Орал қалалық соты қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы медицина қызметкерлері орнына біліктілік тесттерін тапсыруды ұйымдастырған төрт жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Aikyn.kz.
БҚО сотының баспасөз қызметі мәлімдеуінше, жеті жыл бойы “Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығының” өңірлік сарапшысы exam.ncie.kz жүйесінде қылмыстық схеманы жүзеге асырып келген. Бұл лауазымды облыстық инфекциялық аурухананың бұрынғы директоры атқарған, ол қылмысқа өзінің көмекшісі мен екі IT-маманын тартқан.
“Сарапшы мен оның көмекшісі дәрігерлер арасынан кандидаттар тауып, олардан ақша жинап, түскен табысты бөліп алған. IT-мамандар AnyDesk және Radmin бағдарламалары арқылы емтихан кезінде компьютерлерге қашықтан қосылып, материалдарды көшіріп, дәрігерлердің орнына дұрыс жауаптарды енгізген. Нәтижелерді бұрмалағаны үшін топ қатысушылары дәрігерлер мен медициналық персоналдан 4 млн теңгеден астам ақша алған”, – деп жазылған хабарламады.
Осылайша өздерінің шынайы білімін дәлелдей алмаған медицина қызметкерлері біліктілік санаттары мен сертификаттарды заңсыз алған. Соның негізінде бюджеттен және жұмыс берушілердің қаражатынан оларға 16,5 млн теңге көлемінде жалақыға үстемеақы төленген.
Сотталушылар кінәсін толықтай мойындап, өз істеріне өкініш білдірді, іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Сот үкімі күшіне енген жоқ.