Бұл еліміздің дамуында маңдай терін төгіп, күн сайын еңбектің майданына араласып жүрген қарапайым жұмысшыға құрметтің белгісі. Өйткені нағыз еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Сол еңбек майталмандарының қатарында шымкенттік Мұхтар Мырхайдаров бар. Ол – Шымкент мұнай өңдеу зауытында 40 жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
1964 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Мұхтар Бахадүрұлы жасынан еңбекке жақын болып өскен. Әкесінің өнегесі мен анасының адалдығын бойына сіңірген ол 1982 жылдан бастап өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңды. 1985 жылы ҚазТИ-ге механик мамандығы бойынша оқуға түсіп, білімін жетілдіре жүріп, зауыттағы жұмысын да қатар атқарды. 1991 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына көптен күткен дипломын алды. Оның кәсіби жолы – нағыз еңбек мектебі. Жай жұмысшыдан бастап, цех шебері, одан механик дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС №1 технологиялық цехының механигі ретінде зауыттағы әрбір тетіктің тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалап, өндірістің жүрегін соқтырып жүр.
Мұхтар Бахадүрұлы үшін еңбек – тек қызмет емес, өмірінің мәні. Әрбір механизмнің ақаусыз жұмыс істеуі, зауыттағы өндіріс процесінің іркіліссіз жүруі – оның күнделікті жауапкершілігі. Ол – сенімді маман, әріптестері үшін тәжірибелі ұстаз, жастарға үлгі. Маңдай терімен келген еңбегі мемлекет тарапынан да еленбей қалған жоқ, «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі орденінің иегері атанған. Бұл марапат оның тек жеке жетістігі емес, тұтас еңбек адамдарының қоғамдағы орнының биіктігін білдіреді.
Өндірісте абыройлы маман болса, үйінде – асқар тау әке, сүйікті жар. Жан-жары екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әулет. Әкенің адал еңбегін бағалаған ұрпақтарының алғысы ерекше. Немерелері арнайы дайындаған «Ата – біздің батыр» деген жазуы бар торт оның өмір бойғы маңдай теріне берілген шынайы марапаттың дәл өзі еді.
Қазір елімізде түрлі саланың жұмысшыларына жағдай жасалып, олардың мәртебесін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Мұхтар Мырхайдаровтың өмір жолы – еңбек адамының қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екенін көрсететін айқын үлгі. Осындай қарапайым, бірақ қаһарман еңбегімен елге қызмет етіп жүрген азаматтарға қоғамның құрметі ерекше.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы