in

Жердің жыры: түйінді кім тарқатады?

Осы арқылы игерілмеген жерлерді қайтару ісіне серпін беруге кезекті талпыныс жасалды. Депутаттар да бұл істегі қарқынның тым баяу екенін жасырмайды. 2022 жылдан бері тек әкімдіктердің жалпы ауданы 778,2 мың гектарды құрайтын 1 335 заңсыз шешімнің күші жойылыпты. Ал әлдекімдер айналымнан алып қойып, астына басқан, бос жатқан жерлердің ауданы миллиондаған гектармен есептеледі. 

Мемлекет басшысы жаңадан «соңғы ме­же-мерзімді» белгіледі: әкімдер қайтарыл­ған жер­дің бәрін келесі 2026 жылдың орта­сы­­на дейін тұрақты айналымға енгізуге мін­деттелді. Бұл шара арқылы жайылым тапшы­лы­ғы мә­се­лесі де шешілуге тиіс. Қ.Тоқаев жер қа­­тынас­тары­на қа­тысты заңсыздықты, бюрок­­ратия мен қа­ғаз­бастылықты жоюды жүк­теді. Сол үшін ауыл шаруашылығы жер­лерін беру тәсілдерін тү­бегейлі өзгерту қаже­тін нықтады. Осыған орай жерді бөлуге қа­тысты шешім цифрлық фор­мат­та, элект­рон­ды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкі­мет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өз­гертулер ұсынады.

Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды. Қаншама Үкімет ауысты. Бүгінде космо­мониторинг және геоталдау жүйесі пайда­ланылмай жатқан жерлерді анықтап, қайтаруға септігін тигізіп жатыр. Алайда жұмысты тың қарқынмен жалғастыру талап етіледі. 

Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфра­құрылымға және жер қойнауын пайда­лануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет. Яғни, Үкімет атқаратын болса, өрісіне «түрен түспеген» жұмыс көп. Ал ауылда жайылымның жетіспеу проблемасы әрі қарай ушығып барады.

Күрес жүріп жатыр…

Президент сынынан кейін Алматы облысының прокуратурасы Forbes байлар тізіміндегі олигархтар мен экс-шенеу­нік­терді заңсыз алған жерінен айырып жатқаны туралы ақпаратын жариялады. Неге бұл облыс? Себебі елдегі өте тартымды жерлер осы өңірде екен. Бұрын жұмыс істеген жер комиссиялары анықтағандай, кілең ығай мен сығай, латифундистер Қазақстан­ның астықты солтүстік-орталық өңірлерінің сыртында елдің ең ірі мега­по­лисіне жақын, Алатау бөктеріндегі ең қым­бат әрі шұрайлы жерлерді көптеп қарпып қалыпты.

Өңір прокуратурасы Алматы облы­сында 15 жылдан аса уақыт бұрын жеке пайдалануға заңсыз берілген жер учаске­лерін қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді. Соның ішінде кейінгі 3 жыл ішінде облыста жалпы құны 6,1 млрд теңгені және жалпы ауданы 83 мың гектарды құрайтын жер ғана мемле­кетке қайтарылған.      

Бір жайт ойлантады: 2022 жылдан мемлекет меншігіне алып қойылған осы 83 мыңның төрттен бір бөлігі ғана бай-ба­ғыланнан тәркіленіпті. Сонымен бірге бірқатар фермер егу жұмыстарын жүргіз­бей, «пайдаланылмайды» деп танып, мем­ле­кетке қайтаруды талап ету деректері барын хабарлап, дабыл қағып жүр. Қалай болғанда облыстық прокуратураның мәліметінше, 3 жылда өңірде жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 21 мың гектар жер ғана бұрынғы биік лауазымды шен­еуніктерден, олардың туыс-туғанынан және Forbes тізіміне кіретін бизнесмен­дерден тартып алынды. 

                                                                       коллаж: Елдар ҚАБА

Алматы облыстық прокуратурасы жерді қайтару жұмыстарын облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен және Балқаш-Алакөл бассейндік инс­пекциясымен тізе қоса отырып, жүргізіп жатқанын қосты. Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені жағалауындағы 81 жер учас­кесінің заңсыз бөлінгенін «аманаттық» депутаттар біраздан көтеріп келеді. 

– Су қорғау белдеуіндегі бұл жер учаскелерін Қапшағай қаласының әкімдігі заңнамадағы тыйымдар мен шектеулерге қарамастан таратқан. Биылғы шілде мен тамызда тексерулер басталды. 81 жер учаскесінің 50-і жер заңнамасын өрескел бұза отырып берілгені әшкереленді. Ер­екше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жататын және су қорғау белдеуінде орна­лас­қан жерлер олигархтар мен бұрынғы ірі шенділерге ұсынылған. 50 жер учаскесінің қожайынына бұзушылықтың анықталғаны туралы ұйғарым берілді, – деді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. 

Оның айтуынша, қазір бұзушылықтарды тапқан жер ресурстарын басқару депар­таментінің инспекторлары «бизнес элита мен іс басындағы биік лауазымды шенеу­ніктер тарапынан қысым көріп» жатыр. Депутат Қонаев, Алатау қалалары және Іле ауданы жұртшылығынан қосымша ақпарат түскенін, онда олар бұрынғы әкімдердің балалары көптеген жерді астына басып алғанына шағымданғанын тілге тиек етті. 

– Мысалы, тұрғындардың шағымдану­ын­ша, Іле ауданын әкім ретінде 14 жыл басқарған Николай Логутов өз отбасының мүшелеріне жалған тұлғалар арқылы ора­сан зор көлемдегі жер телімдерін бөліп бер­ген. Тұрғындар аудандағы біраз шұрай­лы жер оның ұлы Константин Логутовтың меншігінде екеніне назаланады. К.Логутов «Монтажник» шаруа қожалығының, сондай-ақ Dala Invest Group, Billboards Empire, Al-Аgro Group сияқты ЖШС-лардың құрылтайшысы. Шаруалардың мәліметі бойынша, осы компаниялар арқылы Константин он мың гектардан астам жерге иелік етеді, – деді Б.Базарбек. 

Б.Базарбек дәл осы кезде ауылдықтар мемлекеттен 10 сотық жер ала алмайтынына екпін түсірді. Жергілікті жұрт депутаттарға әлгі бос жатқан жерлерге қожайыны халықтың мал жаюына да, бақша егуіне де тыйым салға­нына мұң шағып, арызданды. 

Ал сатып алам десең, мархабат: түгін тартса майы шығатын құнарлы жерлер кесек ет турағандай, кесіп-кесіп, шағын учаскелермен, бірақ удай қымбат бағаға сатылады екен. Бұл ретте депутаттар ол жерлердің бір бөлігі жеке меншікке беруге заңмен тыйым салынған «қызыл сызық­тарда», сондай-ақ ерекше қорғалатын та­биғи аймақтарда орналасқанын анықтады. Жоғарыда хабарланғандай, прокуратура өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселелерге терең бойлап, мән-жайын білуге тырысу үстінде.

Қимыл қарқыны баяулады

Жалпы, пайдаланылмайтын жерді мем­лекетке кері қайтару жұмыстары кейінгі уақытта қарқынын жоғалтқанын қоғам белсенділері де, депутаттар да қаузап келеді. Мұның бірнеше себебі бар екен: бір жағынан, латифундистер, лэндлордтар билік тар­мақтарындағы түрлі лоббисі арқылы ашылған істердің жабылуына, әшкереленген дерек­тердің құзырлы орган­дар қабырғасынан сыртқа шықпауына қол жеткізеді. Жерге қатысты талай былықты тауып, оны жоюға табандаған адал қызметкерлердің жұмыстан кетірілетіні жасырын емес. 

Екінші жағынан, бұл сала неге екені белгісіз, әлі күнге бюрократияландырылған. Басқа салалар қатарында бұл бағытты да дебюрократизациялауға шама жетер емес. Мәжіліс депутаттарына жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов заңбұзу­шылықтар анықталғанымен, оны жою үшін ұзақ күтуге тура келетінін айтыпты. 

Оның дерегі бойынша, жерді жалған құжаттармен алу деректері бар. Мәселен, Алматы облысы әкімінің аппараты Қарасай ауданында құқық белгілейтін құжаттарды тексеру барысында қолдан жасау фактісін әшкерелепті. Әкімдік 2025 жылғы 22 мамырда Қарасай ауданының полиция басқармасына тиісті шаралар қабылдау үшін хат жолдаған. 

Табиғи парктер жері де бөгде біреулерге үлестіріліпті. Іле-Алатау мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-ына бұрын берілген 848 гектар жерін өз құрамына қосу туралы Алматы қаласының әкімдігіне өтінішхат жолдады. Заңнамаға сәйкес, аталған аумақ­ты табиғи парк құрамына қайта қосу бой­ынша жаратылыстану-ғылыми және тех­никалық-ғылыми негіздемелер әзірле­ніп жатқан көрінеді. 

Содан кейін Үкіметтің арнайы қаулысы әзірленіп, қабылдануға тиіс. Басқа да қажетті рәсімдердің жүргізілуі қажет екенін мәлімделді. Тек содан кейін  тиісті шаралар қабылданатын болады. Үкімет басшысы О.Бектенов депутаттарға бұл жұмыс нақты қашан аяқталатынын айта алмады. Ендеше бұл бағыт та бюрократияға тұнып тұр. Кезінде заңмен тыйым салынғанына қара­мас­тан, табиғи парк жерін ылдым-жылдым бере қойған. Ал енді оны қайтару ісі шырға­лаң мен сергелдеңге толы.  

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы­ның тапсырмасын орындау үшін сонау 2022 жылғы 1 қыркүйекте қабылданған жалпы­ұлттық жоспар іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Оның аясында жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган пайдалан­ылмай жатқан және жер заңнамасын бұза берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға тырысып жүр. Әйткенмен, тіпті ресми деректің өзінен жерді кері оралту ісінің тегеуріні қайтып, қарқыны үш еседей құлдырағаны байқалады. 

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұ­манғарин пайдаланылмаған не заңнаманы бұза бөлінген жайылым жерлерді қайтару жұмысы жалғасқанын хабарлады. Осы мақсатта ауыл халқының мүддесі үшін жерді қайта бөлу және жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын бақылау жөніндегі республикалық комиссия жұмыс істейді. 10,6 млн гектар алаңды жайлаған 5 357 жер пайдаланушыға тексеру жүргізілді. Оның 7,4 млн гектарынан бұзушылық әшкере­леніп, 3 979 ұйғарым шығарылды. Тек 3,87 млн гектарында игеру басталды.

2024 жылы республиканың ауыл шаруа­шылығы алқаптарының 100%-ы цифрлан­дырылды. Оның ішінде 155,6 млн гектар немесе ел аумағының 57,1%-ы коор­динат­тық жүйелер мен картографиялық проек­цияларды ескере отырып, ашық форматқа ауыстырылды. Қалай болғанда да, жерге қатысты заңсыздықтар әлі де бары аңғары­лады. Президент Жолдауынан кейін бұл іске соны серпін беріле ме, әлде бұл тақы­рыпты келесі Жолдауда тағы көтеруіне тура келе ме, уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ