in

Бір күндік табыс, бір айлық өкініш

Сондағы табатын табысы күніне 5 мың теңгеден басталады. Жасөспірімді жұмысқа жегіп, атаанасы шынымен жыртығын жамай ала ма? Әлде, бұл жастардың өз таңдауы ма? 12 маусым – Халықаралық бала еңбегін қанауға қарсы күн. Осыған орай жалған жарнамаға алданып, сенімсіз жұмыстардан еңбекақысын ала алмай жүрген студенттер мен оқушылардың жағдайын зерттеп көрдік.

Бала еңбегін қанау проблемасы бүгінде бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Баланы еңбекке еріксіз жегу фактілері, әсіресе Орталық Азия елдерінде көп деседі. Ха­лықаралық еңбек ұйымдары сарапшы­ларының дерегіне жүгінсек, әлем бойынша еңбекке жегілген 200 миллионнан астам баланың жартысы дерлік қауіпті жағдайда жұмыс істейді екен. Бала еңбегін қанауға қарсы күрес мәселесіне қатысты бірнеше халықаралық конвенциялар мен маңызды құжаттар бар. Тіпті, 2002 жылы Халық­аралық Еңбек Ұйымы әлем назарын бала еңбегін қанау мәселесіне аудару, проб­леманың шешімдерін іздеу мақсатын да – 12 маусымды Дүниежүзілік бала еңбе­гіне қар­сы күрес күні деп жариялағанды. 

Уәделескен ақшаны ала алмаған

Қарыны ашып, қалтада ақшасы болма­ған соң, әсіресе студенттер кез келген мүм­кіндікке жүгіретіні рас. Жалпы, жас­өспірімдердің тәжірибесі аз, еңбек заңды­лығынан бейхабар, ал сенгіштігі жоғары. Әлеуметтік желілердегі «сағаттық жұмыс, тәжірибе керек емес, төлем бірден бері­леді» сияқты хабарламаға көп жас алданып қалып жатыр. Жасөспірімдер келісім­шарт­сыз жұмыс істейді. Ал ақысын берме­ген жұмыс берушіге шағым түсірейін десе, еш дәлел жоқ. Бұл – жиі кездесетін жағдай. Елордалық студент те сондай жағдайға ұшы­раған. Ол Астанадағы Torty.Astana кондитерлік орталығына жұмысқа кіріп, жа­ла­қысын ала алмай қалған. Ол бұл ту­ралы әлеуметтік желідегі парақшасына жаз­ды.

Біз зерттеуіміз бір жақты болмас үшін Torty.Astana кондитерлік орталығымен бай­ланысқа шығып, олардың да осы жағ­дайға байланысты ойын білдік. Ал олар өз та­раптарынан ешқандай ағаттық кетпей, заң шеңберінен шықпағанын мәлімдеп отыр. 

– Мына студент қыздар мен олардың туыс­тары, әсіресе әпкесі өте орынсыз әрекет жасап жатыр. Маған қоқан-лоққы көрсетіп, қайта-қайта қоңырау шалып, Instagram-да ешбір дәлелсіз мені белгілеп, компаниямды қаралап жатыр. Тағы да қайталап айтамын, ешқандай дәлел не­месе негіз жоқ. Олар бірден менің компа­ниямды жаппай белгілей бастады. Мен дереу заңгерлерге хабарластым. Заңгерлер: «Келесіде тағы осылай негізсіз әрекет етсе, компанияның іскерлік беделін түсіргені үшін оларды заң жүзінде жауапқа тартуға болады»  деді. Барлығы алдын ала келі­сім­мен болды. Бізде әрбір адам жұмысқа кіріспес бұрын танысады, түсінеді. Ол қыз үш күн бойы теория мен практикадан өтті. Ол үш күн ішіндегі сатылым – толықтай оқу барысындағы тәжірибенің бір бөлігі, – дейді Torty.Astana кондитерлік орта­лығының басшысы Эмир Кенжалин.

Оның айтуынша, жұмысқа нөлден бастап келгенде, бірден өз бетімен өнім сата алмайды. Өнімнің ерекшелігін де, мазмұнын да, қалай ұсыну керектігін де білмейді. Сондықтан бастапқыда оған нақты не жазу керек, клиентке не деп жауап беру керек – бәрі түсіндірілді. Ол тек айтқанымызды орындап отырды. Ал енді ол қыздың «мен өз бетімше өнім саттым» дегені –100% жалған. 

– Туыстары мені студенттерді «экс­плуатациялады» деп айыптап жатыр екен. Мүлдем жалған әрі шындыққа жанас­пай­тын ақпарат. Керісінше, мен студенттерге мүмкіндік ұсынамын, оларды оқытамын, уақытымды арнаймын. Оқу процесіне өз қаражатымнан миллиондап ақша жұмсай­мын. Соған қарамастан, бұл білімді мен оларға тегін беруге дайынмын – тек жұмыс істеп, үйренсін деген ниетпен. Ол маған тә­жірибелік күннің үшінші күнінде ұйық­тап қалып, келе алмайтынын жазды. Сон­дық­тан мен «өз тарапымнан ешқандай қа­телік жасадым» деп ойламаймын. Оның үстіне, барлығы құжат жүзінде тіркелген, қа­тысушылардың бәрі онымен танысып, құжаттарға қол қойған, – дейді кондитерлік дүкеннің иесі. 

Жазбаша келісімшарт жасалуы керек    

– Ал егер келісімшарт жасалмаса да, жұмыс беруші студентті жұмысқа қабыл­дап, белгілі бір міндет атқартса, жалақыны төлеуден бас тартуға ешқандай заңды негіз жоқ. Мұндай жағдайда, ең алдымен, сту­дент Еңбек инспекциясына шағым түсіре алады. Шағымында: «Мен осындай меке­меде жұмыс істедім, бірақ келісімшарт болмады. Дегенмен мынадай жұмыстарды атқардым» деп, нақты дәлелдер келтіру қажет. Егер Еңбек инспекциясының жауабы мардымсыз болса немесе шағым қанағаттандырылмаса, онда студент сотқа жүгінуге құқылы. Сотта куәгерлер мен қо­сымша дәлелдер арқылы атқарылған жұ­мысты растауға болады. Сот шешімімен жалақыны өндіріп алуы мүмкін. Прак­тика­да мұндай бірнеше мысал бар, сту­дент­тер сот арқылы өздеріне тиесілі ең­бекақысын өндіріп алған кездері болған. Бұл жұмыс берушілердің келісімшарт жа­са­май, жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу үшін маңызды, – дейді заңгер. 

Заң бойынша елімізде 18-ге толмаған­дардың барлығы «бала» деген санатқа кіреді. Ешбір баланы еріксіз жұмысқа тартуға болмайды. Тек бала 14-ке тол­ған­нан кейін ғана заңға сәйкес, «ата-аналары­ның рұқсатымен оқудан бос кезiнде ден­саулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiр­мейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысу­ға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк бас­қа­ру органдары қамтамасыз етедi. Ал қазіргі жастардың басым бөлігі келісімшартсыз жұ­мыс істейді. Мұндай жағдайда еңбек құқығы қорғалмайды, алданып қалған сәтте шағымдануға негіз де жоқ. Бұл – ең­бек нарығындағы жасөспірімдердің ең әлсіз тұсы.

Оқу ақысын төлеу, пәтерақы, күнде­лікті шығын – студент өмірі жеңіл емес. Осындай қысыммен жүрген жасөспірімдер ақша табудың жолын көбіне әлеуметтік желіден іздейді. «Тәжірибе қажет емес», «сағаттық жұмыс», «жалақы бірден бері­леді» деген жарнамалар сенім тудырады. Жастардың еңбекке араласуы – өмір мек­тебінің алғашқы баспалдағы. Бірақ бұл жолда алданып қалу, психологиялық жара­қат алу, заңдық тұрғыда қорғансыз қалу сияқты қауіптер де көп. Мұны шешу үшін жастардың еңбек құқығын көтеру, жұмыс берушілерге бақылауды күшейту және оқу орындарында ақпараттық түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу маңызды.

  Абылайхан Дүйсенбек, ЕҰУ студенті