Қисынсыз тұжырымнан тұратын мұндай гу-гу сөзге ел неге құмар? Бұл психологиялық феноменнің түп-тамыры, терең мәнісі неде?
Шүбәға толы кеңістік
Бұл құбылысты саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар «Қастандық теориясы» немесе «Астыртын сөз байласу теориясы» деп атайтыны мәлім. Қазіргі ақпараттық кеңістікте ірі оқиғалардың әрқайсысы ресми түсініктемеден озып, сансыз «балама шындықтың» қаулауына себеп болады. Әлеуметтік желіде кез келген жаңалық бірнеше минуттың ішінде жүздеген жорамалға түрленіп шыға келеді.
Кейінгі жылдары Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған украиналық дрон шабуылдары осындай толқын туғызды. Интернеттің ресейлік сегментін пайдаланушылар: «дрондар Украинадан сонша қашықтыққа ұшып жете алмайды», «бұл шабуылдар Қытайдан немесе Қазақстаннан ұйымдастырылады», «мұнай бағасын көтеру үшін іштен өзіміздікілер соққылап жатыр, содан әдейі атып түсірмейді» сияқты пікірлерді жиі жазып жүр. Оның ешқайсысы нақты айғақпен бекітілмесе де, мыңдаған лайк, миллиондаған қаралым жинайды.
Сарапшылар Украинаның күн сайын жетілдіріліп жатқан ұшқышсыз ұшу аппараттарының мұндай қашықтықты және ресейлік әуе қорғанысы жүйелерін еңсеруі заңды екенін дәлелдесе де, көпшіліктің санасы астыртын сценарийге сенуге бейім. Ақпараттық кеңістіктегі осы күмән көршілес елдерге де салқынын тигізіп, күдікшіл аудитория Қазақстан мен Қытайды негізсіз «астыртын ойыншы» етіп шығаруға тырысты.
Ұқсас жағдай биылғы шілде айында Ресейдегі ірі тауар сақтау-тарату орталықтарына соққыдан кейін де қайталанды. Рунетте мұны Wildberries-дің бәсекелестерінің арам әрекетімен немесе жасырын келісімдермен байланыстырған пікірлер көбейді. Күні кеше компанияның Рязаньда орналасқан, аумағы 170 мың шаршы метрді құрайтын ультразаманауи мега-қоймасы өртенді. Бұл оның отқа оранған 7-ші ірі нысаны. Ол Мәскеу мен Мәскеу облысының нарығын ең сәнді, аса қымбат тауарлармен және техникамен қамтамасыз етіп келген. Сөйтіп, жанып, жермен-жексен етілген Wildberries қоймаларының жалпы аумағы миллион шаршы метрге жуықтап, Монако мемлекетінің жартысынан асатын көлемді құрады.
Әзірге украиналық дрондар ТМД аймағындағы басқа ірі маркетплейстер – Озон (Ozon) мен Яндекс Маркеттің қоймаларына тиіспеген. Осы теңсіздік бірден жаңа конспирологияны тудырды: «Уайлдберриз қоймаларын жоюды бәсекелестері тапсырыспен жасатып отыр». Өртеніп жатқан объектіні таспаға түсірген жумысшысының бірі видеода: «Қоймамыз жанып кетті, бірақ мен мұңаймаймын! Енді Озонға жұмысқа барамын, өйткені оған украиндар тиіспейді», – деп ағынан жарылады. Қарапайым жұмысшының бұл сөзі халық санасына конспирологияның қаншалықты терең орныққанының айқын көрінісі.
Мұндай құбылыс тек саясатпен, экономикамен немесе әскери оқиғалармен шектелмейді. Спорт әлемі де тыс қалмады. Екі аптадай бұрын футболдан Әлем чемпионаты аяқталған соң әлеуметтік желіде ФИФА-ның нәтижені алдын ала белгілеп қойғаны, халықаралық ұйымдардың жасырын келісімге барғаны туралы пікірлер кеңінен тарады. Алайда олардың ешқайсысы нақты айғақпен расталған жоқ.
«Испанияның ӘЧ-дегі жеңісінен кейін ғаламторда Аргентинаның неліктен финалда жеңілгенін түсіндіруге тырысқан жалған теориялар қаптап кетті. 4 миллионға жуық қаралым жинаған бір посттың авторы «FIFA-ға тек еуропалық чемпион қажет болды» деп табандайды. Оның дәйектеуінше, FIFA президенті Джанни Инфантино 2027 жылғы сайлауда қолдауы үшін UEFA-мен жасырын келісімге келген-мыс. Мұндай астыртын келісімнің еш дәлелі жоқ. Көпшілік Аргентинаның матч бойы қарсылас қақпасына бірде-бір рет дәл соққы бағыттай алмағаны сияқты шынайы спорттық факторды ескергісі келмейді. Мұның сыртында FIFA-ға мүше 200-ден астам қауымдастық Инфантиноны қайта сайлауды турнирге дейін-ақ қолдап қойған болатын», – делінген Euronews сюжетінде.
Мұнымен де тоқтамай, желі қолданушылары Аргентина құрамасының жартылай финалда Англияны жеңгеннен кейін «Фолкленд аралдары – Аргентинанікі» деген жазуы бар баннерді жайғаны үшін ФИФА олардың алдына «не финалда жеңілесің, не 10 жылға әлем чемпионатынан шеттетілесің», – деген ультиматум қойған», – деген жорамал да тарады. Оңтүстік-батыс Атлантикадағы Ұлыбританияның осы территориясы үшін 1982 жылы 74 күндік соғыс өткені тарихтан белгілі. Сонда Буэнос-Айрес десант түсіріп, аралды өз бақылауына алғысы келді, алайда британ әскерінен жеңіліс тапты. ФИФА-ның әлгі баннер үшін Аргентинаға ресми санкция салғаны, тіпті сес көрсеткені туралы бірде-бір нақты дерек жоқ.
Сананың қорғаныс механизмі
Мамандардың пікірінше, қастандық теориялары – бұл жай ғана біреудің үстірт сөзі немесе күлкілі қиялы емес. Бұл – қоғамдық сананың терең қатпарларында жатқан күрделі феномен.
«Жалпы, астыртын сөз байласу теориялары – адам психикасының белгісіздікке берген жауабы. Тұрақсыздық күшейгенде немесе қандай да бір халықтың, әлеуметтік топтың, әлде жеке индивидумның үйреншікті әлемі күйрегенде, адамдар қорқынышын азайтатын қарапайым түсіндіруді іздейді. Яғни бұл – үрей мен белгісіздікке қарсы табиғи психологиялық реакция. Геосаяси қақтығыс, экономикалық дағдарыс, пандемия, түбегейлі әлеуметтік өзгеріс адамдардың қауіпсіздік сезімін әлсіретеді. Осы сәтте «біреулер (ұлы күштер, жатпланеталықтар, масондар) жоғарыдан бәрін бақылап отыр» деген түсінік психологиялық жұбанышқа айналады. Тіпті кейбір адам өз әрекетін немесе әрекетсіздігін сонымен түсіндіріп, жауапкершілікті басқаға аударуға тырысады», – дейді тәжірибелі психолог Гүлзат Көпбаева.
Адамзат тарихында төтенше оқиғалар орын алған сайын, астыртын сөз байласу теориясы қатар өрбіп отырған. 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі егіз мұнараларға жасалған террорлық шабуылды «АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы демократияны шектеу және өзге елдерге басып кіру үшін ұйымдастырды» деушілер әлі де бар. АҚШ-тағы мектептердегі жаппай атыстарды (массшутинг) «азаматтарды қару ұстау құқығынан айыру үшін қойылған инсценировка» дейтіндер де кездеседі. Кеннедидің өлімі, бірер жыл бұрын өткен COVID-19 пандемиясы, әлемдегі түрлі лаңкестік шабуыл да конспирологиялық болжамдардың өзегіне айналады.
Осы мәселенің ғылыми шешімін табуға Лондон университетінің Аномалиялы психология ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, британдық ғалым Роб Бразертон (Rob Brotherton) ұзақ жылын арнады. Бүгінде Нью-Йоркте тұрып, ғылыми ізденістерін жалғастырып жатқан ғалым қастандық теориясының психологиясын терең зерттегені үшін психология ғылымдарының докторы атағын иеленді. Оның бұл бағыттағы көпжылдық еңбегінің қорытындысы ретінде «Күдікшіл сана: Біз неге қастандық теорияларына сенеміз?» (Suspicious Minds: Why We Believe Conspiracy Theories) атты бестселлері дүниеге келді.
Бразертон монографиясында конспирологияға дем беретін бірнеше басты психологиялық факторды атады. Бірінші-сі – қаһарман-әшкерелеуші рөлі. Конспирология адамға жай сырттай бақылаушы емес, «шындықтың бетін ашатын қаһарман» рөлін ұсынады. Бұл біздің архетипіміз мен болмысымызға сай келеді. Адамдар өзін оқиғаның шарасыз куәгері емес, жасырын зұлымдықты әшкерелеп, жақсылықтың жеңісіне үлес қосып жатқан «батыр» ретінде сезінгісі келеді.
Шындыққа жеткізер жол
Екінші фактор – біреудің қарау ниетін іздеу механизмі. Адам санасында кез келген әрекеттің артынан біреудің жасырын ойын іздейтін туа біткен түйсік бар. Көшеде әлдебір еркек кездейсоқ жанға гүл немесе шоколад ұсынса, бірден сезік туындауы мүмкін. Бұл уланбау, жамандыққа арандамау, эволюциялық тұрғыда аман қалу үшін қажет болғанымен, кейде ол тетік босқа іске қосылады, көңілде негізсіз алаң пайда болады.
Бұл феноменді 1944 жылғы «Хайдер мен Зиммель эксперименті» дәлелдейді. Ғалымдар Фриц Хайдер мен Марианна Зиммель сыналатын адамдарға 1,5 минуттық қарапайым, бейкүнә анимациялық фильм көрсетеді. Экранда тек қана геометриялық фигуралар – үлкен және кіші үшбұрыш, дөңгелек және «есігі» бар тіктөртбұрыш қозғалып жүреді. Ғалымдар қатысушылардан не байқағанын сипаттап беруді сұрайды. Нәтижесі таңғалдырды: аутизмі бар бір баладан басқа қатысушының бәрі жансыз фигураларға адамның эмоциясы мен мінезін телген. Олар үлкен үшбұрышты – «бұзақы, зәлім», кіші үшбұрышты – «қаһарман» немесе «құрбан», ал дөңгелекті «үйге кіре алмай, қорқып тұрған қыз» деп сипаттайды. Фигуралардың бейберекет қозғалысынан «қызғаныш», «үстемдік үшін күрес», «әлсізді қорғау» сияқты күрделі драмалық сюжет көрген. Бұл сынақ адам миының кез келген қозғалыстан белгілі бір мағына, себеп және жасырын астар іздеуге бейім екенін дәлелдеді.
Роб Бразертон қастандық теорияларының тағы бір психологиялық тұғырын «сәйкестік қатесі» деп түсіндіреді. Адам санасы ірі оқиғаның артында міндетті түрде ірі күш тұруы керек деп есептейді. Сондықтан тарихи салдары зор оқиғаларды жай ғана кездейсоқтықпен түсіндіру көпшілікке сенімсіз көрінеді. Бұған АҚШ тарихындағы қос оқиға айқын дәлел: Президент Джон Кеннедидің өлімі және Президент Рональд Рейганға жасалған қастандық. Екі жағдайда да жалғыз қылмыскер қолына қару алып, америкалық лидерді атты. Айырмашылық тек ақырғы нәтижеде: Кеннеди қаза тапты, Рейганға тиген оқ жүректен небәрі 25 миллиметрдей жерден өтіп, ол аман қалды. Кеннедидің өлімі АҚШ пен әлем тарихын өзгертті және ондаған конспирологиялық теорияға арқау болды. Рейганға жасалған дәл сондай қастандық конспирология тудырған жоқ. Себебі халық санасы «жалғыз психопат бүкіл әлемдік тарихты өзгерте алды» дегенге сенгісі келмейді. Ауқым-масштабтардың сәйкес келмеуі сананы жасырын қалған күштерді іздеуге мәжбүрлейді.
Бұған қоса адамдар көбіне өз пікірін қуаттайтын ақпаратты ғана қабылдап, оған қайшы келетін деректерді елемейді. Психологияда бұл құбылыс «растауға бейімділік» деп аталады. Әлеуметтік желілердің алгоритмдері адами психологияның дәл осы талмау тұсын дөп басып, қолданушыға өзі сенетін мазмұндағы контентті қайта-қайта ұсынып отырады. Кельн университетінің ғалымдары анықтағандай, тіпті кейбір адам біржақты дүниеден – өзі тыңдайтын блогерлерден, подкасттардан, посттардан, YouTube Shorts видеолардан жалығып, баламаларын іздей бастаса, алгоритмдер бәрібір айналып келіп, әлгі сүрлеуге кері оралтады екен. Соның салдарынан әлдебір оғаш жорамал нақты адамдар тобы үшін уақыт өте келе аксиомалы «ақиқатқа» айналады.
Цифрлық дәуірде әрбір адам тек ақпарат тұтынушы емес, оны таратушы да. Әр жарияланған пікір мен әр бөліскен хабар қоғамдық сананы өзгертеді. Барлық контентті бұғаттап, мемлекеттер екі елі ауыздың бәріне төрт елі қақпақ қойып шыға алмайды. Қастандық теорияларымен күресудің жолы – сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру.
Айхан ШӘРІП