Қарағандылық оқушылар Түркияда өткен халықаралық робототехника олимпиадасында жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Олар ауыл шаруашылығы мен экологияға арналған шешім ұсынып, жануарлар қалдықтарын биогазға айналдыратын «ақылды» биореактор жобасын таныстырды. Бұл технология зиянды шығарындылардың атмосфераға таралуын азайтып, алынған газды энергия көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Өңір атынан «Ақпараттық технологиялар» мектеп-лицейінің оқушылары бақ сынады. AIDK robotics командасы — Аңсар Айткен, Қажымұқан Түсіп және Илья Сон — Green Entrepreneurship Challenge шығармашылық санатында екінші орын иеленді.
— Жобаның негізгі мақсаты — жануарлардан шығатын био-қалдықтарды биогаз бен тыңайтқышқа айналдыру. Биореактор IoT-датчиктермен жабдықталған: олар температураны, pH деңгейін және газ көлемін нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Ал жасанды интеллект процесті оңтайландырып, оның тиімділігін арттыруға көмектеседі. Бұл метан шығарындыларын азайтып, фермерлік шаруашылықтарға энергия алуға мүмкіндік береді әрі мал шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етеді, — дейді Илья Сон.
Жүйе толықтай автоматтандырылған: жабдық процесті өздігінен реттейді, ал көрсеткіштерді қашықтан, тіпті смартфон арқылы бақылауға болады.
— Датчиктерден алынған деректер Arduino арқылы Raspberry Pi құрылғысына жіберіліп, өңделеді және әрі қарай жеткізіледі. Пайдаланушы барлық мәліметті Telegram-бот арқылы нақты уақыт режимінде көре алады. Сол арқылы жабдықты басқаруға — сорғыны қосуға немесе температураны өзгертуге болады. Бұл автоматты және қолмен басқару режимдерінде іске асады. Кіріктірілген жасанды интеллект деректерді талдап, жүйенің жұмысын қалай жақсартуға болатынын ұсынады. Осылайша процесті қашықтан бақылауға мүмкіндік бар, — деп толықтырды Қажымұқан Түсіп.
Оқушылар жобаны әрі қарай жетілдіріп, нәтижені жақсартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Inspire girls командасы құрамындағы 5-сынып оқушылары Сезім Серік пен Інжу Қаратай «Қыздарға арналған триатлон» санатында үшінші орынға ие болды. Ал 9-сынып оқушысы Айқын Аблаш жеңіске деген ұмтылысы үшін қазылар алқасының арнайы сертификатымен марапатталды.