in

Зерттеу: ерлердің 67%-ы бала туу алдын ала жоспарлануға тиіс дейді

Маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Әкелер күні атап өтіледі , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осы мереке қарсаңында ҚҚДИ жүргізген әлеуметтанулық зерттеулер негізінде қазіргі қазақстандық әкенің құндылықтары, ұстанымдары және отбасыдағы рөлі туралы талдамалық материал ұсынады.

Ата-ана болу – мәртебе

Қазақстандық әкелердің басым бөлігі ата-ана парызын өміріндегі ең маңызды міндеттердің бірі ретінде қабылдайды. Зерттеу деректеріне сәйкес, әкелердің 88,7%-ы ата-ана болуды өзінің басты басымдығы деп санаса, 57,2%-ы өміріндегі ең маңызды құндылық ретінде атаған, тағы 31,5%-ы ең маңызды басымдықтардың қатарына енгізген. Бұл әке болудың жай ғана әлеуметтік рөл емес, саналы өмірлік ұстаным екенін көрсетеді.  

Диаграмма 1. «Жеке тұлға ретінде, сіз үшін ата-ананың рөлі қаншалықты маңызды?», сұрағының жауаптарын бөлу, гендерлік тиістілік бөлінісінде, %

Ер-азамат үшін отбасы нені білдіреді? 

Зерттеу нәтижелері ер азаматтардың «отбасы» ұғымына қандай мағына беретінін де айқындайды. Сауалнамаға қатысқан ерлердің 44,5%-ы отбасыны ең алдымен ұрпақ жалғастырумен байланыстырады. Одан кейінгі орындарда бақыт пен махаббат (41,5%) және өмірдің мәні (37,3%) тұр.

Диаграмма 2 . «Сіз үшін «отбасы» нені білдіреді?» сұрағы жауаптарының жыныс бойынша бөлінуі, %

Жауапты жоспарлау және құндылықтар

Қазақстандық ер-азаматтардың көпшілігі отбасын құруға саналы көзқараспен қарайды: олардың 67,2%-ы бала туу алдын ала жоспарлануы тиіс деп есептейді. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан бері айтарлықтай өзгермеген және алдағы уақытта да өсу әлеуетіне ие.

Сонымен қатар, патриотизм мен әділдік сезімі – ер азаматтар балалардың бойына сіңіруді маңызды деп санайтын негізгі құндылықтардың қатарында.

Отбасындағы әкенің орны

Қазақстандық ер-азаматтар өздерінің отбасы өміріне қатысуын шаңырақтағы берекенің ажырамас шарты ретінде қабылдайды. Ерлердің 73,1%-ы бақытты отбасының басты шарты ата-ананың екеуінің де болуы деп есептейді. Осы пікірді әйелдердің де басым бөлігі қолдайды (70,6%), бұл ата-ана болуға қатысты қоғамда ортақ көзқарастың қалыптасқанын аңғартады.

ҚҚДИ зерттеулерінің деректері қазіргі қазақстандық әкенің бейнесін отбасыны саналы түрде таңдаған, әке жауапкершілігін өмірлік басымдық ретінде қабылдайтын тұлға ретінде сипаттайды. Ол үшін әке болу – баланың өміріне белсенді қатысу, жауапты жоспарлау және келесі ұрпаққа маңызды құндылықтарды жеткізу.