in

Ойнап жүріп от баспасын десек…

Діни экстремизм мен терро­ризмнің қаупі қазіргі таңда тек мемлекетке ғана емес, әрбір отба­сы­на, ал ең қиыны бейкүнә бала­лардың болашағына қатер төн­діріп отырғанын айтпасқа бол­май­ды. Өйткені бесіктен белі жаңа шығып әлі оң мен солын ажырата алмайтын жастар мен жасөспірімдер жеңіл ойдың жетегінде жүріп, ойнақтап жүріп от басқанын аңдамай қалады. Сондықтан бұл құбылыстың та­би­ғатын дұрыс түсініп, оған қар­сы әрекет етудің маңызын қоғам болып жете ұғыну – басты мін­дет­тердің бірі.

Қауіптің себептері мен таралу арналары

Мемлекеттік саясат және жал­пы қоғам болып діни экстре­мизм мен терроризмге қарсы күр­ес кешенді түрде жүргізілгені­мен, замана дертінің таралуына ықпал ететін факторлар аса көп. Олар­дың ішінде – әлеуметтік тең­сіздік, жұмыссыздық, марги­нал­дану, кедейлік, діни білімнің таяздығы, діннің бұрмалануы және жастар­дың жалған діни насихатқа сен­гіштігі сияқты аса қауіпті алғы­шарт­тары бар екені рас.

Мамандардың айтуынша, қазіргі жастар интернет кеңісті­гінде ең осал топқа жатады. TikTok, Telegram, VK сынды плат­фор­маларда таралатын жалған уағыздар мен экстремистік маз­мұн­дағы бейнематериалдар олар­дың санасына тез әсер етеді. Ақмола облысы Дін істері басқар­масының жанындағы конфессия­аралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының бас­шы­сы Нүркен Тілеубаев та бұл мәселеге ерекше тоқталып, жас­тар­ды діни және медиа сауатты­лыққа баулудың маңыздылығын атап бірнеше нақты мысалдар да келтіріп берді.

Шынайы мысалдар – шынайы қауіп

Көп жағдайда мұндай жағдай­лар бізге қатысы жоқ сияқты кө­рі­­неді. Алайда соңғы жылдары елімізде де экстремизм мен тер­ро­ризмге қатысты нақты факті­лер­дің тіркеліп жатқаны бұл мә­селенің бізге де жақын екенін дәлелдейді.

Мысалы, Түркістан облыс­ында 17 жастағы жасөспірім экс­тре­мистік идеяларды наси­хат­тап, тыйым салынған ұйым­дар­дың материалдарын тарат­қаны үшін 4 жылға сотталған. Бұл – интер­нет­тегі белсенділіктің қандай нәтижеге апарып соғуы мүмкін екенін көрсететін айқын мысал. Сонымен қатар Ақмола облыс­ын­да да осыған ұқсас жағ­дай бол­ды. Сандықтау ауданында мектеп мұғалімі ғаламтор арқылы радикалды сайттарға кіріп, тер­роризмді насихаттағаны үшін 6 жылға сотталды. Оның әлеу­мет­тік желілерде экстремистік бей­не­материалдар таратқаны анық­талған. Бұл – қоғамда тек жастар ғана емес, ересектер де қауіп-қатерге бейқам қарайты­нын көр­сетеді, – дейді Нүркен Найза­бекұлы.

Ата-аналар мен қоғам не істеуі керек?

Мамандардың айтуынша, экс­тремизм мен терроризмнің алдын алу – ең алдымен ата-аналар мен мектептердің, жалпы қоғамның бірлескен жұмысына тікелей байланысты. Баланың психологиялық және рухани жағ­дай­ын бақылауда ұстау, онымен ашық сөйлесу, сенімді қарым-қатынас орнату – аса маңызды.

– Балалармен жиі сөйлесіп, олардың неге қызығатынын, кім­мен араласатынын, қандай сайт­тарға кіретінін біліп отыру қажет. Интернеттегі әрекеттеріне ата-аналық бақылау орнату артық етпейді. Сонымен қатар бала­ларға жалған ақпарат пен шын­айы мәліметті ажыратуды, қауіп төндіретін ортадан сақ болуды үйреткен жөн, – дейді Нүркен Тілеубаев.

Бұл орайда сала мамандары баланы ерте жастан діни және ме­диа сауаттылыққа үйрету – ең ти­ім­ді қорғаныс екенін айтады. Өз пі­к­ірін білдіре алатын, өзгеге ере кетпейтін, ішкі сенімі мықты ба­ла – радикалды идеологияға қар­сы тұра алатын тұлғаға айналмақ.

Бала – ертеңгі ел болашағы. Сол себепті оның бойына бала кез­ден мейірімділік, төзімділік, толеранттылық, ұлт пен дінге құрмет секілді құндылықтарды сіңіру – аса маңызды. Бұл – тек мектептің ғана емес, отбасындағы тәрбиенің де үлесі зор екенін біл­діреді. Ата-ана баласының кім­мен дос екенін, неге қызығаты­нын, интернетте немен айна­лы­са­тынын біліп, бағыттап отыр­ғаны абзал. Ең бастысы, олармен тұрақты қарым-қатынас орна­тып, сенімді орта қалыптастыру қажет. Балалар үшін ата-ана – кез келген сәтте бағыт-бағдар көрсе­те­тін, қамқорлығымен мен тәр­биесін беретін ең сенімді адамдар. Сондықтан балаға жөн сілтейтін ата-анасының әрқашан әрқашан оның жанынан табылып, аңғал­дықпен адасып кетуіне жол бер­ме­гені жөн.

 

P.S. 

Экстремизм мен терро­ризм – бүгінде жаһандық сипат алған қауіп болғанымен, ол әр отбасының табалдыр­ығына дейін жетіп отыр. Бұл дертпен күресу – құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Тек жұмыла әрекет еткенде ғана балаларымызды сақтап қала аламыз.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы