in

Баяу құрылыстың зардабын балалар тартты

Оқу жылының басталғанына қарамастан, қалада әлі күнге дейін бірнеше мектеп құрылысы баяу жүріп, бітпей жатыр. Біз Атырау қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше мектепті аралап, жағдайды көзбен көрдік.

Облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасының мәліметінше, қазір өңір бойынша 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 5 мек­тепке қосымша жапсарлас ғимарат салынуда. Осы күзде Жұлдыз-3, Ақсай ауылындағы мектептер пай­далануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ жыл ая­ғына дейін Құлсары, Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы және Ақкөл ауылдарындағы мектептер тапсырылады. 

Құрылыстың баяу жүріп жатқанын жоғарыда айт­тық. Енді сол мәселеге тоқталайық. Атырау қа­ла­сы маңындағы Көктем шағынауданының тұрғын­дары мектепке қатты мұқтаж болып отыр. Бұл аудан­ның балалары көршілес ауылдарда оқиды. Мұны ес­керген жергілікті билік 2022 жылы шағынауданға 600 орындық мектеп құрылысын салып бастады. Алай­да араға екі жыл салып қолданысқа берілуге тиіс мек­теп әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Бұған әрине, жер­­гілікті жұрт наразы. Журналистерді шақырып, та­лай шағымдарын да айтты.

Мәселенің себебін мектеп құрылысын жүргізіп жат­қан мердігер мекеме «Еврострой» компаниясынан сұ­радық. Бас директоры Ризабек Өтегеновтен біл­геніміздей, құрылысы 2022 жылы басталғанымен, мек­тептің жобалық-сметалық құжаттамасына бір­не­ше рет түзетулер енгізілген. 

«Сол себепті құрылыс тұралап қалды. Бұл ауылға мек­теп керек екенін сезініп отырмыз. Қазір мектепте құ­рылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ біз әлі күнге дейін жобаның қосымша түзетулерін ал­мадық. Құрылыс басқармасы түзетулерді қыр­күйектің аяғына дейін жеткізеді деп күтіп отырмыз. Мек­тепті қараша айында толық аяқтауды жоспар­ла­дық. Бүгінге дейін біз бюджеттен мектеп құрылысы үшін қаражаттың 25 пайызын ғана алдық. Мектепті не­гізінен өз қаржымызға, оның ішінде несие алып са­лып жатырмыз. Осы айда асфальт төсеу, ауладағы спорт­тық алаңды салып аяқтауды көздеп отырмыз. Қа­зір мектепке қажетті барлық жабдық жеткізіліп жа­тыр», – деді «Еврострой» ЖШС бас директоры Риза­бек Өтегенов. 

Атырауда былтыр берілуге тиіс болған мектеп Көк­тем шағынауданындағы білім ордасы ғана емес. Аты­рау қаласы маңындағы Бірлік-2 ықшамауданында 600 орындық мектеп, Тасқала ауылындағы 600 орын­дық мектеп және Еркінқала-2 ауылындағы жергілікті бюд­жет есебінен салынып жатқан мектептер де был­тыр пайдалануға берілуі керек еді. Қазір бұл мек­теп­тердің барлығында да құрылыс жүріп жатыр. Бір қы­­­зығы, бұл үш мектептің де құрылысын «Тараз-құ­ры­лыс инвест» компаниясы жүргізіп отыр. Аталған мер­­дігер мекеменің өкілі Нұрбол Абдрасиловтың ай­туынша, Еркінқала-2 ауылындағы 600 орындық мек­теп қыркүйек айында тапсырылады. Алайда бұл мек­тепте 1 қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғыл­мады. 

– Бұл мектептің құрылысы 2022 жылы басталды. Көп ұзамай құрылыс тоқтады. Себебі жобалық-сме­та­лық құжаттамада қателіктер болуына байланысты тап­сырыс беруші Құрылыс басқармасы тарапынан қайта өзгерістер енгізілді. Қазір мектептің құрылысы то­лық аяқталды, енді ішкі әрлеу және мектеп аула­сын абаттандыру жұмыстары жүруде, – деді «Тараз-құрылыс инвест» компаниясының өкілі Нұрбол Абд­расилов.

Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нә­сіп Шалабаева әлі күнге дейін Атырауда үш ауы­сым­ды мектептердің проблемасы шешілмей отыр­ға­н­ына алаңдаулы. 

– Биылғы есеп бойынша, «Жайлы мектеп» бағ­дар­­ламасы аясында Атырау қаласында үш мектеп қол­данысқа берілуі керек еді. Бірақ олардың бар­лығында бірдей алғашқы қоңырау соғылмады. Мек­тептердің құрылысын жобаға енгізілген өзгерістер со­зып кетіп тұр. Осының салдарынан Атырау әлі күн­ге дейін үш ауысымда оқу проблемасымен бетпе-бет келіп отыр.  Сондықтан қосымша мектептердің ашы­­луы өте маңызды, – деді ол. 

Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасының бас маманы Ернар Қа­дыр­байдан мектептердің жобалық-сметалық құжат­тама­сы­на өзгерістер енгізудің қандай қажеттіліктен туын­­­­дағанын сұрадық. Айтуынша, тапсырылуы ке­шеуілдеп жатқан мектептердің барлығы ескі жо­ба­лық-сметалық құжаттама аясында салынып бас­тал­ған. 

– 2017 жылы жасалған жобалар – қазіргі заман талап­­тарына сай келмейді. Ол кезде мектептерге қойы­латын талаптар және құрылыс материалдарының ба­ғасы басқа болатын. Қазіргі стандарттар, мате­риалдар бағасы мүлде басқа. Сол себепті де Құрылыс бас­қармасы тапсырыс беруші ретінде жобалық-сме­талық құжаттамаларға заман талабына сай өзгерістер ен­гізе алады. Бұл – заңды құбылыс. Әрине, мем­ле­кет­тік сараптама қорытындысын алу бір сәтте ше­ші­летін шаруа емес. Бұл процесс уақытты қажет ете­ді. Халық күтіп отырған білім нысандарының бірі – Көктем ықшамауданындағы мектептің құрылысына енгізіліп жатқан түзетулер қорытындысы жақын ара­да беріледі. Тек сол ресми шаралардан кейін ғана біз тапсырыс беруші ретінде мердігер мекемеге қара­жат төлей аламыз, – деді Ернар Қадырбай.

Құрылысы жүріп жатқан мектептерді аралау ке­зін­де біз қыркүйек айының ішінде қолданысқа бе­рілуге тиіс Еркінқала-2 ауылындағы мектептің еде­ні­нен олқылықтар байқадық. Үш қабатты мектеп дә­лізінне толықтай тайғақ кафель төселген. Бұл жағ­дай мектеп балаларды қабылдағаннан кейін бас жа­рып алу, құлау сияқты оқыс оқиғалардың қаупін кү­­­шейтуі мүмкін. Сол себепті «AMANAT» пар­тия­сы­ның Атырау облыстық филиалының Партиялық ба­қылау жөніндегі инспекторы Абзал Мақсотұлы дә­ліздердің төсемесін ауыстыру жөнінде ұсыныс жі­беретінін айтты. 

Әрине, кез келген мектеп ең алдымен оқушы үшін қауіпсіз болуға тиіс. Біз мектеп дәліздеріне қойы­латын қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат із­дес­тіріп көрдік. Қазақстан Үкіметінің «Жайлы мек­теп» ұлттық бағдарламасы аясында бекітілген қау­лысына сәйкес, мектептерде керамогранит, гранит не­месе мәрмәр материалдан соғылған кафель төсеуге рұқ­сат етіледі. Бірақ ол кафельдердің беті тайғақ бол­мауы керек екен. Қалай десек те, партиялық ба­қылау комиссиясы мүшелерінің ескертпелері ес­керусіз қалмайды деп сенейік. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы