­тер сатып алынды. Бұл пәтер­лерге Қарымсақов көшесі 4, Қо­жа­қаев көшесі 5 және 9, Азаттық даңғылы 130 мекенжайларында орналасқан үйлердің тұрғындарын көшіру жоспарланған. Қазір қажетті құжаттар рәсімделіп жа­тыр», – деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімдігі.

Айталық, жақында Атырауда қала күні қарсаңында апатты үй тұрғындарына жаңа пәтер кілті табысталды. Жаңа пәтерлер жо­ғары­да аталған «Ақмаржан» тұр­ғын үй кешенінен берілді. Екі және үш бөлмелі пәтерлер барлық қажетті инфрақұрылыммен қам­тамасыз етілген.

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту  әкімдіктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жыл соңына дейін апатты үйлерде тұратын тағы 70 отбасы кезең-кезеңімен жаңа баспана­ларға көшірілетінін жеткізді. Осылайша, Атырауда жыл басы­нан бері 100-ге жуық отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.

Қоныс иелері не дейді?

Реновация арқылы элиталық тұрғын үйге қол жеткізгендердің бірі – зейнет жасындағы Жұбан­дық Бижанов. Ол Атырау қала­сын­дағы құлауға шақ тұрған Абай көшесіндегі 28, 30, 34 үйлердің тұрғындарының бірі болған.  

«Біз бұл күнді көп күттік. Себебі сонау 50-60-жылдары салынған үйде біраз тұрдық. Жалғыз арманымыз – жаңа үйге көшу болатын. Ақыры арманымыз алдамай, жасымыз 60-тан асқанда ойдағыдай баспанаға да қол жеткіздік. Оның үстіне, жаңа қонысымыз бұрынғы үйімізден небәрі 30 метр жерде. Бұған жете алмай, өмірден өтіп кеткен көршілеріміз қаншама?!» – дейді ол. 

Жұбандық осы кезге дейін екі бөлмелі ескі пəтерде тұрыпты. Бірақ онда маза бермеген түрлі жəндікті қанша уласа да, қайран болмаған. Тіпті, талай рет жөндеу жұмыстарын жүргізгенмен, ескі­нің аты ескі екен, ештеңе де өз­гермепті. Қала əкімдігінің қызмет­керлері үйді апатты деп та­­­­ны­­­­ғаны­мен, бұзуды қосымша қаражат табылғанша кейінге шегерген. Құрылыс компания­сының өкілдері əуелі тұрғындар­дың ауызша келісімін алған. Тұрғындарға ескі үйде қанша бөлме болса, сонша берілетін болып шешіледі. Ал қосымша ақы төлеймін деушілер болса, тағы бір бөлме қосылады екен.

Үйдің ауласы да кең. Онда балалар ойнайтын алаң, демалыс орны, жасыл желек жайқалған бақ – бірі қарастырылған. Қысқасы, инвестор тұрғындарға берген уә­десін орындап, көңілінен шықты. Енді олар Махамбет атындағы ака­демиялық қазақ драма театры­ның тура жанындағы AYAGOZ RESIDENCE деп аталатын эли­талық үйде тұрады.

Кей тұрғындардың талабы бөлек

Апатты үйлерді көшіру ба­ры­сында кездесетін негізгі мәселе­лердің бірі – тұрғындардың жаңа пәтерлерден толықтай немесе ішінара бас тартуы. Көп жағдайда тұрғындар өз аудандарында қалуды қалап, жаңа ұсынылған пәтерлердің орналасқан жеріне көңілі толмай жатады екен. Бұны Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген айтып отыр.

Алайда бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысына сәйкес, 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасында көрсетілген талаптар басшылыққа алынады. Аталған құжатқа сәйкес, реновацияға жататын тұрғын үйлердің иелеріне ауданы шама­лас, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес жаңа тұрғын үй ұсы­нылуы, ал тұрғын емес үй-жай­лардың иелеріне өтемақы тө­ленуге тиіс.

Әйтсе де, инвесторлармен әріптестік бар. Қаланың тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында жеке инвесторлардың қатысуымен апатты үйлердің орнына жаңа көппәтерлі тұрғын үйлер салу көзделген. Бұл жұмыс инвесторлар мен апатты үйлердің меншік иелері арасында жаса­латын екіжақты келісімдер негі­зінде жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, Атырау қала­сында апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін шешу – стра­тегиялық маңызы бар міндет­тердің бірі. Бұл бағытта мемлекет пен жеке сектордың тиімді әріп­тестігі негізінде жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.