in

«Мүлдем келіспеймін»: актер қазіргі жастардың театрға деген көзқарасы жайлы айтты

Қазіргі жастар театрға аз барады деген пікір бар. Актердің өздері бұған қалай қарайды? Көрермендермен кері байланыс бар ма? Бұл сұраққа актер Ілес Көпбосын жауап берді.

– Негізі мүлдем келіспеймін. Қазір қазақ театрында жастардың легі өте көп. Қазіргі жастар өте білімді, қызығушы­лықтары артуда. Қазір әлеуметтік желі­нің дамыған заманы. Бүкілін көріп, біліп, үйреніп келеді. Өзім театр актері болғаннан кейін көбінесе қазір жастар театрға ағылып келеді деп айта аламын. Себебі өзім әрбір спектакльдерден кейін жастардың залда лық толып отырғанын көргенде өз басым қатты қуанамын. Жастардың театрға деген ынтасы төмен емес, тек олардың өмір салты, ақпарат қабылдау формасы өзгерді. Бүгінгі жа­стар жылдам ойлайды, визуалға, эмо­ция­ға тез әсер етеді. Сондықтан қойыл­ымдарда баяндаудан гөрі әрекет, лек­циядан гөрі шынайы оқиға, көп сөзден гөрі жүрекке жететін бір образ маңыз­дырақ болып барады.

Бір кездері қойылымға келген мек­теп оқушыларының ішінен театрға ға­шық болған жастарды байқадым. Кейін солардың кейбірі актер болуға ниет біл­діріп, өнер жолын таңдады. Бұл – біздің ең үлкен жеңісіміз. Демек, жастар театрға келмейді емес, олар театрдан өз әлемін көргісі келеді. Сол үшін біз за­ман­мен үндесіп, олардың жан-дүниесіне жол таба білуіміз керек.

Жастармен кері байланыс тек пікір ретінде ғана емес, кейде жанды диалог­ке, ашық әңгімеге ұласады. Бір қойыл­ым­нан кейін бір топ студентпен сөйлесіп қалдық. Олар рөлдің ішкі иірімдерін, сахнадағы кейіпкердің психологиялық сәттерін талдап берді. Мен таңғалдым. Өйткені біз кейде жастар тек TikTok көреді деп ойлаймыз, бірақ шын мәнінде олардың ішкі ізденісі, талғамы терең болуы мүмкін. Тек соған жағдай жасау керек. Сол үшін мен жиі айтамын: біз жастарға баруды доғармауымыз керек. Театрда отыруын күтпей, мектепке, университетке барып, ашық кездесулер өткізуіміз керек. Жастармен тікелей байла­н­ыс орнағанда, олар театрдың да, актердің де тірі адам екенін көреді. Содан кейін сахнадағы сөз де, сезім де оларға шынайы естіледі.

Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.