in

Жеті тағдырдың жан сыры

Өмірден алынған оқиғаларға негізделген туынды ана мен қыздың қарым-қатынасын, әйелдің арманы мен өмірлік таңдауын арқау етеді. Мұнда әртүрлі тағдыр иелерінің өмірі арқылы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалады.

Спектакльдің негізгі желісі ана­лардың жүріп өткен жолы мен сол өмірге қыздарының көз­қарасы төңірегінде өрбиді. Кей­іпкерлер аналарының тағдырын ой елегінен өткізіп, олардың орны­н­да болса қандай шешім қабылдай­тынын таразылайды. Бірі анасының өмірін қайталағысы келмесе, енді бірі оның бастан өткерген қиын­дықтарын түсінуге тырысады. Ал тағы бір кейіпкер анасының жас­тық шағына оралып, сол кездегі арман-тілегін білгісі келеді.

Алып қашудың көлеңкесіндегі тағдыр

Қойылым авторы әрі режиссері Іңкәр Каримова үшін бұл тақыр­ыптың маңызы аналардың өмірін баяндаумен ғана шектелмейді. Ол сахнаға шыққан әйелдер тағдыры арқылы бүгінгі жас буынның дү­ние­танымын, олардың өмірге деген көзқарасын және өз болашағына қатысты ұстанымын көрсетуді мақ­сат еткен. Әсіресе аналардың бас­тан өткерген оқиғалары қыздары­ның мінезі мен таңдауына қалай әсер еткеніне назар аударған. Соны­мен бірге режиссер ана бей­несіне қалыптасқан түсініктен өзгеше қырынан қарап, оның да өз арманы мен ішкі әлемі бар адам екенін көрсетуді маңызды санайды.

– Спектакльдегі шығарма­шы­лық құрамның айтқысы келгені – жал­пы аналарымыздың тағдырлары арқылы біздің буынымыздың көз­қа­растарын көрсету және аналары­мыздың өмірлері бізге қандай ық­пал еткенін, біз, әйелдер, қандай өмір қалайтынымызды көрсету. Ана­ларымызды, аналарымыздың образын қыр-сырымен көрсете білу, оларды түсіне білу. Аналары­мыз да өмірінде бірінші рет ана бол­ып жатыр. Олардың да ішінде кішкентай қыздар отырғанына көз жеткізу. Және осыны біле тұра, оларға түсіністікпен, мейіріммен қарау, сүю және басқа адамдарға да соны жеткізу маңызды, – дейді Іңкәр Каримова.

Қойылымдағы оқиғаның бірі – алып қашудың құрбаны болып, өз еркінен тыс тұрмыс құрған әйелдің тағдыры. Өмірдің ауыртпалығын бастан өткерген ана қызының өзі жүрген жолмен жүруін қаламайды. Сондықтан оны білім алуға, тұр­мыс­қа шығуға асықпауға, ең алды­мен өз болашағын ойлауға тәрбие­лейді. Кейін қызы бойжетіп, әйел­дердің құқығы мен еркіндігін жақтайтын феминистік көзқарасты ұстанады.

Тағы бір оқиғада ана мейірі­мінсіз өскен қыздың өмірі баяндалады. Бала күнінде анасы тастап кеткен кейіпкер әкесінің тәрбиесінде өседі. Алайда есейген сайын өзге қыздармен тіл табысу, достық қарым-қатынас орнату оған қиынға соғады. Осы арқылы қойы­лымда балалық шақтағы жан жара­сы мен отбасындағы қарым-қатынастың адам өміріне тигізетін әсері көрсетіледі.

Спектакльде тұрмыстық зор­лық-зомбылық, әйелдің жеке еркіндігі, қоғамның қыз балаға қоятын талаптары да назардан тыс қалмайды. Қыздардың білім алуы, арманына ұмтылуы, өз болашағына қатысты шешім қабылдауы мен отба­сылық міндеттердің ара­сын­дағы қайшылықтар кейіп­керлер тағдыры арқылы ашылады.

Қойылымның ерекшелігі – сахналық шешімі

Шығармаға арқау болған жеті оқиға да өмірден алынған. Оларды жинақтап, сахна­лық туындыға айналдыру барысында режиссер әйелдер мен қыздардың бастан кеш­кен қиындықтарына тереңірек үңілген. Әсіресе зорлық-зомбы­лық­қа ұшыраған жандардың жан жара­сын көркем шығарма тілі­мен жеткізу оңай болмаған. Өмір шын­дығы мен театр өнерінің көр­кем­дік талаптарын ұштастыру шы­ғар­ма­шылық ізденісті қажет еткен. Осы жұмыс барысында режиссерді әйел­д­ердің ауыр жағдай­ларға төтеп беріп, өмір сүруге деген жігерін жоғалтпауы ерекше толған­дырған.

– Психологиялық тұрғыдан ма­ған бұл пьесаны жазу қиынға соқ­ты. Өзім қыз болғандықтан, бар­лығын жүрегіме қатты жақын алдым. Мысалы, зорлық-зомбылық көрген қыздардың оқиғаларын оқы­ғанда, оларды бір көркем дү­ние­ге айналдыру қиын болды. Өйт­кені мұндай қорқынышты жағдай­ды қалай көркем шығармаға ай­нал­дыруға болады? Мен үшін осы уақытқа дейін шешілмеген мәселе бар: шындықты барынша шынайы жеткізгім келеді, бірақ театрдың өз тілі, өз драматургиясы бар. Осы екеуін біріктіру оңай болған жоқ. Әйел ретінде мен олардың қанша­лықты мықты екенін түсіндім. Осы оқиғалардағы әрбір әйел, анасы туралы әңгімелеген әрбір қыз, өз тағдырымен бөліскен аналар – барлығы да өз үнінің естілуіне, еңбегі мен өмірінің бағалануына лайық, – дейді режиссер.

«Ана жолының» тағы бір ерек­шелігі – оның сахналық шешімінде. Қойылымда жеті актриса жеті түрлі тағдырды баяндайды. Әрқай­сы­сының жеке монологы бар. Кейіп­керлердің ішкі толғанысы мен жан дүниесіндегі қайшылықтар тек сөз арқылы емес, музыка, би және плас­тикалық қимылдармен де жеткізіледі. Кей тұста сахнадағы қозғалыс сөздің орнын басып, оқиғаның эмоцио­налдық әсерін күшейтеді.

Спектакль барысында актри­салар көрермендермен тікелей байла­ныс орнатып, оларға сұрақтар қояды. Осылайша, сахнада көте­рілген мәселелер залдағы көрер­менді де ойлануға жетелейді.

Қойылымда ана бейнесі тек отбас­ының қамын ойлайтын жан ретінде ғана емес, өз арманы, өкін­і­ші, қалауы мен өмірлік таңдауы бар жеке тұлға ретінде көрінеді. Аналардың да бір кездері арман қуған жас қыз болғаны, олардың да өмірден өз орнын іздегені әр оқи­ға­да әр қырынан ашылады.

Драматургияға мықты әйел бейнесі керек

Режиссердің пайым­дау­ынша, әйелдердің өз тағды­рын өзі баян­дауына мүмк­ін­дік беру – қазіргі қазақ драматургиясы үшін маң­ыз­ды бағыттың бірі. Өйт­кені сахна­дағы әйел бей­не­сі көбіне біреудің ана­сы, жары немесе қызы рет­інде көрініс табады. Ал оның жеке тұлға ретіндегі ішкі әл­емі, арманы мен мұраты әрдай­ым шығарма өзегі­не айнала бер­мей­ді. Іңкәр Кари­мова қоғамда әйел­дердің өмірі мен еркіндігі туралы ашық әңгі­ме өріс алып келе жатқанын оң өз­ге­ріс деп бағалайды. Оның түсіні­гінде мұндай шығарма­л­ардың міндеті –әйел мен ер адам­ды бір-біріне қарсы қою емес, бұ­рын назардан тыс қалған тағ­дыр­л­арға көңіл бөлу.

– Қазақ драматур­гия­сына мық­ты әйел бейнелері қажет. Ол біреу­дің анасы, біреу­дің әйелі немесе қызы ғана емес, оқиға әйел­дің өзінің төңірегінде өрбуі керек. Мұн­дай шығармаларды өте сирек кездестіремін. Тіпті әйел туралы қойылымдардың өзінде оның тағдыры ер адамға қатты тәуелді болып жатады. Әйелдерге өздері туралы айтуға көбірек мүм­кіндік беру керек. Біздің қоғам әйел ер­кін­дігі туралы ашық әңгі­меге бір­тіндеп дайын болып келеді. Бес жыл бұрынғы уақытпен салыс­тыр­сақ, бүгінде феминистік көзқа­рас­пен түсірілген фильмдер мен қойыл­ған спектакльдер бар. Мұны жақсы үрдіс деп санаймын. Бұл әйелдер мен ер адамдарды бөлу емес. Керісінше, бұрын жеткілікті көңіл бөлінбеген әйел тағдырына назар аудару. Меніңше, мұның қо­ғамға тигізер әсері оң болады, – дейді Іңкәр Каримова.

«Ана жолы» – әйелдің қоғам­дағы орны мен жеке таңдау еркін­дігін қозғайтын шығарма. Қойыл­ым көрерменді өз анасының өмі­­р­і­­не, оның бастан өткерген қиын­дықтары мен орындалмаған армандарына басқа қырынан қа­рауға шақырады. Әр кейіпкердің тағдыры арқылы әйелдің өз өміріне қатысты шешім қабылдау құқығы, ұрпақтар арасындағы түсіністік пен адамға деген құрмет мәселесі алға шығады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ