in

«Бешикташ» Бахтиердің бағын ашпады

Осыдан екі жыл бұрын ойыншының Түркия чемпионатына ауысқанын жарыса жазғанымыз есте. Бірақ оның Ыстанбұлдағы тағдыры бұлайша боларын ешкім болжаған жоқ. Өзі де Ресей лигасына қайтамын деп ойламады, білем. 

Екі жыл – бес бапкер

Иә, Бахтиер Зайнутдинов 2023 жылы Мәскеудің «ЦСКА» клубы­нан «Бешикташқа» ауысты. Транс­фер құны 4,5 миллион еуроға ба­ға­ланды. Оның түрік лигасына ке­луі тура Ыстанбұл ертегісіндей еді. Олай дейтініміз, клубқа келе сала Конференция лигасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Еу­роаренаға жай келмей, жарқ ете қалды. Қарсылас алаңындағы ойын­да шешуші жеңіс голын со­ғып (2:3), жанкүйерін қуантты. 94 минутта соғылған гол Зайнут­ди­нов­тың жігері мен командаға бе­рерін айқындап бергендей еді. Бірақ жағдай түрленіп сала берді. 

Бас бапкер Шенол Гүнеш оған сенім артты. Ойынға шығарып, өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Алайда клубтың вице-президенті Серхан Четинсая кетіп, артынша қазан айында Гүнеш отставкаға арыз берді. Сөйтіп, бапкердің мін­детін атқаруды Бурак Йылмазға жүктеді. Бұл бапкер де Бахтиерге оң көзбен қарады. Бірақ қуаныш көпке созылмай, бес ойын өткізген соң, бапкер «туын» Рыза Чалым­бай­ға тапсырды. Аталған бапкер­лер Зайнутдиновтың көпқырлы ойыншы екенін сәтті пайдалануға тырысты. Көбінесе, сол қаптал­дағы қорғаушы міндетін тапсырды. Кейде оң мен сол қапталдағы жар­тылай қорғаушы болды. Алайда оған қанатын кең жайып, жар­ты­лай қорғаныстан еркін шабуыл­дауға мүмкіндік бермеді. Дәл ұлт­тық құраманың экс-бапкері Адиев қойған позицияда ешкім сынап көрген жоқ. 

Мұнымен біткен жоқ. Рыза Чалымбай да клубта ұзақ тұрақ­тамады. Оның орнына бапкер міндетін атқарушы болып Сердар Топрактепе келді. Оның Бахтиерге деген сенімі бардай көрінді. Өйт­кені Зайнутдинов 2023 жылдың желтоқсан айнынан 2024 жылдың ақпанына дейін он ойын қатары­нан алаңға шықты. Алаңда толық 90 минут жүрді. Бірақ Фернанду Сантуш келіп, жағдай өзгеріп сала берді. Ол ойыншыға оң көзбен қа­рамады. Сантуштың да «Бешик­таш­қа» берері болмай, орнына Джованни Ван Бронкхорсты әкел­ді. Әрине, арты-артынан бапкер ауыс­тыру ойыншыларға оңайға соқпайды. Клуб ішінен береке қаш­қаны туралы да ақпарат тарап жатты. Сөйтіп, президент қайтадан Сердар Топрактепені бапкер қызметін атқарушы етіп сайлады. Зайнутдинов  қайта алаңға шықты. 

«Өкінішке қарай, Бахтиер «Бе­шикташта» өзін көрсете алмады, себебі Ыстанбұлға оны шақырған бапкер Шенол Гүнеш орнын боса­тып, басқа бапкерлердің келуіне мүмкіндік берді. Гүнеш Зайнут­ди­новты жартылай қорғаушы ретінде көрсе, кейін клубта жұмыс істеген бапкерлер оны негізінде тек қор­ғаушы ретінде ойнатты. Бапкер­лер­дің команда да жиі ауысуы, әрине футболшыға пайда әкелмеді. Кейін жарақат алып, алаңға шыға алмады. Енді 1-2 жыл Мәскеуде ой­наса, кейін Еуропаға кетуге бо­лады. Бахтиер әлі де ардагер емес, болашағы бар футболшы. Сон­дықтан оның жоспарлары жүзеге асады деп сенемін», – дейді спорт комментаторы Ербол Қайыров. 

Жарқ етеді бір үміт…

Сарапшы айтқандай, 2024 жылдың желтоқсанында «Аланьяс­пормен» өткен ойында Зайнутди­нов жарақат алды. Емделуіне біршама уақыт кетті. Қазақстанда, Испанияда ем алды. Бірақ осы тұс­та бапкер міндетін атқарушының орнына норвег маманы Сульшер келді. Келді де Зайнутдиновтың «Бешикташтағы» мансабына кө­леңке түсірді. Осыдан бастап әлеу­меттік желіде де, БАҚ бетінде де түрлі қауесет жазылды. Жалпы, ол 2024/2025 маусымда  «Бешикташ» сапында 12 ойын өткізіп, бір нәти­желі пас берді. 

«Жарақаттан ешкім қашып құ­тылған емес. Ал жанкүйер тарапы­нан хейт болды. Негізі, Зайнутди­новты уақытында сата алмаған клуб басшыларына сын болуы ке­рек. Клубтың ішкі саясаты дұ­рыс емесіне көз жетті. Өйткені екі жылда сегіз бапкер ауысты. Содан да Батека «Бешикташтан» тезірек ауысқысы келді. Ал Мәскеудің «Динамосы» – сәтті нұсқа. Бұл жерде кім шақырып жатқанына назар аударуымыз керек. Карпин­мен бұрын жұмыс істеді. «Ростов» сапында екеуі жақсы жұмыс істеді. Алғашқы ойыннан-ақ мүмкіндік берді, алаңға шығарды. Ойыншы мен бапкер арасында тығыз әрі керемет қарым-қатынас бары кө­рініп тұр. Бұл Бахтиердің өзі үшін жақсы шешім. Меніңше, Зайнут­динов үшін Еуропа фут­болының ауылы алыс емес. Ресей бапкерлері оны бір жыл ішінде Италияға жі­береді деп ойлаймын», – деді спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен. 

Сарапшы сөзінің жаны бар, өйткені қысқы трансферлік терезе кезінде Испанияның «Вальядо­лиді» түрік клубына ұсыныс жасап, Зайнутдиновты жалға беруін сұра­ды. Бірақ түріктер бұл келісімнен бас тартты. Осылайша, алаңға уақыты шықпай, не басқа клубқа ауыспай, ойыншы екі арада қалды. Жаз басталғаннан Бахтиердің қай клубқа ауысатыны туралы сұрақ күнтәртібінде тұрды. Маусым айын­да «Ростовқа» қайта барады екен» дейтін қауесет шықты. Ке­йіннен «ЦСКА» мен «Зениттен» ұсыныс түскені ресми жарияланды. Мәскеудің «Динамосы» да ойын­шысы өз сапына қосқысы келтінін айтты. Осы тұста Бахтиердің өзі Дмитрий Карпиннің қоңырау ша­лып, өзіне сенім артатынын, бірге жұмыс істеуге шақырғанын айтты. Сөйтіп, ойыншы бұрынғы бапке­рінің қарамағында «Динамода» ойнауға келісім берді. Мұнда да кейбір ақпарат көзі Зайнутдинов­тың Ресей лигасына амалсыз барғанын айтады. Журналист Александр Троицкий Telegram арнасында «Меніңше, Баха бұл трансферге аса қуанышты емес. Оның Ресейге оралғысы келмегені туралы көп айтылды, Еуропада қалғысы келді» деп жазды. Егер Ермұхамед Мәуленнің сөзі рас болса, Зайнутдиновтың жоспары айқын. Ол «Динамоны» еуроарена алдындағы тағы бір баспалдақ ре­тінде сынап көрмек. Бірақ спорт әлемінде Ресейге салынған санк­ция­ны естен шығармау керек. Олар еурокубок ойындарына қа­тыс­пайды. Сол үшін елдегі спорт сарапшыларының ойы екіге бө­лінді. Соның ішінде оның шешімін құптаған да, даттаған да бар. 

«Иә, әрине «Бешикташ» пен «Динамоны» салыстыруға болмай­ды, себебі түркиялық клуб жыл са­йын еурокубоктарда өнер көр­сетеді. «Арсенал», «Челси» сияқты топ-клубтардың ойыншыларын құрамдарына қоса береді. Түркия­да Зайнутдинов Иммобиле, Окс­лейд-Чемберленд секілді жұлдыз­дармен доп тепті. Ал Ресейде саяси факторлардың салдарынан осын­дай жоғары дейгейдегі ойыншылар өте аз», – деді спорт комментаторы Ербол Қайыров. 

Қош, нәтижесін алда көре жа­тармыз. Бахтиер Зайнутдинов­тың көрші елдегі мансабы сәтті бо­л­уын тілейміз. Карьерасын «Та­раз­дың» жастар құрамасында бас­таған жі­гіттің айы оңынан ту­сын. Кейіннен негізгі құрамға ауы­сып, артынша «Астанада» доп депті. Осылайша, Ресейдің «Рос­товы» көз тігіп, қа­тарына қосты. Аталған лигадағы ойы­ны көпке ұнап, «ЦСКА-ға» ауыс­ты. Үш жыл­дың ішінде түлеп, сарап­шы­лардан жоғары баға алды. Бұл жол оны «Бешикташпен» түйістір­ген‑ді. Енді ол Ресей лига­сынан Еу­ропаға қайта қанат қа­ғудың қа­­мын жасайды. 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ