Бұл – қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсетіп, адамдардың өміріне мейірім мен жылулық сыйлайтын әлеуметтік сала мамандарының еңбегін ұлықтайтын ерекше мереке. Әлеуметтік қызметкерлер мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір іспетті. Олар күн сайын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасылардың жанынан табылып, қамқорлық пен ізгілік көрсетеді.
Бүгінде Шымкент қаласында 1 913 әлеуметтік сала қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде 1 688 маман мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға және өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын азаматтарға көмек көрсетеді. Ал 30 қызметкер отбасылық құндылықтарды нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыс істейді. 195 әлеуметтік қызметкер халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру бағытында еңбек етуде. Қала аумағында бүгінде 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1 санаторлық-курорттық қызмет көрсету орталығы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған 1 әлеуметтік қолдау орталығы, 1 отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы мен аудандық мансап орталықтары тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Бұл орталықтарда психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға және өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын І және ІІ топтағы мүгедектер мен жалғызілікті қарттарға арнаулы көмек көрсетіледі. Қызметтер стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу түрінде ұйымдастырылған. 2025 жылдың 1 қазанына дейін Шымкент қаласы бойынша 3 236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Оның ішінде 752 адам стационар жағдайында, 793 адам жартылай стационарда, 402 адам уақытша болу орталығында және 1 289 адам үй жағдайында әлеуметтік қызмет алып отыр.
Бұл туралы өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Оның айтуынша, қаладағы әлеуметтік қолдау жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді, ал басты назар қызмет сапасын арттыру мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
«Әлеуметтік сала бұл – адам тағдырымен тікелей байланысты аса жауапты бағыт. Сондықтан әрбір әлеуметтік қызметкердің еңбегі құрметке лайық. Мемлекет тарапынан бұл салаға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Біз қоғамның әлсіз тобына жанашыр бола отырып, олардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте.
Мереке қарсаңында Шымкент қаласының әлеуметтік қызметкерлеріне құрмет грамоталары мен алғысхаттар табысталып, сала үздіктері марапатталмақ. Әлеуметтік сала мамандарының еңбегі – адамгершілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен парасаттың үлгісі. Олардың әрбір ісі қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын айшықтайды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы