Соның бірі – банк базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру болды. 24 мамырдан бастап «Отбасы банкінің» аталмыш қызметі іске қосылады. Бұл жүйенің жаңашылдығы не? Ұзақмерзімді перспективада қандай тетіктерді реттеуге ықпал етеді?
Азаматтардың цифрлық портреті қалыптасады
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, азаматтар мұқтаж мәртебесін растау, кезекке тұру және несие алу үшін әртүрлі мекемелерге сабылмай, бір жерден, онлайн түрде мәселесін шеше алады.
«Отбасы банкі» орталық филиалының Бизнес дамыту басқармасы басшысы Меруерт Әділбаеваның айтуынша, 24 мамырдан бастап жаңа ақпараттық жүйе арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан өтініштер қабылдау басталады. Енді азаматтар orken.otbasybank.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен онлайн кезекке тұруға өтінім береді.
«Тұрғын үйге мұқтаж екі санат жүйеге тіркеле алады – соңғы бес жыл ішінде өз атына тіркелген баспанасы жоқ (үйін біреуге сыйлау немесе сату сияқты мәмілелердің болмауы), кәмелетке толған және жалғыз баспанасы апатты деп танылған Қазақстан азаматтары. Өтініш беру кезінде жүйе өтініш иесін бірнеше көрсеткіш бойынша автоматты түрде тексереді: мүліктің бар-жоғы, отбасылық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі, мемлекеттік төлемдер, отбасының кірісі және т.б. Осы деректер негізінде азаматтың цифрлық портреті қалыптасады. Бұл банкке болашақта азаматқа тиімді мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға мүмкіндік береді. Егер стандартты өтініш берілсе 1 жұмыс күні, егер өтінішке апатты үй жайлы құжаттар қосылса 3 жұмыс күніне дейін қызмет көрсетіледі. Өтініш берген кезде отбасы мүшелерінің әрқайсысына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда жеке деректерді өңдеуге келісімді растау қажет болады», – дейді Меруерт Ғалымқызы.
Айта кету керек, мұқтаж мәртебесін алу – бұл автоматты түрде баспаналы боласың дегенді білдірмеді. Меруерт Әділбаеваның айтуынша, азаматтарға әлеуметтік мәртебесіне және кіріс деңгейіне қарай бірнеше қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін. Атап айтсақ, тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау; әкімдіктерден жалдамалы тұрғын үй беру; жылдық 2%, 5%, 7% немесе 9% дейінгі мөлшерлемемен және ең төменгі бастапқы жарнамен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар; «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі.
«Жеңілдетілген тұрғын үй қорының кемінде 70%-ы арнайы санаттағы азаматтарға беріледі. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер; жетім балалар; көпбалалы отбасылар; мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар; І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар; жесір қалғандар. Қалған 30 пайызы жалпы кезекте тұрған азаматтарға бөлінеді», – дейді маман.
Мәліметтер базасы әкімдіктерден «Отбасы банкке» беріледі
Биыл 17 маусымға дейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барлық бұрынғы мәліметтер базасы әкімдіктерден «Отбасы банкке» беріледі. Оған дейін ескі тәртіппен әкімдіктер арқылы өтініш қабылдау жалғаса береді. Азаматтар egov.kz және kezekte.kz порталдарында жеке деректерін (ЖСН, отбасы құрамы, тұрғын үйі жайлы ақпарат және т.б.) тексеріп, қажет болса әкімдік базасындағы деректерін жаңартуы керек.
Меруерт Әділбаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегі жергілікті әкімдіктер арқылы жүргізілсе, енді бұл қызмет толықтай «Отбасы банкке» өтеді. Қазір республика бойынша 650 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. 24 мамырға дейін жергілікті әкімдіктер сол азаматтар туралы ақпаратты инвентаризациядан өткізіп жатыр.
«Бұл дегеніміз – бұрын кезекке тұрғанымен, жеңілдетілген ипотека немесе жалға берілетін тұрғын үй арқылы баспана алып қойған азаматтар анықталып, кезектен шығарылады. Сондай-ақ белгілі бір санатқа жатпайтын немесе жалған мәлімет бергендер де тізімнен алынып тасталады. Азаматтың соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалға алынған баспанасы болса, сондай-ақ өтініштегі мәліметтері шынайы немесе толық болмаса, бұған дейін берілген мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендірсе, апатты үй тіркелген елді мекені мен өтініш берілген жер сәйкес келмесе, мемлекеттік қолдаумен ипотекаға үй сатып алса кезекке тіркеуден бас тартылады», – дейді Меруерт Ғалымқызы.
«Отбасы банк» процестің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйге мұқтаж және соңғы екі жылда мемлекеттік қолдау алып, баспана мәселесін шешкен азаматтардың тізімін ресми сайтында жариялайды. Аталмыш платформа 14 мемлекеттік дерекқор базасымен біріктірілген, бұл өтініш беру мен оны қарау процесін барынша автоматтандырып, жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» құрылуы, «Отбасы банкке мәліметтер базасын толықтай берілуі тұрғын үй саясатының жақсаруына ықпал етеді. Тұрғын үй сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл бастама баспана кезегінің ашықтығын, әділдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғын үй нарығы үшін аса маңызды статистикалық мәліметтер ұсына алады.
«Кез келген автоматтандыру, цифрландыру процесі белгілі бір ашықтықта қамтамасыз етеді. Бұл бастама 1-2 жыл бұрын жасалуы қажет еді. Бұған дейін еліміздегі әр әкімдіктің тұрғын үй кезегі туралы жеке мәліметтер базасы бар. Олардың бұл процесті қалай басқаратын, не істеп жатқаны қандай да бір бірыңғай стандартқа сәйкес болған жоқ. Әркім өз білгенінше жұмыс істеді. Көптеген аймақта әділдік болмады. Сондықтан бұл жүйенің «Отбасы банкке» толықтай берілгені дұрыс. Банк – цифрлық жүйе, оның жалпы үлкен қорлармен жұмыс істеу бойынша тәжірибесі бар және кез келген жүйені автоматтандыра алады. Осы шаруамен айналысу үшін «Отбасы банкке» ұлттық даму институты статусы берілді. Бұл – өте орынды шешім. Енді жүйе орталықтандырылған кезде, барлық ақпарат бір жерден нақтыланып, қолжетімді болады. Мысалы: «Кімдер кезекте тұр?», «Қазақстан бойынша қанша адамға баспана беріледі?» деген сұрақтарға нақты статистикалық мәліметтер арқылы жауап алуға мүмкіндік туады. Бұған дейінгі әкімдіктердің ақпараты дұрыс емес немесе ескіріп қалуы мүмкін еді. Енді осының барлығы қағаздан цифрлыққа өтеді. Бұл процесс әбден жүйеленгеннен кейін айқындылық пайда болады. Шын мәнінде кімге баспана керек; қай аймақта сұраныс көп, ал қай елді мекенде аз; сұраныс көп аймақта жеткілікті үй салынып жатыр ма – алдағы уақытта осындай мәселелерді сараптай аламыз. Бізде тұрғын үй мүлде салынбайтын және көп салынатын аймақтар бар. Сұраныс көп аймақта құрылысты жоспарлап, бағамдап салады. Ал әкімдіктер өзінің басқа да әлеуметтік мәселелермен айналыса береді.
Мемлекет алдында шешілуге тиіс екі мәселе бар. Біріншісі, ірі қалалардағы тым көп урбанизацияның реттелуі. Оған белгілі бір экономикалық белсенділік керек. Ол үшін құрылыс жұмыстары жандануға тиіс. Мәселен, тұрғын үй кешендердің көбірек салынуы. Мемлекет осы экономикалық дамуды тек 1-2 жерде шоғырландырмай, барлық ірі облыс орталықтарында іске асырғысы келеді. Сондықтан бұл платформа осы мәселеге көмегін тигізеді. Екіншіден, мемлекет шын мәнінде кімге баспана береді; мұқтаждарды қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысына қанша инвестиция қажет; оған біздің қаржымыз жете ме, оны қалай реттейміз – осы сынды сұрақтарға жауап алу үшін бірыңғай платформа бізге тұщымды ақпарат ұсына алады. Алайда оған уақыт керек. Қазір елімізде бұл жүйе жүзеге асып, алгоритмдер құрылуда. Алдағы 1-2 жылда толықтай аяқталады, – дейді Айбар Олжаев.
Айдана НҰРМҰХАН