in

Ем іздегендер енді алаңсыз

Жоба аясында ауылдық жерлерде медициналық насандар салуды, ауыл халқы үшін медициналық қызметтерді қолжетімді етуді тапсырған-ды. Пре­зиденттің осы тапсырмасы аясында БҚО-да  50­ меди­ц­иналық нысан салу жоспарланған еді.

Президент тапсырмасына сай медициналық нысандар алдымен алыс ауылдармен шалғай жатқан елді мекендерге салынып жатыр. Жоғарыда аталған 50 медици­налық нысан ішінде  11 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт,  18 медицина­лық пункт салынады деп күтіліп отыр. Осының ішінде соңғы екі жылда 36 нысан пайдалануға бер­іл­се, биылғы жылға жоспар­лан­ған 14 нысанның 11-і пайда­лану­ға беріліп үлгерді. Сондай қуанышты жаңалық Сырым ауда­нына қарасты Шағырлыой ауыл­дық округінде болды. Ауыл халқына арналып жаңадан фельд­шерлік-акушерлік пункт салын­ып, пай­да­лануға берілді. 

Осы күні ауыл халқының қуан­ышына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен облыстық Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады. Қызыл лен­та­ны ауыл ақсақалы Сағидоқас Бақтығалиев пен өңір басшысы бірге қиып, батасын берді.

– Президентіміз Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында «Еліміздің басты құнды­лығы – адам. Ұлт денсаулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын. Бүгін Сырым ауданының Ша­ғыр­лыой ауылындағы жаңа фельд­­шерлік-акушерлік пункт­тің ашылуы – баршамыз үшін қуан­ышты оқиға. Енді ауыл тұр­ғын­­дары сапалы әрі уақытылы меди­ци­налық көмекке қол жет­кі­зе ала­ды. Бұл нысан аналар мен ба­ла­лардың, жалпы ауыл тұрғын­дарының саулығын нығайту­ға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы ая­сында ашылып отырған осы нысан ауылдықтардың көптен күткен қуанышы. Бұрын әбден ескірген ғимаратта қызмет алып келген ауыл тұрғындары үшін за­манауи жарқыраған кең меди­ци­налық пункт хан сарайындай көрінеді. 

600-ге жуық тұрғыны бар Шағырлыой  аудан орталығынан шамамен 20 шақырымдай жерде орналасқан. Жас балалар мен босану жасындағы әйелдер саны­ның көптігі алғашқы медицина­лық көмектің сапалы әрі қолже­тімді болуын айрықша қажет ете­тінін көрсетеді. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін жаңа ФАП-тың ашылуы көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Ауыл тұрғындарынан бұрын ауылда қызмет атқаратын медицина сала­сының мамандары қуанып жатыр. 

Фельдшерлік пунктке Айым­күл Аққайырова жетекшілік ет­еді. Туған ауылында 1990 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жат­қан ол  өз ісіне шын берілген, тәжірибелі маман. 

– Ауыл тұрғындары үшін де, біз үшін де заманауи орында қыз­мет көрсету – үлкен қуаныш. Бұрын ескі ғимаратта да халықты қабылдап жүрдік. Ал енді осы жерде қажетті анализдерді алып, аудан орталығына апарып тап­сырып отырамыз. Жүкті әйелдер мен балаларды да қабылдайтын жағдайымыз бар. Ауыл адамдары ауданға шаппай, қажетті көмекті өзімізден ала алатыны қуанта­ды, – дейді Айымкүл Аққайырова. 

«Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылысы былтыр бас­талған нысан биыл сәтімен аяқ­талып, ауыл тұрғындарын қуан­ышқа бөлеп жатыр. Меди­цина­лық пункт 15-20 адамды қабыл­дай алады. Ғимарат ішінде фельд­шердің қабылдау бөлмесі, ем-ша­ра, екпе егу, физиотерапия, аку­шерлік қарау бөлмелері мен залалсыздандыруға арналған арна­йы бөлмелер толық қамтыл­ған. Қазір бұл жерде екі медицина қызметкері, бір кіші қызметкер және бір жүргізуші қызмет етеді.

Жаңа медициналық нысан­ның ашылуына орай ауыл тұр­ғын­дары да жылы лебізін білдіріп, алғысын жаудырды. Соның бірі – Байболатовтар отбасы.

«Адам жанының арашасы бол­ған жандардың еңбегі өлшеу­сіз. Айымкүлдей абзал жанның шипалы қолы талай жанға медет болды. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген облыс, аудан басшы­лығына алғысымыз шексіз. Жаңа ФАП – ауылымыз үшін үлкен серпін», – деді олар.

Жалпы, 2023-2025 жылдары БҚО бойынша 37 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргіз­ілді. Тек биылдың өзінде бес ны­санға күрделі жөндеу жүргізу жоспары тұр. Атап айтсақ, бұл – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық онколо­гия­лық диспан­сердің радиология бөлімшесі, Шыңғырлау аудандық орталық ауру­ханасы және Қара­төбе ауданы­ның екі дәрігерлік амбулаториясы. Сондай-ақ 8 мо­дуль­дік медици­налық ғимарат сатып алынып, қол­данысқа берілді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы