Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы эпизоотикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтап, басты міндетін абыроймен атқаруда. Бұл міндет заманауи профилактикалық шараларды енгізу, дер кезінде диагностика жүргізу, жануарлардың денсаулығын тұрақты мониторингтеу және инфекция ошағын тиімді түрде жою арқылы жүзеге асырылып отыр.
Эпизоотикалық ахуалды жақсарту арқылы ауыл шаруашылығын орнықты дамытып әрі мал шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға болады. Бұл жұмыс агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тұрақтылығына да тікелей ықпал ететіні анық.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы эпизоотикалық жағдай қазір тұрақты. Бүгінге дейін аса қауіпті инфекциялардың белсенді ошақтары тіркелмеген. Аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Мамандарға қолдау көп
Ең алдымен облыстың ветеринария саласында материалдық-техникалық база айтарлықтай жақсарғанын айта кету керек. Биыл тамызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 133 жаңа қызметтік автокөлік салтанатты түрде тапсырып, соның арқасында ветеринар мамандардың мобильдігі бірнеше есе артты. Бұл көліктер соңғы 13 жылда алғаш рет жаңартылып отыр. Көліктер арнайы хирургиялық және анатомиялық құралдармен, биоматериалға арналған термоконтейнерлермен және қажет медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Өңірге қарасты қала және аудандарда 11 ветеринария саласындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын және 100 ветеринариялық пункт тұрақты жұмыс істеп тұр.
Облыста 500-ден астам ветеринар маман жұмыс істейді. Өңір үшін кадрдың әлеуеті жеткілікті. Кәсіби мамандардың тапшылығын болдырмау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. 2025 жылы ветеринариялық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету шараларын іске асыру үшін 2,0 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, оның ішінде 470 млн теңге – республикалық бюджеттен берілген трансферттер. Бұл қаржы саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға, профилактикалық іс-шаралардың сапасын арттыруға және ветеринариялық қызметтің тиімділігін көтеруге бағытталды.
Ветеринар мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін олардың жалақысы орта есеппен 15 пайызға өсті. Салаға қызығушылықты артып, кәсіби мамандардың бәсекеге қабілеттілігі күшейді. 2026 жылы республикалық бюджет есебінен 2 млрд 100 млн теңгеге 70 модульді ветеринариялық пункт салу жоспарланып отыр. Соның арқасында ауылдық жерлерде ветеринариялық қызмет сапасы жақсарады.
Ветеринар мамандарын әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар әлі де жалғасып жатыр. Соның негізінде жалақыны 40%-ға арттыру, еңбек жағдайын жақсарту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл шаралар ветеринар мамандардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеріп, салаға деген қызығушылықты арттырары даусыз.
Жаңа зертхананың мүмкіндігі мол
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, ветеринария саласын материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек екенін айтты. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы озық үлгі көрсетті. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың жетекшілігімен ерекше жоба іске асты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету мақсатында ел аумағындағы бірегей ғылыми мекеме – Қазақстан мен Қытайдың Біріккен көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасы ашылды. Бұл зертхана бүгінде ел ішінде өзінің техникалық жарақтандырылуы, функционалды мүмкіндіктері және халықаралық мәртебесі бойынша баламасы жоқ нысан болып тұр.
2025 жылдың 8 қазанында Өскемен қаласында өткен салтанатты рәсім барысында жаңа зертхананың ресми түрде іске қосылуы атап өтілді. Зертхана агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.
Зертхана ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерімен жабдықталған. Мұнда мамандарға классикалық және молекулалық диагностика жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтардың толық кешені ұсынылады.
Негізгі зерттеу бағыты – жануар тектес өнімдер мен шикізаттың, жем мен жемдік қоспалардың қауіпсіздік көрсеткіштерін анықтау. Оның өзіндік 10 бағыты бар.
Біріншісі, ПЦР реалтайм, амплификация – 48 сағат ішінде патогенді микроағзаларды анықтайды. Ал екіншісі, ПЦР электрофорез – ДНҚ, РНҚ және ақуыздарды талдау кезінде, туыстықты анықтауда, өнімді сәйкестендіруде кеңінен қолданылатын электрофорез әдісі.
Үшіншісі, иммуноферменттік талдау. Жылдам сапалық немесе сандық зерттеулерге арналған, үнемді, ауқымды қамту мүмкіндігі бар скринингтік әдіс. Микотоксиндер мен антибиотиктердің қалдық мөлшерін анықтау кезінде қалыптан ауытқуларды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Төртіншісі, микробиологиялық зерттеулер. Бактериялық ластануды анықтауға арналған. Бесіншісі, масс-спектрометрлік детекторы бар сұйық хроматограф – дәрілік заттарды, полипептидті антибиотиктерді анықтайды.
Алтыншысы, газды хроматограф. Дәрілік заттарды, амфениколдарды, клоксациллин, амоксициллинді табады. Сондай-ақ газды хроматография су, топырақ, ауа ластануын бақылап, пестицидтер, инсектицидтер, гербицидтер, акарицидтердің қалдық мөлшерін зерттеуде кеңінен қолданылады.
Жетіншісі, квадрупольді ГХ-МС – стероидтер мен стильбен туындылары, тағамдық қоспалар, бояғыштар, паразитке қарсы ветеринарлық препараттарды белгілейді.
Сегізіншісі, иондық хроматография. Судың сапасын зерттеуге арналған, ондағы нитраттар, нитриттер, хлоридтер, сульфаттар мөлшері, белсенді қышқылдығы, темір мен ауыр металдардың құрамын нақтылайды.
Тоғызыншысы, жоғары тиімді сұйық хроматограф. Қандағы және зәрдегі түрлі стероидты профильдерді анықтауға арналған, бұл стероидты гормондардың синтезі мен метаболизмінің бұзылуымен байланысты ауруларды диагностикалауда аса құнды тест саналады. Сондай-ақ жемдегі микотоксиндердің қалдық мөлшерін анықтауға қолданылады.
Соңғысы, индуктивті байланысқан плазмасы бар атом-эмиссиялық спектрометр. Су, азық-түлік өнімдері мен олардың қайта өңделген өнімдері, фармацевтикалық препараттар секілді нысандарда қажетті үлгі дайындаудан кейін ерітінділердегі металл элементтердің массалық концентрациясын өлшеуге арналған.
Қазір «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Біріккен көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасы» жабдықтарын Қазақстан реестріне енгізу мақсатында «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» мамандарының қатысуымен тексеру жұмыстары жүргізіліп, 50 пайызы орындалды.
Бұл зертхананың бірегей ерекшелігі – халықаралық деңгейде мойындалғаны. Яғни, екі мемлекеттің стандарты бойынша аккредитациядан өткеннен кейін сараптама нәтижелері Қытайда қайта тексеруді талап етпейді. Бұл өз кезегінде экспорттық өнімдердің рәсімдеу мерзімін қысқартып, халықаралық саудадағы сенімділікті арттырады.
Зертхананың құрылуы – өңірдің ғылыми-зерттеу базасын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауды күшейтуге және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған стратегиялық қадам.
Зертхана мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасымен алдын ала ауызша келісім жүргізілді. Бұл тек зертхана ғана емес – Қазақстан мен Қытайдың агросекторында инновациялық технологияларды енгізудің, бірлескен зерттеулер жүргізудің және тәжірибе алмасудың маңызды алаңы.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен қаражат бөлініп, «Жоғары тиімді сұйық хроматографы» ШҚО филиалы зертханасының Азық-түлік қауіпсіздігі бөліміне орнатылды.
Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының ветеринария саласы қазір қарқынды жаңғыру үстінде. Материалдық-техникалық базаның нығаюы, халықаралық деңгейдегі зертхананың іске қосылуы, мамандардың әлеуметтік қолдауы және облыс басшылығының нақты демеуі іске асып жатыр. Барлығы өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасауда.
«Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Біріккен көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасы» ашылуының арқасында Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа еркін шығара алады.
Шығыс Қазақстан өңірі – еліміздегі ауыл шаруашылығы бойынша әлеуеті зор аймақтың бірі. Алайда заманауи технологияларсыз, сапалы сараптамасыз және ғылыми негізделген тәсілдерсіз жоғары өнімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан осындай зертхананың құрылып, мамандарға жағдай жасалуы – агроөнеркәсіп саласындағы жүйелі дамудың айғағы.