in

Мобильді бекеттер мал ұрлығымен күреспек

Өңірде мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерінің мүлкін қорғау мақсатында 15 қыркүйектен бастап республикалық және облыстық маңызы бар автожол­дарда 20 мобильді бекет жұмыс істеуде.

Мобильді бекеттердің негізгі мінде­ті – ет өнімдерін тасымалдайтын көлік­терді тексеріп, олардың құжаттарының заң талаптарына сәйкестігін бақылау. Тексеріс жұмыстарына патрульдік поли­ция, учаскелік инспекторлар және кри­миналдық полиция қызметкерлері жұмылдырылған.

Алғашқы бес күн ішінде тәртіп сақ­шылары 2 мыңға жуық автокөлікті тек­серіп, тасымалданған ет өнімдерінің құжаттарын бақылаудан өткізді.

– Күзгі соғым маусымының жақын­дауына байланысты жайылымнан мал ұрлығы жиілейтін кезең. Сондықтан мо­­бильдік бекеттердің жұмысы қылмыс­тың алдын алуға бағытталып отыр. Шаруа қожалықтарының иелері мен ет тасымалдаушыларға түсіністікпен қарап, полиция қызметкерлерімен ынтымақта­суды сұраймыз, – деді Қарағанды облы­сы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орын­басары Мейіржан Сламбеков. 

Мал ұрлығы халықтың қызылсырап, күздік пен соғым уақытында өрши түсе­тіні бар. Былтыр облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліп, 147 мал қолды болған. Оның ішінде 64-і – жылқы, 44-і – сиыр, қалғаны ұсақ мал болған. 

Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде 95 бас мал табылып, иелері­не қайтарылды. Статистикаға сүйенсек, 19 жағдайда мал жайылымнан қараусыз жүрген жерден ұрланған, ал 6 дерек мал қорадан қолды болу фактілеріне қатыс­ты. Сонымен қатар кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 18 адамнан құралған 4 қылмыстық топ ұсталып, олардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды.

Ұрлық кейде бірден ашылмайтыны да шындық. Полицейлер Қарағанды облысында алты бас малды ұрлау факті­сін ашқан еді. Мамырда ашылған іс қыс­­та жасалған болатын. Әрине, жүр­гізілген шаралар өз нәтижесін берді. Қыс­та Қарағанды облысы Ғ.Мұстафин атындағы кенттің полиция бөлімшесіне ауылдың 56 жастағы тұрғыны ұрлық туралы арызбен жүгінді.

Өтініш берушінің айтуынша, оның қорасы екі рет қылмыстық шабуылға ұшы­раған. Алғаш рет шабуылдаушылар күздің басында үш қошқарды ұрлап, біраз уақыттан кейін қайта кіріп, тағы үшеуін ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 480 мың тең­гені құрады. Жедел-іздестіру іс-шара­лары­ның нәтижесінде полицейлер кү­дік­тілердің жеке басын анықтады. Олар 24 жастағы қала тұрғыны және 19 жас­та­ғы ауыл тұрғыны болып шықты.

Малды ұрлау фактісі бойынша қоз­ғалған қылмыстық іс шеңберінде жауап алу барысында ұсталғандар мойындау айғақтарын берді. Олар тергеу-жедел тобына қылмыс жасау тәсілін егжей-тегжейлі сипаттап, жануарлардың өлек­селерін кесу орындарын көрсетті.

Ал Нұра ауданында шаруа қожалы­ғының иесі жеріне түскен жылқыларды қырып тастады. Егіні орылған алқапта жайылған бір үйір жылқыны бақташы қарап жүрген екен. Бақташының айту­ынша, көлігімен құйғытып келген шаруа қожалығының иесі оқты қарша борат­қан. 

Жылқылар мен бақташы жан-жаққа қаша жөнелген. Диқаншы қатарынан 17 бас жылқыны атып тастапты. Оның іш­ін­де үшеуі ғана аман қалған. Арам қатқан 14 жылқы ит-құсқа жем боп, сайын да­ла­да сасып қалды. Оқиғадан кейін поли­ция қожалық иесінің көлігінен оқ-дәрі тапқан. Ал мылтық жоқ болып шықты. Куәгерлер күдіктіде қару болғанын рас­тады. Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

– Бөтеннің мүлкін қасақана жою фак­тісі бойынша қылмыстық іс қозғал­ды. Аталған қылмысты істеді деген кү­дікпен полиция қызметкерлері 53 жаста­ғы Нұра ауданының тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр, – деді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Бұл бірінші оқиға емес, бұған дейін үш жыл бұрын Қарағанды облысындағы Тұзды ауылында шаруа қожалық иелері егінге түскен малды атып тастаған бола­тын. Мал ұрлығы ауыр қылмыс саналады. Солай болса да басқаның бағарына сұқтанушылар азаяр емес.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы