Қолға тиген миллион теңгеге ол ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін киіз басу және ұсақ моншақ тоқу курстарын ұйымдастырады.
Наталья Воротынская – «Шебер-Теміртау» әлеуметтік қолөнер орталығының негізін қалаушы. Ол мүгедектерді оқытуды 2016 жылы бастаған болатын.
– Мен – киіз басу шеберімін. 2016 жылы мені Жұмыспен қамту орталығынан курстар жүргізуге шақырды және 90% көру қабілеті бұзылған адамдардан тұратын арнайы топты жинады. Мен үшін бұл алғашқы осындай тәжірибе еді, қиындықтар да болды. Бірақ бұл маған нәтижелі жұмыс істеуіме көмек болды. Мен ерекше мұқтаждығы бар адамдардың сапалы кәдесый қолөнер өнімдерін жасауы мүмкін екенін дәлелдедім. Осының арқасында Қазақстанда танымал бола бастадық. 2019 жылы біздің орталық «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысып «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» сертификатын алды, – дейді Наталья.
«Креативті инклюзия» жобасын дайындаған қолөнер шебері, ұтып алған гранттық қаражатқа он мүгедек адамды қолөнерге ғана емес, өз тауарын таныстырып, сатуға да үйретуде.
– Гранттық қаражат киіз басуға арналған материалдарды сатып алу үшін қажет. Олар өте қымбат. Сонымен қатар, тауарды таныстыру мәселесі әрқашан өзекті. Жәрмеңке ұйымдастыру, оған арналған құрал-жабдықтар табу оңай емес. Гранттық қаражат осы маңызды дүниелерді шешуге көмектеседі. Оларға мен 10 үстел, дастархан, орындықтар сатып аламын. Яғни, жәрмеңкенің барлық жабдықтары 10 адамға арналған, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ оның курсында тыңдаушыларға киіз басудан басқа, ұсақ моншақтарды тізбелеп, тоқуды, шам жасауды және сабын қайнатуды, әлеуметтік желіде парақша жүргізуді және өз өнімдерін сату мен көрсетуді ілгерілетуді үйретеді.
Натальяның айтуынша, қолөнер ерекше қажеттіліктері бар адамдарға өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға ғана емес, қосымша табыс көзіне қол жеткізуге де көмектеседі.
Осылайша, әлеуметтік жоба бірден бірнеше ортақ міндеттерді шешеді, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамға кірігуге және оның белсенді мүшесі болуға көмектеседі.
Айта кету керек, Қарағанды облысынан шағын гранттармен барлығы бес жоба белгіленді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы