Болгария астанасы София қаласында көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жекелей жаттығуларындағы финалдық кезеңі өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің ақпаратына сәйкес.
Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева турнирдің басты жеңімпазы атанды. Ол іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, үш бірдей финалға жолдама алған еді. Ақмарал осы үш жаттығудың бәрінде жүлдегер атанды.
Ол доппен орындалатын жаттығуда топ жарып, алтын медаль еншіледі. Артынша лентамен орындалатын бағдарламаның финалында да үздік атанып, екінші алтынға қол жеткізді. Сонымен қатар ол шеңбермен орындалатын жаттығуда күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ Айғаным Рысбек булавамен жаттығуда бесінші орын алды.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева – көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен санаулы қазақстандық гимнаст қыздардың бірі.
Ол екі алтын, бір күміс медаль иегері атанды. Алдымен доппен жаттығуда топ жарып, кейін лентамен өткен финалда жеңіске жетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.