Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Ұлттық кәсіби классификаторда (ҰКК) 1 274 мамандық тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрі тіркелген екен. Ең көп жұмысшы мамандықтары 5-9 негізгі топтарда шоғырланған, олардың саны шамамен 6 677 атауды құрайды. Сәйкесінше, 5-топ «Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері» 279 мамандықты, 6-топ «Шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары» 174 мамандықты, 7-топ «Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар» 2 327 мамандықты, 8-топ «Өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер» 3 385 мамандықты қамтиды. Еңбек адамы – бұл тек кәсіпорындар мен зауыттарда жұмыс істейтін жұмысшы ғана емес, бұл – өз ісіне адал, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын кез келген маман. Мұғалім де, дәрігер де, инженер де, шаруашылық иесі де еңбек нарығындағы ең белсенді жұмыс күші ретінде қоғам дамуына үлес қосады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді. Бұл тұрғыда Президент жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс екеніне басымдық беріп отыр. Яғни, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек, еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру керектігіне назар аударып отыр. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы елімізде еңбекке қабілетті шамамен 9,6 млн адам бар деген статистика ұсынды. Соның ішінде, қазір 2 млн 300 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейтін болса, олардың 470 мыңнан астамы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген қызметкерлерді әлеуметтік қолдау үшін арнайы төлем енгізілді. Оны алу үшін азаматтың жасы 55-ке толуы және кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленуі қажет. Бүгінде 14 мыңнан астам қызметкер зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтатып, арнайы төлем алып жатыр.
Ұрпаққа жалғасқан ұлы жол
Қазақ халқы ежелден «Еңбегімен ер сыйлы» деп еңбекпен есейген адал еңбек иесін құрмет тұтады. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деп еңбекпен келген нанның киесін ұғындырады ұрпаққа. Бабадан балаға жалғасқан еңбектің қадірін әспеттейді. «Еңбек түбі – береке» деп ырыздық-несібенің адал еңбекпен келгенін құптайды. Еліміздің дамуында еңбек династиясын қалыптастырып, ұзақ жылдар бір салада әулетімен абыройлы қызмет еткен маман иесі көп. Елге үлгі еңбек династияларын санамаласақ, «аузымызды ашып, көзімізді жұмып» таңданар едік. Жалпы, ел экономикасына қажырлы еңбегімен дәстүрлі түрде ауыр жұмыс жағдайына қарамай өз отбасыларында кәсіби дағдыларды ұрпақтан-ұрпаққа беретін еңбек әулеттері аз емес. Ресми ақпарат көздерінің есебінше, республикамызда осындай жүздеген әулет бар, олардың ішіндегі ең ірілерінің жалпы еңбек өтілі 3,3 мың жылдан асты.
Мәселен, Тукубаевтар әулеті өткен ғасырдың 30-жылдарында теміржол саласында еңбек ете бастаған, олар Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысқан. Бүгінде олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылға жуық. 460 жылдан астам уақыт еңбек өтілімен теміржолшы Амангелдиндер отбасы 4 ұрпақты бір салада адал еңбекке ұйытып келеді. Ал Ковалев-Мехнинный әулеті 383 жылдан астам уақыт бойы инженер-физик, дозимитрист болып қызмет етеді. Ақмола облысының педагогика саласында 4 ұрпаққа дейін жалғасып, қызмет етіп келе жатқан ұстаздар династиясы – Рыспамбетовтердің еңбек өтілі 220 жылдан асқан. Бір мақалада еліміздің түкпір-түкпірінде қажырлы еңбек етіп, қарапайым тұрмыс кешіп жатқан еңбек династиясын қалыптастырған абройлы әулеттер қатарын тізіп шыға алмайтынымыз анық.
Ұрпаққа мұра еңбек жолы 450 жылға жеткен Ақмола өңірінің тумасы Мақановтар әулеті ұстаздық – ұлы жолда ұстаздар династиясын қалыптастырған үлкен әулет. Жүрек қалауымен ұстаз болуды таңдаған Барқыт Серікпайқызының анасы да мұғалім. Отбасында анасының жолын қуып апалы-сіңілі үшеуі мектеп қабырғасында ұзақ жылдар еңбек етіп келеді.
– Өзім мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Анам мұғалім, отбасындағы 5 қыздың үшеуі анамыздың жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдадық. Көзімді ашқаннан көргенім мұғалімдер ғой, тіпті бала кезімде мен мұғалімнен басқа мамандық болатынын білмедім. Мұғалім мамандығын соншалықты қадірлеп өскенім Алланың жіберген сыйы болар, содан ұстаздар әулетіне келін болдым. Мақановтар әулетіне келін болып түскенімде, бұл отбасында алты мұғалім білім саласында өнімді еңбек етіп жатқанын көрдім. Қазір ұстаздық жолында он екі адам қызмет етеміз. Біз үшін ұрпақ тәрбиесі мен баланың білім шырағын жағу қасиетті парызымыз секілді. Жалпы, біздің әулеттің педагогикалық тарихы, еңбек өтілі 500 жылды құрайды, – деді Барқыт Мақанова.
Барқыт Серікбайқызының айтуынша, соңғы жылдары жас мамандар көп болмаса да мектепке келіп жатыр. Ең бастысы енді сол мамандарды мектепте ұстап қалу. Оларға тәжірибелі педагогтерден тәлімгер тағайындалып, мектепте тұрақты еңбек етуге ындаландыру қажет.
– Жас мамандарға айтарым, ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздің алдыңызға келетін бала біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жар дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын таңшолпандай жарқыратып, жар дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Әрине, мұғалім бола салу оңай, ал жақсы мұғалім болу – мыңның біріне ғана бұйыратын бақыт, – деді ұлағатты ұстаз.
Сондай-ақ Б.Сарқытқызы: «Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаларсың» деген өсиет бар. Қазіргі күн санап, сағат санап өзгеріп жатқан жаһандану заманында сан түрлі жаңалықтың жаршысына айналған мұғалімге артылған жүктің салмағы да ауыр екені анық. Сондықтан қазіргі заман мұғалімі заман көшіне ілесе алатын, жан-жақты, баламен, ата-анамен, әріптестерімен тіл табыса алатын дипломат болу керек», – деді.
Мемлекетіміз еңбек адамының мәртебесін көтеру, оның қажырлы еңбегіне әділ баға беру, адал еңбекті насихаттау бағытында 2013 жылдан бері «Еңбек күні» мерекесін атап өтеді. Бұл күн – қарапайым жұмысшыдан бастап, еліміздің ірі өндіріс ошақтарында қызмет етіп жүрген мамандарға дейінгі барлық еңбеккерге деген алғыс пен ризашылықтың нышаны болып қалыптасты. Ал 2016 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын еңбек күнін мерекелеуге және еңбек адамын құрметтеуге лайықты «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді. Бұл байқау нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуды көздейді.
Ғасырлар шыңдаған шындық
Биылғы «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңінің «Үздік еңбек әулеттері» номинациясы бойынша 20 жеңімпаздың жалпы еңбек өтілі 3 934 жылды құрған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, кейбір аймақтардан келген еңбек әулеттері бір салада бірнеше жүз жыл бойы еңбек етіп келе жатқанына куә боламыз. Ең ұзақ еңбек өтілі Шығыс Қазақстан облысындағы Дёминдер отбасы, әулеттің негізін қалаушы – 1908 жылы туған, көпбалалы отбасынан шыққан Михаил Дёмин. Михаил Дёмин және оның балалары «Казцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешенінде өндірісте жұмыс істеп келген. Олардың көбі осы жерден зейнеткерлікке шығып, балалары, немерелері мен шөберелері – 4 ұрпақ серіктестіктің әртүрлі бөлімшелерінде еңбек етуде. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 650 жыл. Сондай-ақ 300 жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар Қарағанды облысынан шыққан Волокитиндер отбасы көмір өнеркәсібінде 350 жылдан астам бірлескен тәжірибе жинақтапты. Әулет 1950 жылдардан бастап үш ұрпақты қамтиды. 12 отбасы мүшесі В.Ленин атындағы, «Долинская», «Казахстанская» шахталарында электрослесарьлар, орнатушылар, кеншілер, табельщиктер, қауіпсіздік диспетчерлері, тау-кен шеберлері сияқты негізгі мамандықтар бойынша еңбек етіпті. Түркістан облысынан келген Дербисовтер отбасы еңбек жолын Қазақстан теміржолының дамуына арнап, саланың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосты. Дәстүрді, еңбек тәртібін, жоғары жауапкершілікті сақтап, бүгінде немерелері сол салада еңбек етуде. Олардың жалпы еңбек өтілі 340 жылды құрайды.
Біз мысал етіп отырған әулеттер ғасырлардан астам уақыт бойы бір салада еңбек етіп, адал, қажырлы еңбектің, қажымас қайсар рухтың үлгісі бола білген жанкешті жандар екені сөзсіз. Еселі еңбекпен еңсесін тіктеген мұндай аңыз отбасылар қазақ қоғамында аз емес. Көріп отырғанымыздай, алды алты ғасыр еңбек династиясын жасақтаса, олардың ізін басып, үзігін жалғайтын әулеттердің еңбек өтілі 50 жылдан екі-үш ғасырмен сабақтасып, өнегелі өрнек құрып кете береді.
Ал байқаудың өңірлік кезеңінің «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған кәсіп иелерінің еңбек жолына үңілер болсақ, ерен еңбекке еріксіз бас иеміз. Үздіктер қаратында оза шауып, қара үзіп келген 20 маман өзі еңбек еткен жылдарда 1 253 жас маманға тәлім беріп, түрлі салада өз білімі мен тәжірибесін ұқтырды. Бұлардың ішінде ең көп шәкірт тәрбиелеген тәлімгер – Алматы қаласынан Алшын Алтыбаев. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және цифрлық трансформациялау саласында 50 жыл бойы еңбек етіп, 500-ден астам жаңа қызметкерді оқытқан Алшын Алтыбаевтың еңбегі, кәсіби біліктілігі мен абыройы қай кезде де жоғары бағаланатыны анық. Сондай-ақ Қостанай облысынан электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі 5-разрядты электромонтер Ришат Фастхутдинов пен Қызылорда облысының күріш өсіру бригадасының жетекшісі Гүлсім Дарибаева 100-ден астам маманға білім беріп, біліктілік кәсіпке шыңдаған.
Бұл тұста еске сала кетсек артық болмас бір мәселе – байқаудың жыл сайын екі кезеңде ұйымдастырылатындығы. Яғни, өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өткізілетін байқау «Үздік еңбек әулеттері» – ең көп мүшесі бар, ең ұзақ жалпы еңбек өтіліне ие, марапаттары ең көп еңбек әулеті таңдалады, келесі «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» – байқауға құжат тапсырған сәтте кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар, ең мықты деген тәлімгерлер іріктеледі және «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, өндірісте белсенді және еңбекқор жас маман таңдалады.
Өркенді өнеркәсіп – өнегелі үрдіс
Жалпы соңғы жылдары елімізде еңбек адамын насихаттаумен қатар, қоғамда жұмыссыздық мәселесін жою, жастарды заман сұранысына ие мамандықтарға баулу мәселесі өзекті болып отыр. Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлау ісінде кәсіби стандарттарды енгізу және дуалды білім беру жүйесін дамыту негізгі құралға айналған. Нәтижесінде, биыл Индустрия және құрылыс министрлігі сегіз сала бойынша 88 кәсіби стандартты әзірлеп, жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл 544 мамандықты қамтиды.
«Кәсіби стандарттарды енгізу нақты сектордың кадрларға деген сұранысын білім беру жүйесімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл еңбек нарығындағы мамандардың сұранысқа ие болуын арттырады. Сонымен қатар теория мен өндірістік тәжірибені үйлестіретін дуалды оқыту үлгісіне айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде дуальды оқыту жүйесі негізінде елімізде 284 колледж 700-ден астам кәсіпорынмен серіктестікте кадр даярлайды. Бизнесті тарту арқылы жасалған меморандумдар аясында нақты өндіріс орындарының сұранысына бейімделген 30-дан астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда», – дейді И.Шархан.
Министрліктің шілде айындағы есебіне сүйенсек, өнеркәсіп саласында жыл сайын 13 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмысқа орналасады. Сондай-ақ министрлік тарапынан кәсіптік бағдарлау бағытында мыңдаған мектеп оқушысына жүйелі түрде іс-шаралар ұйымдастырылады. 2024 жылы 2 мыңнан астам студент өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтті және ведмоствоның ұйытқы болуымен алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамыту жұмыстары жалғасуда.
«Бұл тәсіл кадрлар санын арттырумен қатар, олардың сапасын да көтеруге мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, өнеркәсіп секторының технологиялық трансформациясы жағдайында және жұмысшы мамандарға қойылатын талаптардың күшеюіне байланысты ерекше маңызға ие», – дейді ол.
Еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау демекші, Мемлекет басшысы бұл саладағы мемлекеттік саясат халықты лайықты жұмыспен қамту және әділ еңбекақыға негізделуі тиіс екенін үнемі айтумен келеді. Ол үшін Үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс бірнеше міндет те жүктеді. Төртінші өндірістік революция дәуірінде жаңа мамандар даярлау үшін білім жүйесінің әлемдік стандартқа сай кешенді жаңаруы маңызды. Сонымен қатар сапалы жұмыс орындарын құру және жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыруға басымдық береді.
Еңбек нарығындағы жұмыссыздық жағдайында ескеретін тағы бір мәселе қалалар мен ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты болып отыр. Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, бүгінде елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды, ал ауылдық жерлерде 4,7 пайызды құрап отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаеваның айтуынша, ауыл мен қаладағы жұмыссыздық мәселесінде көп айырмашылық жоқ.
«Айырмашылық өте шамалы. Мансап орталықтары ауылға да, қалаға да назар аудармайды, олар үшін адамның қай жерде тұратыны маңызды емес. Олар барлық облыстармен, аудандармен және бүкіл халықпен кешенді түрде жұмыс істейді», – деп атап өтті ол.
Қалай десек те, қазіргі ақпараттық технологиялар ғасырында біздің күнделікті өміріміз цифрлық жүйелер арқылы жеңілдей түскені анық. Тіпті, кейбір мамандықтардың қоғамдағы орны жоғалып та жатыр. Білім алу, жұмыс істеу, демалу, тіпті денсаулығымызды қадағалау, барлығы цифрлық жүйелер арқылы жүзеге аса бастады. Дегенмен автоматтандыру мен роботтандыру адам ақыл ойын, адал еңбе пен жауапкершілік жүгін алмастыра алмайтыны даусыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ