Қорқау қоғам төңірегі,
Екіге бөлінеді:
Жеп – қор болатындар мен,
Жеп – зор болатындар.
Алдыңғысы тұтылып жүр,
Соңғысы құтылып жүр.
Іргеңе іріткі салып,
Шімірікпей құтырып жүр.
Ізін аңдып жүретіндердің,
Айтуынша білетіндердің:
«Параны беру – міндет» дейді,
«Алу – індет» дейді.
«Жемқордың пешенесіне жазылған
Парыз бен сүннет» дейді.
Бітпесе дерегім,
Жемқор жайлы көп нәрсе дер едім.
Деген сайын,
Тілімнің мысқылы жетпей қалады,
Жеген сайын,
Жемқордың ышқыры
жетпей барады.
Араңда барыс-келіс болса,
Жемқормен алыс-беріс болсаң,
Айтқанымды жақтырмай,
Қайдағыны жазасың! – дерсің,
Көпен ағам айтқандай:
«Сиырды баспағымен жұтатындарға,
Пойызды составымен
құртатындарға,
Құдай өзі жазасын берсін!»
Ұлтыңды емес, құлқыңды,
Сүйетін болсаң не шара?
Күндердің күні болғанда,
Тәңір алдына барғанда,
Табарсың тәуба бейшара!..
Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ