in

Президент: ЕАЭО жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөйледі, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.  

«Ең алдымен, осы өте маңызды іс-шараға қатысқаны үшін Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің басшыларына, байқаушы елдердің көшбасшыларына және барша қонақтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Еуразия экономикалық форумы еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалогтың тиімді алаңы ретінде кеңінен танылған. Бүгін ортаға салған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер кезеңінде өтіп жатқан форумның өзектілігіне назар аударды.

«Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр. Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады. Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін атап өтті.

«Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады», – деді Президент.

Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе.

«Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды», – деді Мемлекет басшысы.