in

Көлеңкеде қалған кесене

Тарихқа көз жіберсек, Мойынқұм ауданы, Кі­ші Қамқалы ауылының маңындағы Құра­­лай сұлу кесенесі – XVIII ғасырдың ая­ғын­да бой көтерген тарихи һәм мәдени мұра. Аңыз бойын­ша дүйім жұртқа әділдігімен құрметті бол­ған қа­зақтың Монтай атты биі болыпты. Бірақ Мон­тайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қа­лың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыр­гелді есімді ұл туады. Монтай бидің шаттығы ұзаққа созылмайды. Жал­ғыз ұлдары жас­тай қайтыс болып, ер мен елдің көңі­лі құла­зиды. Елі биді жұбатуға жиылғанда Мон­тай би бір кісіден төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден жай­лы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, ар­найы бай­ды іздеп барады. Келден бай да әділ би Мон­­тай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүр­­ген екен. Келден ауылына келген биді қуана қар­­­сы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел ар­ман­сыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айт­паған ар­манын Монтайға тарқатып, бір сыр­дың шетін шы­ғарады.

Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс бол­­ған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауы­лына қал­мақ шабуыл жасап, он үш жасар Келден жау соңы­нан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп қол­ға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұт­­қынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, мейі­рімділігі мен ақылдылығы күл­лі жұртты сүй­сін­діріп, ер атаулыны ынтық ет­­кен еді.

Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұт­­­­қын­дардың бәрін босатуға әмір етеді. Бірақ мәселе қазақ батырына келгенде, оны ал­дына алып келуін бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын бол­са ғана боса­та­тын­дығын айтып, ант беруін та­лап етеді. Дұшпанға ант беруді намыс көрген Кел­ден қалмаққа дос бол­­майтынын, өлгенше күресетінін айтады. Осы әре­кеті үшін хан оны  қамауда ұс­тай­ды. Ертесі күні таң ата батырды әлдекім түр­тіп оятып, босатып алады. Қараса, Құралай сұлу екен. Құралай сұлу ба­тырға шешесінің қа­зақ қызы екенін, он бес жа­сын­да қалмақ қолына тү­сіп, Сейқын хан қазақ қы­зының асқан сұлу­лы­ғына қызығып әйелдікке ал­ғаны, шешесінің қал­маққа қор болып, еліне де­ген сағынышы мен ма­хаббаты үшін шерменде хал­­де дүние салғаны жайлы мұңын айтады. Ше­ше­сіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өш­пенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген ана­сы­ның өсиетінің осы күнге дейін байыз тап­тыр­ма­ға­нын сөз етіп, елден бірге қашуын сұ­райды. Бір-бірін ұнатқан жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қу­ғын­шыларымен алыс­қан Келден оларды мерт қы­лып, кегін алады. Әрі қарай Келден батыр мен Құра­лай сұлу бір жер­де дамылдап алмақ болады. Әл­денеден сескенген Құралай бұл жерге аял­дамауды сұрағанымен, Кел­ден сол жерде тынығып алуды ұйғарады.

Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған ба­­тыр сәлден соң сұлудың жанұшырған даусын ес­ти­ді. Есі шығып, өзенге қарай жүгірген батыр Құра­лайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жол­барысқа садақ кезеп атып түсіргенімен, ба­тыр сүй­ген сұлуын құтқарып үлгермейді. Қа­пияда мерт бол­ған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып ке­ліп, кесене тұрғызады.

1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз-әң­­гі­мелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэ­­масын жазады.

– 1997-1998 жылдары бұл жерге арнайы ба­рып, ке­сенені көрген едім. Сол кезде құлама­ған бір бо­са­ғасы ғана қалыпты. Нобайы сол ай­мақ­та­ғы ке­се­нелерге ұқсас, биіктігі 3 метрдей бо­ла­тын. 1982-85 жылдары Мәскеудегі орталықтың рұқ­сатымен қазақ құсбегілігіне арналған фильм Мойынқұм ау­данында түсірілді. Мен түсірілім жү­ріп жатқан жұмыс тобының басы-қасын­да­мын. Бір күні сол кезде ауданды басқарып тұрған Айт­бай Назарбеков қасыма келді. Келе сала құлағыма сыбырлап: «Ана киноға түсірушілерге  Құралай сұлудың кесенесін көр­сет, ма­хаббат символы екенін түсіндір, мүмкін бол­са бей­нетаспаға кесенені түсіріп алсын, ертең ор­нын да таппай қалуымыз мүмкін. Өскелең ұр­пақ­тың ұлық­тағанына жақсы болады», – деді. Сол сөз көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Ақыры бұл оқи­ға «Құралай сұлу» аңшылық шаруашылығын ашуыма себепкер болды, – дейді cаятшы, этнограф Жапар Тілеужанұлы.

Тарихтан сыр шерткен Құралай сұлу кесенесі 1996 жылы құлап қалғанымен, 2014 жылы «Мә­­дени мұра» бағдарламасы ая­сын­да қайта қал­пы­на келтіріледі. Мазардың бас­тап­қы болмысын сурет­­ші Айдархан Сихаев бұзбай, биіктігі 9,5 метр­ге жететін кесене тұрғызады. Со­нымен қа­тар Жам­был облыстық мәдениет бас­қармасының қара­ма­ғына алынған бұл нысан бүгінде мем­ле­кет­тік қор­ғаудағы тарихи-мәдени ескерткіш мәр­тебесіне ие. 

Бүгінде Құралай сұлу кесенесіне жету қия­мет қайым. Құмның ортасында орналасқан тари­хи орын­ға апарар жолдың сапасы сын көтер­мейді. Осы орайда Құралай сұлу кесенесіне инфра­құры­лым жүр­гізу жұмыстары жоспарда бар-жоғын біл­мек мақсатта Мойынқұм ау­даны әкімдігіне хабар­ластық. Алайда онда­ғы­лар мардымды жауап бермеді. Амал жоқ, анық-қанығын бір білер де­ген оймен облыстық Тари­хи-мәдени ескерт­кіш­тер­ді қорғау және қалпына кел­тіру дирек­ция­сы­ның есігін қақтық. 

– Негізі Құралай сұлу кесенесі біздің ме­ке­ме тара­пынан барынша қорғалуда. 2017 жылы кесене «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында геог­ра­фия­лық картаға енсе, 2025 жылы «Жер­гі­лік­ті маңызы бар тарихи және мәдени мұралар» бағдарламасы шең­берінде мемлекеттік тізімге алын­ды. Енді ке­сенеге инфрақұрылым тартып, айналасын абат­тан­дыру билік өкіл­дері­нің еншісінде. Мойынқұм ау­даны әкімдігі бұған қазынадан қаржы қарай ал­майтыны анық. Бүгінде Жамбыл облысында 35 турис­тік тарихи нысан болса, олардың бірде-бі­реуінде жағ­дай жасалмаған. Тек Ақыртас қала­шы­ғын ғана абаттандыра алдық. Тіпті, ЮНЕСКО тізі­­міне енген Баласағұн қалашығының өзіне жағ­дай жасай алмай отырмыз. 

Тарихи орындарға туристерді тарту үшін, ең ал­дымен жол, жарық, су керек. Міне, осы мә­се­лені ше­шу үшін Жол картасын әзірлеу керек деп ой­лай­мын. Сол кезде ға­на өңірге туристер лек-легімен ағы­лып, эко­номикалық әлеуетіміз артып, тарихы­мыз­ды да төрткүл әлемге танытатын боламыз, – дейді Тари­хи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қал­­пына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев. 

Иә, байқап тұрсақ, өңірдегі туристік нысан­дар же­тімнің күнін кешіп тұр екен. Не қолдау, не қар­жыландыру жоқ. Сондықтан кесенелерді жаң­ғыр­туға мем­лекеттік Жол картасын әзірлеу қажет. Бір жағынан, келешекте туристерді тартып қазынаға тү­­сімді арттырса, екінші жағынан, жаңғырған ны­сан­дар келер ұрпаққа мол мұра болып қала­тын­дығы анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы