Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға қабылдау науқаны басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Модульдік оқыту негізгі жұмыстан қол үзбей өз құзыреттерін арттырғысы келетін азаматтарға арналған. Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді. Конкурсқа мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатыса алады.
Магистратура бойынша 1 жылдық екі бағдарлама қарастырылған: «Мемлекеттік басқару – Executive Master of Public Administration» және «Өңірлік даму – Master of Regional Development».
«Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасына үміткерлердің басшылық лауазымдарда кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасына түсушілердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 2 жыл болуы қажет. Осы жылы мемлекеттік қызметшілерге де модульдік бағдарламалар бойынша магистратураға оқуға түсуге мүмкіндік ұсынылды. Олар мемлекеттік органнан жолдаманы ұсынуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы қажет, – деді осы тақырыпқа арналған брифингте академия ректоры Ерлан Әбіл.