in

Бірлескен кәсіпорындар іске қосылады

Осыған орай Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес, Батыс Қазақстан облысында қытай кәсіпкерлерімен бірлесіп 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Көрші елдің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты бірқатар маңызды салаға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екіжақты нақты келісім бар. Енді санаулы күндерден кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлер­дің алғашқы легі Қытайдың Вэй­фан қаласынан елімізге қарай жөнелтілді.

Алдымен индустриалды ай­мақта қуаты 34 мегаватт болатын газ электр стансасы салынады. Бұл жоба кейінгі өндіріс орын­дарын тұрақты энергиямен қам­тамасыз етуге бағытталған. Со­ны­мен қатар мұнай ка­та­лизатор­ларын қайта өңдеу зауытының құрылысы бас­талады.

Зауытқа қажетті қондырғы Қазақстанға жөнелтілді. Ал­ғашқы жүкті тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамы­туға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір эко­номикасы­ның дамуына елеулі серпін бере­ді», – деді Батыс Қазақстан об­лысының әкімі Нариман Тө­ре­­ғалиев.

Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бір­неше компания  энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақ­тау салаларын да инвестиция­лайды. Жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап тың технологиямен та­нысты.

Қытайлық VEGA Power компаниясының бас директоры Гэ Цзянь жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алғашқы кезеңде 30 миллион АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Соны­мен қатар бүгінде алғашқы бес контейнер жөнелтілгенін және жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шыға­рыла­тынын хабарлады.

Облыс әкімі инвесторлармен кездесу барысында нақты талап­тарды да атады, олар: компания­лар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуға тиіс; жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылады; болашақ мамандарды оқыту инвес­тор­лардың қаражаты есебінен жүр­гізілуге тиіс.

Сонымен қатар өңір Қытай­мен медицина саласы бойынша байланысты нығайтады. Осы мақсатта делегация iKang Guobin Checkup Center емханасына барып, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи әдістермен және медициналық қызмет көрсетудің инно­вация­лық үлгілерімен танысты.

Айта кету керек, биыл ал­ғаш­қы жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша, Батыс Қазақ­стан облысы тікелей шетел­дік инвестициялар көлемі бойынша республикада 3-орын­да тұр.