in

Бүгін әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні

Батыр Байзолла Әкежановтың ұрпақтарына атасының есімі берілген Ұлттық ұлан ұшағы таныстырылды.

Ел тарихында өшпес із қалдырған майдангер-ұшқыш гвардия полковнигі Байзолла Әкежановтың есімі Ұлттық ұланның авиациясында қайта жаңғырды. Ұлы Отан соғысының ардагері атанған батырдың ұрпақтары ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери авиабазасына арнайы шақырылып, атақты ұшқыштың есімі берілген Y-8 әскери ұшағымен танысты.
Батырдың немересі Талғат Әкежанов бастаған әулет өкілдері әскери бөлімнің тыныс-тіршілігін көріп, ұшақтардың мүмкіндіктері, экипаж жұмысы мен күнделікті қызметі туралы ақпарат алды. Ұрпақтары үшін бұл кездесу — аталарының есімі жазылған әуе кемесін өз көздерімен көрумен ерекшеленген, тағылымы мол ерекше сәт болды.
Сапар барысында Байзолла Әкежановқа қатысты архивтік құжаттар мен тарихи материалдардың көшірмелері музей қорына табысталды. Енді құнды жәдігерлер әскери қызметшілерге батырдың өмірі мен ерлік жолын танытып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елге қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруға қызмет етпек.
Қазақстан әскери авиациясы тарихында алғаш рет Ұлттық ұланның Y-8 ұшақтарына елге танымал қаһарман ұшқыштардың есімдері берілді. Олардың қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, білікті ұшқыш Біліс Нұрпейісов, «Халық қаһарманы» Бақтыораз Бейсекбаев, қаһарман ұшқыш Хиуаз Доспанова, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров және гвардия полковнигі Байзолла Әкежанов бар.
Бұл — батырлардың ерлік жолын бүгінгі әскери қызметпен жалғаған тарихи сабақтастықтың айқын көрінісі.
Бүгінде Ұлттық ұланның Ан сериясындағы әртүрлі модификациядағы және Y-8 әскери ұшақтары, сондай-ақ Ми-171Е тікұшақтары Ішкі істер министрлігіне жүктелген аса маңызды қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда сенімді тірек болып отыр. Ұландық ұшқыштар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті сақтауға, арнайы операцияларды өткізуге, жеке құрам мен қажетті жүктерді жедел тасымалдауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға тұрақты түрде жұмылдырылады.
Мәселен, Ұлттық ұлан ұшақтары жыл сайын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысып, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтау мақсатында барлау ұшуларын орындайды. Ұландықтар сондай-ақ «Өрт» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына белсенді қатысып, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындықтарын шыңдайды.

Осылайша, Ұлттық ұлан авиациясы Ішкі істер министрлігіне жүктелген елдегі тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауда маңызды рөл атқарады. Осы ретте Ұлттық ұланның ұшқыштары мен әуе кемелері «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстана отырып, жауапты міндеттерді абыроймен орындауға әрдайым дайын.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің ұшқыштары қиын сәтте Сирияға, Түркияға және Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізді. Сонымен қатар бұл ұшақтар 2024 және 2025 жылдары елімізде жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып, зардап шеккен өңірлерге күштер мен қажетті жүктерді жедел тасымалдады.