in

Дәурен Сейітжанұлы: Қазақстан үшін бейбітшілік жолында алтын көпір болу – мәртебе ғана емес, жауапкершілік

– Антониу Гутерриш: «Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді». Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Алматыға жасаған ресми сапары кезінде айтқан жүрекжарды сөзі. Осындай жоғары баға жай ғана дипломатиялық сыпайылық емес, Қазақстанның халықаралық беделінің салмағын, өңірлік тұрақтылықтағы рөлін, әлемдік диалог алаңына айналғанын көрсететін шынайы мойындау.

Гутерриш мырзаның Алматыға келуі – еліміздің бейбітшілік пен орнықты даму жолындағы еңбегіне берілген халықаралық құрмет. БҰҰ Бас хатшысының бұл сапары, әсіресе, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы алдындағы тығыз кестесінде жүзеге асқаны –  Қазақстанға көрсетілген ерекше ықылас екенін аңғартады. Бұл кездесу Орталық Азиядағы тұңғыш «Тұрақты даму мақсаттары» өңірлік орталығының ашылуымен тұспа-тұс келіп, тарихи мәнге ие болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі де бейбіт бастаманың символы ретінде дүниеге келген. Оның атауын алғаш болып АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт ұсынған. 1942 жылдың 1 қаңтарында 26 мемлекет фашизмге қарсы бірігеміз деп ант еткенде, бұл атау алғаш рет ресми түрде айтылды. Ал 1945 жылы Сан-Францискода өткен салтанатты кездесуде БҰҰ Жарғысы әзірленіп, 50 мемлекет қол қойды. Содан бері Ұйым адамзат тарихындағы ең ауқымды, ең күрделі халықаралық құрылымға айналып, бейбітшілік, қауіпсіздік, даму және адам құқықтары саласында жаһандық жауапкершілік жүгін арқалап келеді.

Қазақстан осы кең ауқымды миссияның сенімді серіктесі ретінде өзін бірнеше рет дәлелдеген. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, Сирия мәселесі бойынша Астана процесін ұйымдастыру, гуманитарлық көмек жобалары –  бәрі еліміздің жаһандық диалогтағы жауапкершілік пен адамзат алдындағы міндетке адалдығын көрсетеді.

Сол себепті де Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына алғысын білдіре отырып: «Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын», –  деді.

Шын мәнінде, бұл сөздер – сыртқы саясаттағы ұстаным емес, мемлекеттің тарихи миссиясының көрінісі. Өйткені Қазақстан үшін бейбітшілік – декларация емес, жол. Ал сол жолда алтын көпір болу – мәртебе ғана емес, жауапкершілік, – деді журналист Дәурен Сейітжанұлы.