Өзіңмен күрес өлгенше
Бұл тіркес – ультромарафоншы Марғұлан Ермағанбетұлының өмірлік ұраны. Оның айтуынша, марафонда бокс, күрестегідей қарсыласыңмен емес, өзіңмен күресесің. Қорқынышыңмен, жалқаулығыңмен бетпе-бет келесің. Осылайша, ерік-жігерің шыңдалады, физикалық-психологиялық тұрғыдан мығым боласың. Марғұлан Ермағанбетұлы – Алтай мен Атыраудың арасын жүгіріп өткен. Оның бастамасымен Nomad run қозғалысы ел ішін аралап жүгірген. 7 500 шақырымды өзара бөліскен марафоншылар қозғалысы Қазақстан рекордтар кітабына кірген.
Қызығы, марафоншы Уинстон Грум романы желісімен таспаланған «Форрест Гамп» фильмін көргеннен кейін жүгіруге асық болған. Жұмыс бабымен Мәскеуге барғанында жүгіруге қатысқан. Одан кейін Астанада 42 шақырым марафонды еш дайындықсыз жүгіріп өткен. «Осыдан ағзама біраз салмақ түсті, ауыр болды» деп отыр. Әйткенмен, марафоншыда база бар. Өйткені ол 9 жасынан күреспен, дзюдомен айналысқан. Бала кезінен Ұлытауды бетке алып жүгіріп өскен өрен алыс қашықтықты бағындырарын білген. «Қазір дайындықсыз жүгіруге болмайды. Физикалық күйіңді тексеріп алғаның дұрыс. Артық салмақпен күресіп жүрген, бұрын ауырған адам болса, жүгіруді бапкермен бастағаны абзал» дейді ол.
Үлкенді-кішілі марафонға қатысып, шетел аралаған соң Қазақстанды аралап, жүгіруді мақсат еткен. Одан бұрын 4 үлкен марафонға қатысып, 2 триатлонға (қыста жүгіру, вело, шаңғы, жазда жүзу, жүгіру), 3 дуатлонға (жүгіру, вело, жүгіру) қатысқан. Ел ішін араламас бұрын 10 шақырым жүгіріп, дайындалған. Сол үшін ультромарафоншы «кез келген іске бел байламас бұрын, дайындығыңды пысықтап алған дұрыс» дейді. Алғашында «Алтай мен Атырау» арасын жалғыз жүгіріп өтемін деген ол Ақтөбе өңіріне жетіп, тоқтаған. Себебі денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен екен. 2022 жылы Алтайдан Ақтөбеге дейін жүгірген ол кейін ел ішін түгел аралау үшін жолдастарын жинаған. 7 500 шақырымды бес адам бөліп алып, әрқайсысы 1 600 шақырым жүгіріп өткен. 2023 жылы Бәйтеректің түбінен тарқасқан олар Каспий теңізінде түйіскен. Бір айдың ішінде 18 қала мен аудан орталығын, 100-ден аса ауылды басып өткен. «Спорт адамдарды біріктіретініне сонда көзім жетті» деп отыр кейіпкеріміз. Қазақстан ішін екі рет аралап жүгіргенде түрлі жағдайға тап болыпты. Жол таппай адасып, су таппай шөлдеген кезі болған. Бірде жаңа кроссовкасы жыртылып қалған. Екібастұзға жете бергенінде желаяқ жігіттер күтіп алып, дүкенге апарып жаңасын сатып әперген екен. Павлодар облысына жеткенінде алдынан 74 жастағы Өмірзақ ақсақал күтіп алып, түн жарымына қарамай, ет асып, қонақ еткен. Қай жерде жүгірмесін көлікпен кетіп бара жатқан адамдар тоқтап, қолда барын ұстатқан. «Осыдан‑ақ елдің спортқа көзқарасын, демеуін түсіндім» дейді ол.
«Ауыл-аймақта, аудан орталықтарында қысқа қашықтыққа жүгіру марафонын өткізу керек. Кез келген азамат 5 шақырым қашықтыққа жүгіре алады. Бір рет жүгіріп көріңізші, әсері біразға дейін тарқамайды. Осы мәселені көтеріп, Спорт және туризм министрлігіне де сұрау салғанбыз. Марафонға жүгіруді облыс, қала, аудан мен ауылда қолға алса деп өтініш білдіргенмін. Иә, қазір марафонға жүгіру трендте. Себебі жарнамасы жер жарып тұр, оның үстіне қолжетімді спорт түрі. Ыңғайлы аяқкиімің бар ма, жүгіре бер. Салауатты өмір салтымен дос болсаң, өмірің өзгереді», – дейді Марғұлан Ермағанбетұлы.
Қазір кейіпкеріміз отбасымен бірге жүгіреді. Олар демалыс күні сауда ойын-сауық орталығына барғаннан гөрі, саябақта жүгіруді таңдайды. Оның айтуынша, ересек үш баласымен қоса 5 жасар ұлы да жүгіруді қолға алған. «Әке мен анасы үлгі болса, балалары да көшке ілеседі. Олар жүгіруден ләззат алуды, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсінеді» дейді ол.
«Мүлдем жүгіріп көрмеген азамат та басқа қырынан танылуы мүмкін. 40-50 жасынан бастап марафон жүгіріп жүргендерді білеміз. Физикалық жағдайы жақсы адам кез келген қашықтыққа жүгіре алады. Ал бұрын ауырған, семіздігі бар адам, қорқынышы бар адамға бапкер керек. Жалпы, кез келген спортта бапкер болғаны жөн. Қазақстанды екі мәрте айналып жүгірдік. Еліміз алақандай жер емес, жер көлемі жөнінен әлемде 9-орында тұр. Осы қашықтықты бағындырған соң, неге басқа елде жүгірмеске деген ой келді. Мақсатым – Еуропаны шығыстан батысқа қарай жүгіріп өту. Іске асыру ғана қалды. Қазір демеушім жоқ. Оның үстіне уақыт жетпеген соң кейінге қалды. Дайындық ақырындап жүріп жатыр. Келер жылы жоспарым іске асады деп ойлаймын», – дейді кейіпкеріміз.
Жүгіріп жүріп тынығады
Марафон бастаушыға бапкер керегіне көз жеткіздік. Осы турасында бірнеше бапкермен сөйлестік. Соның бірі – Әлімжан Балтабек, кәсіби бапкер. Астанада арнайы клубта марафоншыларды баптайды. Жүгіру техникасын қойып, әр қатысушыға жеке бағдарлама жасайды. Жарысқа дайындап, төзімін сынап көреді. Қазір клуб қатысушылары күзде өтетін Ыстанбұл марафонына дайындалып жатыр. Үзілісте бапкермен аз-кем сұхбаттастық.
«Иә, дені сау кез келген адам марафонда жүгіре алады. Ал 42 шақырымды бағындыру үшін кемінде 4 не 6 ай дайындалу керек. Жүйелі түрде аптасына 4-5 рет жүгірген дұрыс. Біріншіден, алғаш рет марафонға жүгіретін адам денсаулығын тексеруден өткізсін. Жүрегінде ақау жоқ па, қан-тамырын тексертуі керек. Әуесқой спортшы болсын, кәсіби болсын жылына екі рет чекап өткені дұрыс. Денсаулығыңызда кедергі болмаса, бапкермен дайындалуға көшіңіз. Кез келген істі маманмен бірге бастасаңыз, өнімдірек болады. Бапкер оған жұмыс уақыты, күн тәртібіне қарай жоспар құрып, марафон уақыта ыңғайлап қай қашықтыққа жүгіретінін бекітеді. Бапкер нұсқауын әркез есіңізде ұстаңыз. Марафонда алғаш рет жүгіруді ойға алсаңыз, асықпай, қарқыныңызды жоғалтпаңыз. Есіңізде болсын, марафонда ұзақ қашықтықты бетке аласыз. Жолда біреудің аяғы тартылып, іші құрысып қалуы мүмкін. Қазір көбі дайындалмай-ақ 42 шақырым марафонға қатысады. Ішінен «5 сағат не 6 сағатта болсын қашықтықты бағындырам ғой» деп ойлайды. Бұл – үлкен қателік», – дейді Toptugas жүгіру клубының бапкері Әлімжан Балтабек.
Бапкердің айтуынша, дайындықсыз жүгірудің соңы жарақатқа әкеледі. Мәре сызығын кескен соң, аяқ тартылып, тізесі сыр береді. Бұдан кейін келесі марафонға қатыса алмауыңыз да мүмкін. Оның үстіне, жүрекке үлкен салмақ саласыз. Ағза осынша ауырлықты көтере алмауы мүмкін. Бапкеріңіз болмаса да, аптасына 4-5 рет қысқа қашықтыққа жүгіруден бастаңыз. Әлімжан Балтабектің айтуынша, ақырын темппен бастап, жүрек соғысы төмен адамдар сирек дайындалса да жетіп жатыр.
Әлімжан Балтабектің өзі жартылай марафоншы, спорт саласында арнайы білімі бар. Алда толық марафонға қатысып, қалауындағы қашықтықты бағындырғысы келеді. Ол жақында, 8 шілде күні Екібастұзда өткен жартылай марафонда 5 шақырым қашықтықта топ жарды.
«Жеңіл атлетикаға келген спортшылар көбінесе орта қашықтықта жүгіреді. Одан кейін өсе келе, ересектерге ауысқанда 5 шақырым 10 шақырымға ауысады. Кейбір спортшы 800 метр 1.5 шақырым қашықтықта қалады. Өзім орта қашықтықтан ауысып, ұзақ қашықтыққа жүгіріп жүрмін. Көбінесе, 10 шақырым, 21 шақырым қашықтыққа жүгіремін. Денешынықтыру және спорт мамандығын бітірдім. Балалар мен жасөспірімдерді жарысқа дайындаймын. Әуесқой спортшылар үшін жүгіру клубын құрдым. Ерлер мен әйелдер, студенттер дайындалып жүр. Үш адам қарашада өтетін Ыстанбұл марафонына дайындықты бастады. Арнайы қойылған уақытқа жүгіріп жүр. Мотивация бар, нәтижеге жетеді деп ойлаймын», – дейді ол.
Оның айтуынша, карантиннен соң марафонға жүгіру жарысы көп ұйымдастырылады. Осыдан 10 жыл бұрын ілу де бір өтетін. Өңірлерде де, ауыл-аймақта да жүгіруді қолға алғандар барын айтады. Артық салмақтан арылу үшін, дисциплина қалыптастыруды қолға алғаны бар. Әлімжан бапкер 5-6 жылдың ішінде түрлі адамды кездестіргенін еске алды. «Кезінде мектепте денешынықтыруға қатыспай, марафонға жүгіріп, қиын қашықтықты бағындырып жатқандар бар екен. Оның сөзінше, Астана қаласының өзінде оннан астам жүгіру клубы бар. Әр клубтың өзінше атмосферасы бар. Қатысушылар жұмыстан келіп, шаршағанын ұмытып, бір сәт тынығады. Жүгіріп жүріп стресін шығарады. Көңіл күйін көтереді, энергия алады. Сол үшін марафонға жүгіру өмір салтына, қала берді трендке айналды деп ойлаймын», – деп сөзін аяқтады ол.
Айзат Айдарқызы