Әлеуметтік желіден көріп, біз де бардық сол кітапханаға. Кітапқа үңілгендер де, ғимараттың құрылысына таңданып жүргендер де көп. Жаңа кітапхананың көркі көз тартады. Стилі де бөлек, кең әрі заманауи үлгіде салынған. Бізді қарсы алған кітапхана қызметкері Ұлбибі Мұстапаева, ең алдымен, сөрелерді толтырған кітаптар туралы айтып берді. Айтуынша, мұнда 20 мыңнан астам кітап бар, оның 6 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Облыстық және жергілікті бюджеттің тұрақты қаржыландыруымен оқырманның сұранысындағы кітаптар сатып алынады. Мұндай жұмыстарды кітапхананың жинақтау-өңдеу бөлімінің мамандары жүзеге асырады. Кітапхана директоры Сымбат Бауыржанқызының айтуынша, оқырман сұранысындағы кітаптар арнайы сатып алынып отырады.
«Бізге келетін оқырманның сұранысындағы кітаптарды журналға тіркеп отырамыз. Ол тізімді кітапханашылар жинап, кітап дүкендерімен, баспалармен байланыс орнатады. Олардан алған кітапты нөмірлеп, кітапхана мөрі басылып, журналға тіркейді. Одан кейін кітапхана ісін автоматтандыру жүйесінде электронды каталогке енгізіледі. Мұның барлығы – әр кітапты өңдеуден өткізу кезеңі. Өңдеуден өткен соң кітаптар кітапхананың қызмет көрсету бөліміне тапсырылады», – дейді кітапхана басшысы С.Бауыржанқызы.
Кітапхана қызметкерінен оқырман арасында көбіне қандай кітаптарға сұраныс көп екенін сұрадық. Ол орыс және қазақ тілдеріндегі психологиялық кітаптар көбірек өтімді екенін және бұл жанрды көбіне жасөспірімдер оқитынын айтты. Кітапханаға тіркелген тұрақты оқырмандар кітапты 15 күнге дейін ала алады. Ал оқушылар болса, осы жерде тапсырмаларын орындай алады. Кітапханашы Ұлбибі Мұстапаева жыл сайын кітапхана жиырма бес мың келушіге қызмет көрсететінін айтады. Одан бөлек, заманауи кітапханада мәдени-рухани іс-шаралар да жиі өтеді. Соның бірі – «Жылжымалы кітапхана» жобасы. Бүгінде бұл қызметті Қосшы қаласының балабақшалары мен қалалық емхана пайдаланып отыр.
«Бұл жерге қызығып, келе алмайтын қаншама мамандар бар. Солардың сұранысын қанағаттандыруды өз мойнымызға алдық. Яғни, келуге мүмкіндігі бола бермейтін Қосшы қаласының балабақша мен емхана қызметкерлеріне барып, оларды кітап қорымен таныстырып, өздері ұнатқан шығармаларын апарып береміз. 15 күн сайын кітап алмасып отырамыз. Қазір 2 балабақша, 1 емханамен жұмыс істеп жатырмыз», – деді кітапханашы Ұлбибі Бердіқұлқызы.
Кітапханаға кез келген оқырман оңай тіркеле алатынын айттық. Ал балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін ата-анасы мен жақын адамдарының қолхаты жарамды. Яғни, қолхат арқылы олардың жақын адамдары кітапханадан кез келген кітаптарын апарып бере алады.
Жастарды кітап оқуға баулу үшін белгілі авторлардың шығармаларын талдау жобалары жиі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жуырда Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі бойынша байқау өтіп, қатысушылар арнайы марапаттарға қол жеткізген. Кітапханашы Ұлбибі Бердіқұлқызы мұндай байқаулардың мақсаты жасөспірімдерді, әсіресе оқушыларды адамгершілікке, мейірім, махаббатқа, досқа адал болуға бағыттауда жатқанын түсіндірді.
Кез келген жастағы оқырманның қызығушылығын тудыратын әдеби клубтар креатив кітапхананың негізгі кодына айналған. Мәселен, «Жаназық» деп аталатын әдеби клубы аясында шығармаларды талданып қана қоймай, автормен кездесудің де сәті түседі. Бүгінде 50-ге жуық оқырман – осы клубтың мүшесі. Жоба жетекшісі Ұлбибі Мұстапаева талқыға түсетін кітаптарды оқырманның өзі таңдайтынын айтты.
«Әдеби клубымызға оқырман өз еркімен тіркеліп, аптаның бір күнінде өздері таңдаған шығармаларды талдаймыз. Өйткені мұнда оқырманның талғамын жоғары қоямыз. Бұған дейін Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары», «Балуан шолақ», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», «Бейсен және болмыс» кітабын, С.Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» отбасы хрестоматиясының кітаптарын талдадық. Бұл жоба тұрақты түрде ұйымдастырылып, оқырманның рухани баюына зор мүмкіндік береді. Астана қаласынан «Алқа», Oyorda кітап оқу клубтары да кітапханамызға қызығушылық танытқан болатын. Қазір олармен тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан жастар арасында кітап оқу трендке айналып келе жатқандығын көруімізге болады», – деді кітапханашы.
Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі бар. Сондықтан қай өңірде болса да кітапханалардың бой көтергені қоғам үшін де маңызды. Ал біз айтып отырған кітапхананың ашылғанына аз уақыт болса да, біршама маңызды жобалар қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, ғылым күніне орай Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы желісінен ашық дәріс өтті. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Жарылқап Бейсенбайұлы мен Серік Негимовтің қатысуымен «Шоқан Уәлиханов мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция да ұйымдастырылған.
Қала іргесіндегі Орталық кітапхана мәдениет пен руханияттың жан-жақты дамуына үлес қосатын, қоғамдық сананы жаңғыртатын кеңістікке айналып отыр. «Фолиант» баспасы бұл кітапханаға түрлі мамандық негізінде жазылған және аударма мен көркем шығарма тақырыбынан 5 мыңға жуық жаңа кітап сыйлады. Одан бөлек, белгілі ақын-жазушылар да кітаптарын қорға тарту етіп отырады. Осылайша, кітап қоры мен ғимараттың сән-салтанаты бір-бірімен үйлесім табуда. Оқырман қарасының үзілмеуі де сондықтан.
Сымбат БЕГІМБАЙ,
Ақгүл САЯТҚЫЗЫ