in

Мақсат Оспан, режиссер: «Әмеңгердің» мақсаты басқа

Бірі ескі салтты дәріптеді десе, енді бірі ұрпақ жалғастығын, бауыр арасындағы аманат пен жауапкершілікті көрді. Әмеңгерлікпен қосылған қайынаға мен келіннің некесі жалған екені, інісінің аманатына қиянат жасамаған ағаның әрекеті көрермен эмоция­сын толқындатып отырады. Біз «Әмеңгер» киносының режиссері Мақсат Оспанмен сұхбаттасқан едік. Режиссер бұл картинаны түсіру арқылы қазақы болмыстағы намыс, бауыр арасындағы мейірім сынды ұғымдардың бүгінгі қоғамдағы орнын көрсетуді мақсат еткенін айтады.

– «Әмеңгер» киносындағы кейіпкерлердің өмірде прототипі бар ма?

– Бұл фильмнің идеясы аяқ астынан туған жоқ. Алдымен Kinopark-тың басшысы Алмас Малдыбай бізге түрлі тақырып ұсынып, Tiger Film және Our Media Group компанияларымен бірлесе отырып, ұлттық мазмұндағы, қоғамға ой салатын туынды түсіруді ұсынды. Сол кезде әмеңгер тақырыбы қозғалды. Бұл – терең әрі қоғамда әлі күнге дейін астыртын өмір сүріп келе жатқан құбылыс. Алмас Малдыбайдың осы идеясы шығармашылық топта қызу талқыланып, нәтижесінде фильм түсіруге шешім қабылданды.

Түсірілім жұмыстары Алматы облысы Ұзынағаш өңірінде өтті. Барлығы екі аптаға созылды. Шыны керек, түсірілімге кіріспес бұрын көп ойландық: «Фильмнің атын қалай қоямыз? «Әмеңгер» дейміз бе, әлде «Ағама аманат» дейміз бе?» деген сұрақтар көп талқыланды. Себебі алғашқы трейлер жарық көрген сәттен бастап-ақ әлеуметтік желілерде түрлі пікір мен түсінбеушілік туындай бастады. Бірі «тоқалдықты насихаттап жатыр» десе, енді бірі «дәстүрге тым ескішіл көзқарас» деп сынады. Әрине, бізде де «көрермен қабылдай ма, жоқ па?» деген күмән болды. Бірақ біз тәуекелге бардық. Себебі фильмнің түпкі идеясы – тоқалдықты емес, бауыр арасындағы аманат пен жауапкершілікті, қазақы мейірімділікті көрсету еді. Әмеңгерлік  өз дәуірінде жетім-жесірді жылатпау, отбасын, ұрпақ сабақ­тастығын сақтау жолы болған. Ал оны бүгін қоғам қалай қабылдайды, көрерменге қалдырдық.

Түсірілімнен кейін кинодағы оқиғаның бәрін шынайы өмірде де байқадық. Түркістанда киноның жабық көрсетілімі кезінде көрермен залында бір әйел келіп, бас кейіпкер Индира Құлмағамбетті құшақтап тұрып: «Мен өзімді көргендей болдым. Мен де үш баламмен әмеңгерлік арқылы тұрмысқа шыққам. Қазір бақыттымын», – деді. Сол сәтте біздің фильмнің өмірмен үндескенін, көрермен жүрегіне жеткенін сездік. Сонда бұл қазір де айналамызда «Алтынайдың» бар екенін, әлі де өмір сүріп жатқанын білдіреді.

– Алтынайдың ағасы Бекболат «Қазір­гі жігіттер феминизм мен дәстүрдің арасында­ғы түрмеде қамалып отыр» дейді ашынып. Бұл сөздің түпкі мағынасын қалай түсінді­рер едіңіз?

– Бұл сөз жай ғана диалог емес, бүгінгі қоғамдағы шынайы жағ­дай­дың көрінісі. Бұл ойды автор әдейі өткір формада берді. Себебі фильм соңында күтпеген интрига тудырумен қатар көрерменді терең ойға жетелеу көзделген еді. Яғни, көрерменді соңына дейін шатастырып, Архатты ұмыттыруға тырыстық, өйткені бұл көрерменнің эмоциялық әсерін күшейтудің амалы. Қазақ бұрыннан ел-жұрттың сөзінен, өсек-аяңнан қорқатын халық емес пе? Жаңағы ойдың астары тікелей екі ағаның да отбасы алдын­дағы намысын үнсіз түсіндірмек. Бұл бір жағынан ұлт болмысындағы ең нәзік әрі күрделі тұстардың бірі. Фильмде ағасының ашуы да осы түпкі сезімнен туады. Ол – бауырын жамандықтан қорғағысы келетін, әулеттің абыройын сақтағысы келетін ағаның ішкі күйзелісі. Сол арқылы біз қазақ отбасындағы намыс, бауырмалдық және «ұят» ұғымының адам тағдырына қалай әсер ететінін көрсеткіміз келді.

– Киноның соңында көрермен күтпе­ген интригаға тап болды. Сонда екі жұптың қайта қосылуы дәстүрлі хэппиэндпен аяқталуын білдіре ме? 

– Қазіргі көрерменнің талғамы өскен, көпшілігі кинодағы оқиғаның өрбуін алдын ала сезіп, тіпті соңы қалай аяқталатынын болжай алады. Ал шетел кинолары көбіне тосын бұрылыстармен, күтпеген шешіммен көрерменді таңғалдырып отырады. «Әмеңгер» фильмі де дәл осындай тәсілмен көрерменін елең еткізді. Киноны тамашалағандардың көбі оқиғаның қалай аяқталатынын өз ойынша елестетіп отырды. Бірақ соңғы сәтте бәрі күтпеген бағытқа бұрылып, көрерменнің ішкі сенімін бұзады. Фильм бойы драма мен психологиялық шиеленіс қатар өрбіп, соңында бәрі күтпеген шешімге ұласады.

– Фильмде маскулизмнің проблема­сын меңзеу бар. Бекболат пен Жанат арқылы «аға» болудың қиындығы, ер адамның ішкі күйзелісі көрсетілді. Бұл әсіре феминизм­ге деген фильм арқылы көрсетілген ішкі про­тест емес пе?

– Шыны керек, түсірілім барысында аға мен қарындас, аға мен іні арасындағы қарым-қатынас ерекше үйлесім тапты. Себебі екі ағайынды кейіпкердің де бойында өзінен кейінгі бауырларына деген шынайы мейірім мен жауапкершілік бар еді. Бұл шынайылық экранда да көрініс тапты.

Бекболаттың бейнесін көрермен тым қатал деп қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл – режиссерлік әрі шығармашылық топтың саналы шешімі. Өйткені ата-ананың орнын басқан ағаның жұмсақ болуға қақысы жоқ. Ол – тәртіптің, жауапкершіліктің, тіпті кейде қаталдықтың символы. Ал Жанаттың образы арқылы біз мүлде басқа қырды, кең пейілді, мәрт, бауырмал ағаның бейнесін көрсеткіміз келді. Осы екі кейіпкердің қарама-қарсы мінезі арқылы біз қазақы отбасындағы ағалық борыш пен бауыр арасындағы байланыс, сүйіспеншілік пен сабыр сияқты құндылықтарды көрерменге жеткізуді мақсат еттік.

– Қазір көрермен пікірі екіге бөлінген. Киноға не үшін сын айтылып жатыр деп ойлайсыз? 

– Киноны экранға шығармай тұрып-ақ, біз оның қоғамда түрлі пікір туғызарын, тіпті кей тұстарда талас тудырарын іштей білдік. Дегенмен тәуекелге баруға бел будық. Себебі біздің мақсат – тек көрерменді таңғалдыру емес, бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрімізді бүгінгі қоғам қалай қабылдар екен деген сұрақты қойып көру еді. Сонымен бірге әлемдік киноиндус­триядағы батыл тәсілдерден де алшақ кеткен жоқпыз. Мысалы, шетелдік фильмдерде кейіпкерді жер астында көміп, бірнеше сағат бойы түсіретін көріністер бар – бұл сценарийдің күші мен актердің шеберлігін сынайтын ерекше тәсіл. 

– «Әмеңгер» кинотеатрларда көрсетіле бастағаннан тура 1 апта өткен соң «Жұмбақ қыз» киносы да көрерменге ұсынылды. Сонда екі жобаны қатар алып жүрдіңіз бе? Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– «Әмеңгер» фильмінен кейін араға көп уақыт салмай, «Жұмбақ қыз» атты жаңа туындыны түсіруге кірістік. Бұл – 5-студия ТV PRODUCTION директоры Толқын Сейдоллақызының продюсерлігімен жарық көрген романтикалық комедия. Әуелде екі фильмнің шығу мерзімі бір-біріне кедергі келтіріп, көрерменнің назарын бөліп жібере ме деп алаңдағанбыз. Алайда керісінше, екі картина да өз көрерменін тауып, жақсы қаралым мен табыс жинады. Романтикалық комедия жанры – өзіме ерекше жақын бағыт. Менің фильмдерімнің көбінде ауыл өмірі, ауылдың адамдары мен олардың қарапайым, бірақ шынайы болмысы бейнеленеді. Сондықтан қандай кино түсірсем де ауылдың тыныс-тіршілігі, адамдарының мінезі, ұлттық болмысымыз жиі көрініс табады.

Қазір Tigеr Film және Our Media Group компанияларымен бірлесе отырып, жаңа «План Ш» атты комедиялық фильмді дайындадық. Бұл туынды жақын күндері «Аватар» фильмімен қатар көрерменге жол тартпақ. Картинада қазақ сахна өнерінің майталмандары Уәлибек Әбдірайымов, Жүсіп Ақшора, Бауыржан Ибрагимов, Дәурен Жұмаділов, Берік Тұрсынбеков сынды танымал театр актерлері ойнайды. «План Ш» – отбасылық құндылықтар мен ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастарды әзіл мен өмір шындығын шебер ұштастыра отырып бейнелейтін картина. Сол себепті бұл фильмнің де көрермен жүрегінен орын алары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ