in

Коуч қыздар дүниені өзгертті: манипуляция әлде мотивация

Бұл кеңістікте, әсіресе, әйел коучтардың белсенділігі көзге түседі. Біреуге олар – шабыт көзі, екіншілерге – күмәнді құбылыс болса, келесілер үшін коучинг табыс пен мансап. Біз тақырып аясында  ICF Kazakhstan Charter Chapter бөлімшесінің Этика және сертификация бағыты бойынша директоры, лингвокоуч Назгүл Күнбатыровамен сұхбаттасқан едік.

Кәсіби коуч аз сөйлеп, көп тыңдайды

– Оқырмандарымызға өзің­ізді үш сөзбен таныстырып, сипат­тап берсеңіз? Коучинг саласына қалай келдіңіз және нақты қандай бағытта, қандай мақсатта жұмыс істеп жатырсыз? Жалпы, өзіңізді өзгертуге не түрткі болды?

– Мен өзімді сабырлы, мақсат қоя білемін және батыл­мын дер едім. Коучингке HR (адам ресурстары) бөліміндегі оқыту және дамыту саласында корпоративтік тренер болып жұмыс істеп жүрген кезде кел­дім. Басшылар мен менеджер­лерге стресс-менеджмент, көш­ба­сшылық, персоналды бас­қару, кроус-мәдени коммун­икация және көпшілік алдында сөйлеу тақырыбы бойынша үш тілде бизнес тренингтер өткіз­дім. Коучингпен сол кезде таныстым. Жұмыс барысында адам­дардың оқуға әртүрлі мақ­сатпен келетінін байқадым. Біреулер қызығушылықпен келсе, біреулер компания та­ра­пынан тренинг тағайындал­ғаннан кейін амал жоқ қа­тыс­а­тын. Сол кезде қатысушыларды белсенді тартуға, оларды сабақ­қа белсенді түрде қосуға, олар­дың мотивациясын сақтауға және өз дамуына жауапкершілік алуға көмектесетін әдістерді іздей бастадым. Бұл тәсіл менің жұмыс стилімді өзгертті. Мен көбірек тыңдап үйрендім. Сұрақ қою арқылы адамдарға өз ше­шім­дерін табуға және жеке даму жоспарын құруға көмектесетін болдым. Коучингке дейін трен­ингтерде өзім көбірек сөйлеп, ақыл айтып кететін кездерім болды, көбірек білім беруге тырысатынмын, өз ойымды көбірек айтатынмын. 

Қазір көшбасшылық коуч, тілдік (лингво) коуч бағытын да­мыт­ып, адамдарға тіл үйрету­ге коучинг тәсіл арқылы көмек­тесіп жатырмын. Коучингте аз сөй­леп, көп тыңдауды үйрендім. Бұл тақырыпта орыс тілінде кітабым бар, ол қазақ тіліне ауда­ры­лып жатыр. Коучингті ең алдымен өзімнің жеке өмірімді өзгерту үшін және шет тілдерді үйрену үшін таңдадым. Өзім полиглотпын, шет тілдерде сөй­леймін. Қазақ тіліндегі коучингті дамыту бағытында жұмыс істей­мін. Коучинг менің жеке тұлғалық дамуыма әсер етті, шешім қабыл­дауда саналы болуды, өз әрекетім үшін жауапкершілік алуды үй­ретті. Басқарушылық, коммуни­ка­циялық және ойлау дағдылар­ымды, адамдармен тіл табысу қа­білетімді өзгертті. Адамдарды ортақ бір идея төңірегінде бірік­тіруге, жаңа жобалар бастауыма түрткі болды. 5 жылдан бері ICF International Coaching Federation Қазақстандағы бөлімшесі ICF Kazakhstan Charter Chapter құра­мында волонтер ретінде қызмет атқарамын және көшбасшымын, сертификаттау және этика бойын­ша директормын. Бүгінде бұл кә­сіби коммерциялық емес қау­ымдастық, Қазақстанда коучинг мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Әлемнің 17 елінен келген 120-дан астам коучты біріктіріп отыр.

– Коучқа ең көп жүгінетін ауди­тория қандай және ең көп қойыла­тын сұрақ не? Соңғы жыл­дары коучингке деген сұраныстың өсуі немен байланысты деп ойл­айсыз?

– Коучқа ең көп жүгінетін аудитория кәсіби даму мен өмір­лік бағыттарын қайта қарастырып жүрген адамдар. Менеджер, са­рап­шылар, кәсіпкерлер, өмірінде өзгеріс кезеңінде тұрған адамдар, жаңа қызметке түсіп отырған адамдар, мансап ауысуы, жеке мақсаттарды қайта қарастыру жолындағы адамдар келеді. Ең жиі қойылатын сұрақ адамның мақ­саты мен бағытына байлан­ысты, мақсатты қайта қарау және жаңа кәсіби бағыт табу, ма­ғына мен құндылықтарға сәйкес өмір сүру, эмоциялық тұрақтылық және өзгерістерге бейімделу, жеке икемділік пен фокус, көшбас­шылық дағдыларын дамыту бойынша сұрақтар қойылады.

Коучингке деген сұраныстың артуы бірнеше факторға байлан­ысты деп ойлаймын. Біріншіден, қазіргі әлемде өзгерістер өте жыл­дам жүріп жатыр. Сондықтан адамдарға өз шешімдерін саналы түрде қабылдауға көмектесетін әріптестік серіктестік қажет. Екін­шіден, психологиялық саулық пен өзін-өзі дамыту тақырыбы қоғам­да ашық талқылана бастады. Үшін­шіден, ұйымдарда коучингті көшбасшылар мен команда­лар­дың дамуына тиімді құрал ретінде қолдана бастады.  

Коучинг психологиялық травманы емдеуге арналмаған

– Қазір жиі айтыла бастаған бала кездегі травма деген не? Он­дай түсінік адамда қалай пайда болады және ересек өмірге әсері қандай?

– Психологиялық травма деп алсақ, қалай қарар едіңіз. Бала кездегі психологиялық травма деген не? Ол баланың психика­сында қауіпсіздік сезімін бұзатын немесе ұзақ стресс туғызатын ауыр тәжірибенің әсері деп айтуға болады. Бұл бірреттік ауыр оқиға болуы да мүмкін. Мысалға, зор­лық-зомбылық немесе бір апат мәселесі, ұзақ уақытқа созылған қысым мен немқұрайлылық жағ­дай, мұндай жағдайларда бала өз-өзін қорғансыз, жалғыз немесе қор­қынышта сезінуі мүмкін. Бұл тәжірибе кейін оның өмірге, адамға деген сеніміне тікелей әсер етеді.

Ересек өмірде мұндай тәжіри­бе кейде қарым-қатынасқа, эмо­цияларды реттеуге немесе өзіне деген сенімге ықпал етуі мүмкін. Бірақ, әр адамның реакциясы әртүрлі және көптеген адам уақыт өте келе қолдау арқылы бұл тә­жірибені еңсеріп, жаңа ресурс­тар таба алады.  Бұл жердегі ең маңыз­ды нәрсе коучингті ажыратып алу керек. Бала травмасы мен коу­чингтің ортасында қандай қарым-қатынас бар. Негізі, коучинг кішкентай баламен жұмыс жаса­майды, коучинг ересек адам­дармен жұмыс жасайды. Коучинг  Андрагогика бағытындағы даму стилі десек болады. Ол психоло­гия­лық травманы емдеуге арнал­маған. Мұны нақты айту керек және адам, қоғам мұны есте сақтауы керек.

Коучинг көбіне мақсаттармен, болашақ әрекеттермен жұмыс істейді. Егер әңгіме терең трав­малық тәжірибеге қатысты болса, коучтің кәсіби міндеті – оны терапия ретінде талдамауы керек, коучинг сессияны терапиялық сессияға айналдырып жібермеуі керек. Қажет жағдайда психолог немесе психотерапевке бағыттау керек және этикаға, халықаралық стандартты нормаларға сәйкес кәсіби шебер маман алдына келіп отырған адам травмада отыр ма, білуі керек. Бұл бағыттағы коуч­тың психологиялық терең білімі, пси­хотерапия бағытында дип­ло­мы, тәжірибесі бар маман болса, алдында отырған адамға коуч құралы арқылы емес, терапия құралы арқылы жағдайды дұрыс жеткізе білуі керек. 

Соңғы жылдары адамдар «менде травма бар» деп жиі айтып кетті. Бұл енді психикалық ден­саулық туралы ашық сөйлесудің артқанын көрсетеді. Әлеуметтік желіде оны байқап, көріп отырған шығарсыздар. Бірақ, кейде пси­хологиялық терминдер күнделікті тілде жеңіл қолданылып кетуі мүмкін. Сондықтан оған атүсті қа­рамау керек, бүкіл нәрсеге бел­дік тағып қоймау керек, мынау травма деп. Травма ұғымын кәсіби тұрғыдан дұрыс түсіну маңызды және оны ажырата білу керек. 

Коучинг негізі клиент пен серік­тестікке бағытталған шығар­машылық және ойлануға бағыт­талған процесс. Ол адамның өз әлеуетін ашуға және жеке кәсіби мақсаттарына жетуіне көмек­теседі. Яғни, коуч кеңес бермейді, дайын шешім ұсынбайды. Коуч клиентке сұрақтар, тыңдау және рефлексия арқылы өзінің жауап­тарын табуына көмектеседі. 

Лао-Цзы деген қытай ойшылы «Мың шақырымдық жол, бір қадамнан басталады», дейді. Бұл тұжырым коучинг философия­сымен үндеседі деп айтуға болады. Коуч клиентке өз жолын өзі та­буға, мақсатқа барар алғашқы қадамды анықтауға бағыттайды.

– Бақытты әйел және бақытты отбасының формуласы бар ма? Қазіргі қазақ әйелінің басты психо­логиялық мәселесі не деп ойлайсыз?

– Бұл – қызық сұрақ. Мен коуч ретінде бейтарап жауап беру­ге тырысайын. Менің ойымша, бақытты әйел мен бақытты отба­сының бір ғана формуласы жоқ. Қазақ қыз бала тұрмыс құрғанда «бақытты боламын емес, бақытты қыламын деп бар» дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жа­тыр деп ойлаймын. Яғни, отбасын құру тек қыз баланың емес, ер азаматтың да ішкі дайындығын талап ететін жауапты қадам. Менің түсінігімде адам алдымен өзі жеке тұлға ретінде өсіп, өзімен жұмыс жасап, өз құндылықтарын түсініп алғаны маңызды. Қоғамда кейде «қыз отырып қалмасын», «жігіт отырып қалмасын» деген үрей бар. Осындай әлеуметтік қысым жастарды кейде асығыс шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан жас адам, ең алдымен, өзіне «мен қандай адам­мын», «өмірде нені қалаймын», «қо­ғамға қандай үлес қосқым келеді» деген сұрақтарға жауап тауып алғаны өте маңызды. Сол кезде отбасын құру да, бірін-бірін түсіну де әлдеқайда жеңіл болады. Өзгені түсіну интеллектінің бел­гісі болса, ал өзіңді түсіну дана­лықтың белгісі. Егер екі адам өзін де, бір-бірін де түсініп барып отба­сын құрса, онда қарым-қатынастағы үйлесім табиғи түрде қалыптасады. 

Қазіргі қазақ әйелінің психо­логиялық мәселесі туралы айт­қан­да, мен бір ғана ортақ мәселені бөліп айту қиын деп ойлаймын. Өйткені әйелдердің өмір жолы әртүрлі, адамдар әртүрлі, әйелдер де әртүрлі. Білім мен ғылымда жүр­ген әйелдер бар, медицина сала­сында еңбек етіп жүрген әйелдер, кәсіпкер әйелдер, отба­сын құрып, бала тәрбиелеп отыр­ған аналар қанша, жаңа өмір жолын іздеп жүрген қыз балалар бар, әрқайсының өмірлік кезеңіне байланысты психологиялық сұрақ­тары мен міндеттері болады. Дегенмен жалпы үрдіске қарай­тын болсақ, бүгінгі қазақ әйелі өте бел­сенді, батыл және білімге, даму­ға ұмтылатын жандар. Қа­зақта «әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Қазіргі қазақ әйелдері тек өздерін дамы­туға ғана емес, өз отбасын және қоғамды дамытуға да үлкен үлес қосып жүрген жандар.

– Әйел үшін ақша мен руханият тепе-теңдігінің маңыздылығы қан­дай? Жеке бренд деген не және ол не үшін қажет? Әйелдің ішкі сенім­ділігін арттыру үшін қандай нақты 3 қадам ұсынар едіңіз?

– Бұл жерде тепе-теңдік өте маңызды. Руханият адамға ішкі тірек береді, мән-мағына және құндылықтарды дұрыс түсінуге, өз құндылықтарын тауып алуға көмектеседі. Ал қаржылық тұрақ­тылық еркіндік пен таңдау мүм­кіндігін береді. Әрине, егер осы екеуі үйлесімді болса, адам өмірін саналы түрде құра алады. Бірі екіншісіне қарсы емес, қарама-қайшы келмейді, керісінше, бір-бірін толықтырып тұратын екі маң­ызды ресурс деп айтуға бола­ды. Ал әйелдің жеке бренді ол қо­ғамдағы кәсіби бейнесі, құнды­лықтары, тәжірибесі және адам­дарға қандай пайда әкелетіні туралы бір түсінік.

Бүгінгі заманда жеке бренд тек танымал болу үшін емес, сенім қалыптастыру үшін керек. Адам өзінің кім екенін, не және қандай құндылықтар ұстанатынын анық көрсеткен кезде адамдармен кә­сіби байланыс орнату да жеңіл болады. Сондықтан әр уақытта білім алу, тәжірибе жинау, танысу, сөйлесу, адамдарға табиғи сенім қалыптастыруда ерінбеу керек. Бұл әрекеттердің өзегінде өзіне деген сенім жатуы керек. Сенім – ішкі күш.

Шаңырақты шайқалтпауға болады

– Елімізде ажырасу мәселесі қазір қатты ушығып кетті. Жалпы, отбасы құндылығының құлды­ра­уы­на коучтарды кінәлап жатады. Бұл көзқарасқа сіздің уәжіңіз қандай? Бұл мәселеде коучтың рөлі бар ма? Жалпы, ажырасу қа­зақ ұғымында қателік десек, негізгі қателік не деп ойлайсыз?

– Бұл мәселеде коуч адамның орнына шешім қабылдамайтынын және не істеу керек екенін айтпай­тынын нақтылап айтқым келеді. Ажырасу сияқты үлкен шешімді коучқа келген клиент өзі қабыл­дайды. Кейде қоғамда коучтарды отбасы құндылықтарының әлсір­еуіне себепкер ретінде көрсететін пікірлер кездеседі. Бірақ тәжіри­беде жағдай әлдеқайда күрделі деп айтуға болады. Мәселен, коучинг­те адам өміріндегі маңызды құн­дылықтарды, қарым-қатынастағы мағынаны, өзара түсінікті зерт­теуге бағытталған әңгімелер бола­ды. 

Әрине, кез келген сала сияқты коучингте кәсіби деңгей маңызды. Коуч өзінің жеке пікірін немесе кеңесін бермейді. Ол көбіне өзінің байқағандарымен бөлісіп, адам­ның саналы түрде ойлануына кө­мектесетін сұрақтар қояды. Ол сұрақтар адамның өз құндылық­тарын, шешімдерін, жауапкер­ші­лігін түсінуіне бағытталады. Сон­дықтан коучтың халықаралық стандарттар мен этикалық қағи­даларды сақтауы өте маңызды. Отбасы – екі адамның жауапкер­ші­лігі мен ішкі дайындығын талап ететін маңызды одақ. Осы одақ­тың ішінде екі адам бірін-бірі дұрыс ести білсе, сыйласа, бір-бірін құрметтесе, шаңырақты шай­қалтпауға болады.

– Әйел мен ер адамның рөлдері туралы көзқарасыңыз қандай? Сіздіңше, қарым-қатынаста жиі жіберілетін қателік не? 

– Дәстүрлі қазақ түсінігінде ер адамды аңшы, яғни асыраушы, әйелді үйдің ұйытқысы, берекесі деп сипаттап келген. «Ер – түздің иесі, әйел – үйдің киесі» деген ұғым бар. Ер адам сыртқы тын­ыштықты, әйел үйдің ішкі үйле­сі­мін сақтайды деген түсінік қал­ыптасқан. Бірақ қазіргі заманда өмір жағдайлары әртүрлі болып тұр. Әйелдер қазір қоғамда мансап құрып, белсенді қызмет атқарады. Кей жағдайда ерлер де бала күті­міне байланысты декреттік дема­лыс алып, үй шаруасына жауап беруі мүмкін. Сондықтан қазіргі отбасында рөлдер кейде өзгеріп отыруы заңдылық. Қазіргі заман адамдардан сөйлесу, түсінісу, икем­ді бола алу технологиясын меңгеруді талап етеді.

– Уақытты тиімді басқарудың жеке әдісі бар ма? Сіз өз уақытың­ыз­ды қалай басқарасыз?

– Уақыт – ең қымбат ресурс. Сондықтан уақытты басқару үшін мен күн сайын өзіме бірнеше сұрақ қоямын. Бұл сананы оята беру үшін керек және күн сайын сананы ояту маңызды, сана сергек болу керек. Оған сұрақ көмек­теседі.

Соңғы кездері қалыптастырып жүрген дағдым – «жоқ» деп айта алу. Өйткені басты приоритет – уақыт пен энергия. Сондықтан қазір әрбір жобаны, әр серік­тестікті саналы түрде таңдауға тырысамын. Тыныштықта, таби­ғатта серуендеуге, ойлануға, ең бастысы, өзіме шамадан тыс талап қоймауға, өзіме жанашырлықпен қарауға тырысамын. Йогамен айналысамын, ол ішкі тепе-тең­дікті сақтауға көмектеседі. Шы­ғар­машылық хоббиім бар. Түрлі тілде әндерге кавер жазамын, жақында өзімнің авторлық өлеңім де жарық көрді. Осындай шығар­ма­шылық пен қозғалыс маған күш жинауға және жаңа энергия табуға көмектеседі.

Сенім дағдарысына жеткізбеу маңызды

– Коучтарға сын көп айты­лады, тіпті алаяқтар деп жата­тындар да бар. Сіз сын мен хейтке қалай қарайсыз? Өзіңізге сын айтылған кездер болды ма? Ал алаяқ, сауат­сыз коучтар, психо­логтар туралы не айтар едіңіз? Олар бар ғой, олар­ды сауатты мамандардан қалай ажыратуға болады?

– Кез келген жаңа немесе қоғамға әлі түсінікті болмаған мамандыққа сын айтылуы қалып­ты жағдай деп ойлаймын. Мен коучинг саласында жеті жылға жуық уақыттан бері дамып келе­мін. Осы тәжірибемде клиент­терім­нен теріс пікір естіген емес­пін. Өйткені көбіне адамдар коучингке ұсыныс арқылы, нұс­қау арқылы, кәсіби сертифи­ка­циясы бар болғаны үшін іздеп келеді. Әрине, бастапқы жылдары интернетте байқағаным бар, ютуб бейнелердің астында «осы коучтар кімдер өздері» деген сияқты кү­мәнді пікірлер жазылғанын кө­рген кездерім болды, оны жазған адамдарды түсінуге болады. Өйт­кені коучингтің мәнін адам өзінің тәжірибесі арқылы ғана түсінеді. Оны теорияны оқып алып түсіне­мін деген қиын. Дегенмен коуч­инг процесінен өткенде немесе бұл туралы кәсіби деңгейде тан­ыс­қанда, оған деген көзқарас әдетте өзгереді.

Адамның білімі мен кәсіби дайындығына назар аудару арқы­лы шынайы маманды тануға болады. Коучты таңдаған кезде жауапкершілік кімнің мойнында, кім таңдады, ол коучпен жұмыс жасауды кім шешті деген сұрақ өзекті. Сондықтан қызмет ұсын­ып отырған адамға емес, өзі­міздің мойнымызға да тұтынушы ретінде алуға тиіс жауапкершілік бар. Тұ­тынушы өз құқығын біл­меуінің, кәсіби коуч талаптарын ескер­меуінің салдарынан алданып қалып жатады.

– Қазіргі уақытта «Коучинг қызметі» кәсіби стандарты және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл құқықтық бақылау коуч қызметіне қалай әсер етеді?

– «Коучинг қызметі (коуч)» кәсіби стандартының мақсаты – коучинг қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, мамандыққа деген қоғамдық сенімді нығайту және елімізде білім беру бағдарла­м­аларын да­мыту мен коучтарды сертификат­таудың негізін қал­ып­тастыру. 

Бірыңғай стандарт коуч мамандығы туралы бірыңғай түсінік қалыптастырады: коуч қандай функцияларды атқара­ды, қандай құзыреттерге ие болуға тиіс және қандай этика­лық нормаларды ұстануы қажет екенін айқындайды. Бұл өз кез­егінде коучинг нарығын маман­дар үшін де, клиенттер үшін де анағұрлым ашық әрі түсінікті етеді. Кәсіптердің ұлт­тық жіктеуішіне коучинг сала­сына қатысты 9 кәсіби карта енгізілді. Ресми түрде стандарт әр үш жыл сайын жаңартылып, толықтырылуы мүмкін. Осы стандартты әзірлеушілердің бірі – ICF Kazakhstan Charter Chapter бөлімшесі. Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қызмет көр­сету кезінде жауапкершілікті күшейтіп, клиенттердің құқық­тарын қорғауға ықпал етеді.

– Ал коучинг қызметін мем­лекеттік реттеу мәселесіне қа­тысты айтар болсақ, негізгі стан­дарттар қалай қалыптасады? 

– Кәсіби стандарт салалық сарапшылардың, кәсіби қауым­дастықтардың және мемлекет­тік органдардың қатысуымен қалыптастырылады. Ол маман­дықтың негізгі функцияларын және қажетті құзыреттерін сипаттайды. Аталған стандарт ICF Kazakhstan бөлімшесінің жұмыс тобы және басқа да кәсіби қауымдастықтардың өкілдері тарапынан әзірленді. Бұл ұйымдар кәсіби стандарт­тың өзінде көрсетілген.

Ал халықаралық ұйымдар, мысалы International Coaching Federation (ICF) өздері тікелей оқытумен айналыспайды. Олар коучинг мамандығының құзы­рет­терін әзірлейді, білім беру бағдарламаларын аккредиттейді және мамандарды тәуелсіз түрде сертификаттайды.

– Оқырманға, аяулы ана­ларымыз бен ару қыздарымызға, сұлу келіншектерге 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында қандай тілек айтар едіңіз…

– Құрметті аналар, ару қыз­дар аналар мерекесі, әйелдер мерекесі қарсаңында сіздерге аманшылық, денсаулық, жүрек тыныштығын тілеймін! Әр әйел өз өмірінде бақытты, қадірлі және қажет екенін сезінсін деп тілеймін. Махаббатқа, қуаныш­қа, сыйластыққа және жылы сәттерге толы өмір тілеймін! Мерекеміз құтты болсын, құр­мет­ті ханымдар!

– Сізге де 8 наурыз мейрамы құтты болсын! Бақытты сәтте­ріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ