Астанада күйші Дина ескерткішіндегі QR-код тақтасын белгісіз біреулер қиратып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайтының тілшісі.
“Күйші Дина ескерткішінде QR-код тақтасы орнатылған болатын. Соны аяқпен теуіп қиратып кеткен. Камераның өзін болмаса да, муляжын қойса болар еді. Адамдар камера бар екенін көрсе, бақылау бар екенін біліп, аяғын тартушы ма еді?..” – деді ол қоғамдық кеңестің отырысында.
Іnbusiness.kz жазғандай, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қаланың камерамен жабдықтау мәселесі жоспарда бар екенін айтты.
“Былтыр 1 200 камера орнаттық. Тағы да конкурс процедуралары жүріп жатыр. Биыл тағы мыңнан астам камера қоямыз. Цифрландыру басқармасына осы жерде тапсырма беремін. Әріптестеріміз айтып отырған ауданда міндетті түрде тұрақты бейнебақылау ұйымдастырылсын. Ол камералар Полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғануы керек. Жекелеген парасатсыз азаматтардың тарапынан зақым келетін нысандарға 24 сағаттық бейнебақылау орнатылсын. Бұл мәселені жыл аяғына дейін тындыру керек”, – деді қала әкімінің орынбасары.