in

Ниеттен басталған неке заңмен бұзылмайды

Батырма басып – бақ айырма

Неке мен ажырасу барысының құ­қық­тық шеңбері еліміздің «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ко­дексімен реттеледі. Осы құжатқа сәйкес, жұ­байлар ортақ келісіммен немесе бір та­раптың бастамасымен некесін бұза алады. Заң­мен белгіленген белгілі бір шектеулер ескерілуге тиіс: әйелдің жүкті кезінде не­месе баласы бір жасқа толмағанша ажы­ра­суға рұқсат берілмейді. Ажырасу барысы АХАЖ бөлімдері, сот немесе электронды үкі­мет порталы арқылы үш түрлі жолмен рә­сімделеді. Әр жолдың өз шарты, өз реті бар. Ерлі-зайыптының ортақ кәмелетке тол­маған балалары болса, бір тарап ажы­расуға қарсы болса, жұбайлардың бірі ажы­расудан жалтарса немесе байланысқа шық­паса, сондай-ақ мүліктік немесе өзге де талаптар болған жағдайда тек сот арқы­лы ажыраса алады. Ал жұбайлардың ортақ кә­мелетке толмаған балалары болмаса жә­­не екі жақ та ажырасуға келіссе, АХАЖ бө­лімшесіне жүгінуге болады. Сондай-ақ егер жұбайлардың бірі хабар-ошарсыз кет­кен, әрекетке қабілетсіз немесе үш жылдан ар­тық мерзімге бас бостандығынан айы­рыл­ған болса, онда екінші жұбайы АХАЖ арқылы некені тоқтата алады. Осы шарттар сақталған жағдайда онлайн форматта – электронды үкімет порталы арқылы да ажы­расуға өтініш бере алады. Маман­дар­дың айтуынша, қазір цифрлық рәсімнің оңай болғаны кей адамдарға отбасын «бір батырмамен» бұзуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешімнің артында күйзеліс, психоло­гия­лық ауыртпалық, балаға әсер ететін терең салдар жатқанын көпшілік елемей отыр. 

«Бұрын неке – бүкіл әулеттің қатысуы­мен жасалатын маңызды қадам еді. Қазір жас­тар ешкіммен ақылдаспай, бір сәттік шешіммен үйленіп, кейін дәл сондай оңай шешіммен ажырасып кетіп жатыр. Некеге тұруға онлайн өтінім беріп, құжатын ре­сім­дей салады. Баяғыдай туған-туысты жин­ап, неке қию салтанатын жасауды бос шы­ғын дейді. Ал жамағаттың алдына неке­ге уәделесу бөлек жауапкершілік жүктей­ді», – дейді медиатор Айнұр Ізбасар.

Татулықтың жолы – түсінікте

Ажырасу – жеке өмірдің мәселесі ғана емес, қоғамдық құндылықтардың, мәде­ниет­тің, тіпті ұлттық болмыстың көрсет­кі­ші. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен масс-медиа ажырасуды «трендке» ай­налдырып бара жатқандай. Бұл тен­ден­цияға қарсы тұру үшін мемлекет тарапынан және қоғамдық ұйымдар арқылы бірқатар ша­ра қолға алынған. «Бақытты отбасы», «От­басым – тірегім» секілді бағдарламалар ая­сында кеңес беру, тренингтер өткізу, те­гін психологиялық көмек көрсетіледі. Әсі­ресе, жастармен жұмыс маңызды. Се­бе­бі отбасы құндылықтары сол кезеңде қа­лыптасады.

Ажырасудың алдын алуға бағытталған маңызды бастаманың бірі – 2018 жылдан бері елімізде жүзеге асып келе жатқан «От­басылық сот» пилоттық жобасы. Бұл жоба дәс­түрлі сот тәжірибесінен ерекшеленеді. Мұнда тек судья емес, кәсіби медиаторлар мен психологтер жұмыс істейді. Астананың өзінде 2022 жылы 200-ден астам отбасы ажырасудан бас тартқан. 2023 жылы Алма­тыда қаралған 500-ге жуық ажырасу ісінің 150-і татуласумен аяқталған. 

«Бұл – соттың репрессивті емес, ме­диа­тивті тетік ретінде қолданылуының ай­қын дәлелі. Соттарға қарасты «татуласу ка­бинеттерінде» ерлі-зайыптылармен пси­хологиялық кеңес беру, медиативтік ке­ліссөздер жүргізіледі. Судьялар от­басындағы даудың тек заң емес, эмоция, пси­хология жағын ескеріп шешуге тыры­сады. Ажырасуға өтініш берген жұптармен жеке-жеке және бірге жұмыс жүргізіледі. Бұл әдіс өзара түсіністікке әрі отбасын сақ­тап қалуға нақты мүмкіндік береді. Жо­ба бүгінде басқа өңірлерде де кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Отбасыны сақ­тау тек заңмен емес, сана мен сезімнің үй­лесімімен жүзеге асады. Бұл ретте ме­диация – өте маңызды құрал. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң не­гізін­де бүгінгі күні елімізде 4 800-ге жуық кә­сіби медиатор тіркелген. Алайда бұл сан әлі де жеткіліксіз, әсіресе ауылдық аймақ­тар­да. Соған қарамастан, медиация арқы­лы жылына шамамен 3 000-ға жуық отбасы некесін сақтап қалып отыр. Отбасылық кеңес беру, психологиялық тренингтер, жас­тарға арналған арнайы семинарлар – бә­рі ажырасуға әкелетін себептерді азай­ту­ға бағытталған. Бұл соттағы жағдайды ғана емес, отбасын құруға дайындық мә­де­н­иетін де қалыптастырады», – дейді жо­ба үйлестірушісі Жанаргүл Алпысбаева. 

Мешіттер мен шіркеулер де бұл про­цес­ке араласа бастады. Уағыздарда отба­сы­лық жауапкершілік, сабыр, кешірім жай­лы жиі айтылып жүр. Бұл – рухани қол­даудың маңызына мән берудің белгісі. Пси­хологтер де отбасылық терапияны кеңі­­нен ұсынуда. Психология ғылым­да­ры­ның докторы Фатима Сағынбайқы­зы­ның айтуынша, қоғамда біртіндеп пси­хо­ло­гия­лық сауаттылық артып келеді. Бұл – мә­де­ни өзгерістің көрінісі.

«Отбасы дағдарысының түп-төркіні – тыңдай алмау, эмоцияны жеткізе білмеу, өткен жараның емделмей қалуы. Психо­лог­ке бару – әлсіздік емес, керісінше, ру­хани жетілудің бір жолы. Адам өз ішкі әле­мін түсінбей, өзгені түсіне алмайды. Соң­ғы жылдары жеке терапия, топтық кеңес­тер, ерлі-зайыптыларға арналған тре­нингтер көбейіп келеді. Бұл үрдіс – от­басылық мәдениетті жаңғыртуға жасалған қадам. Ажырасу – тек екі адамның емес, бүтін бір ұрпақтың тағдырына әсер ететін шешім. Бұл шешімге апаратын жол кейде заңды, кейде эмоциялық, кейде цифрлық құрал арқылы жүзеге асады. Бірақ қай жол­­мен болсын, оның түбі – адам бол­мы­сын­да, көзқарасында, құндылығында жатыр», – дейді сарапшы. 

Бүгінде заң күшейтумен ғана емес, мә­дениет қалыптастыру арқылы ғана ажырасу көрсеткішін төмендете ала­мыз. Отбасын сақтау – мемлекеттік инс­ти­тут­тардың ғана емес, әрбір азаматтың са­налы әрекетіне байланысты. Заң – шең­бер, ал сезім мен жауапкершілік – мазмұн. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана отбасы – шынайы құндылыққа айналады.

Айдана НҰРМҰХАН