Жалпы, тарихи шаһар жайлы ел ішінде түрлі дерек айтылады. Біреулер Баркуаб қаласы Теріс ауылының орнында болған десе, осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген тарихшы Ескендірбек Төрбеков Баркуаб шаһары Тараз қаласының негізгі орталығы болғанын алға тартады. Тағы бір деректерде Баркуаб көне Тараз шаһарынан 150-200 жыл бұрын пайда болғаны айтылады. Сонда жобамен Баркуаб қалашығы біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырларда пайда болды деген болжам бар.
Аталған шаһарда инфрақұрылым дамып, қолөнер, егіншілік пен сауда-саттық ерекше қарқын алған. Ұлы Жібек жолы бойындағы қала болғаны да шаһардың дамуына айрықша серпін беріпті. Ортағасырлық араб, қытай, парсы шежірешілері мен саяхатшылардың жазбаларында Баркуаб үлкен әрі аса дамыған қала ретінде сипатталады. Осы деректер шаһардың, шын мәнінде, ірі сауда, экономикалық, әкімшілік және саяси орталық болғанын растай түседі.
Баркуаб қаласының орнында кезінде академик Әлкей Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал Баркуаб қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Г.Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пункті экспедиция жасаған. 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеу жұмыстарын қолға алды. Бүгінде бұл қалашықтан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, туристерді тарта түсті.
Мұражайдағы тас дәуірінің белгісі – дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, қыз-келіншектер таққан моншақ, бәрі де көптің қызығушылығын тудырды. Осы құнды жәдігерлерге жапон ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қала кемінде 1448 жыл бұрын пайда болған деген байламға келді.
Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары басталып, төбесі қоршалған еді. Қазір қазба орындары алты бөліктен құралып тұр. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Осыған қарап ғалымдар Баркуаб қаласында көпқабатты үйлер болғаны жөнінде болжам айтады.
2019 жылы Жуалы ауданы әкімдігінің бюджетінен қазба жұмыстарына 10 млн теңге бөлінсе, 2020 жылы – 6 млн, 2021 жылы 5 млн теңге көлемінде қаржы қаралған. Осы қаржы есебінен қазба жұмыстарына тарихшы Ескендірбек Төрбеков басшылық жасап, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып отыр.
– Қазба жұмыстары кезінде 12 метрлік құдық табылды. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталды. Бұл осыдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын қала тұрғындары астық өсірумен айналысқанын айғақтайды. Одан бөлек, қазба жұмыстары барысында бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамның бассүйегі табылды. Бұл тарихи орыннан осыдан 1800 жыл бұрынғы көмір қалдықтары аршылып алынды. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл қалашықтың атауы «Битьян» болуы да мүмкін деген болжам бар. Бәлкім, Баркуаб маңайындағы Теріс, Нұрлыкент, Бақалы ауылдары тарихи қалашықтың аумағында орналасуы да мүмкін. Сондықтан Баркуаб қаласы туралы әлі зерттейтін дүние көп, – дейді тарихшы Е.Төрбеков.
Кейінгі алты жылда Баркуаб қалашығының орнына 10 мыңнан аса турист келіп, тарих қойнауына үңілген екен. Олардың қатарында Атырау, Ақтау, Түркістан облысынан бөлек, Ресей мемлекетінен келген туристер де бар. Кезінде Жуалы ауданын басқарған, қазба жұмыстарына тікелей ұйытқы болған Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, олар Баркуаб қаласының орнын ойламаған жерден тапқан.
– Теріс ауылындағы орта мектепте шағын музей бар. Бір жолы сол мектепке барып, 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыраның қойылғанын көрдім. Кейін ауыл тұрғындары ауласындағы жерді қазғанда, әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар тауып алып жатқанын айтқаннан кейін зерттеу жұмыстарына кірістік. Құнды жәдігерлердің табылған ізімен жүріп осы төбені анықтадық. Содан 2018 жылы тарихи қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізу маңызын дәлелдеп, қазынадан қаржы қарау мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Б.Көпбосынов.
Ғалымдар Баркуаб қаласында табылған ерекше бұйымның бірі ретінде Қаңлы мемлекеті тұсындағы құмыраны атайды. Құмырада тіпті шебердің саусақтарының ізі де сақталып қалған. Дәл осындай құмыралар Арыс өзенінің маңынан табылған. Түркістан мен Шардарадағы қазба жұмыстары кезінде де осындай құмыралардың бірнеше үлгісі анықталған. Қаңлы құмырасын сол жәдігерлермен салыстыра отырып, ғалымдар «Баркуаб қаласы біздің заманымызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген» деген байламға келіп отыр. Сонымен қатар зерттеушілер Баркуаб қаласы Қаңлы мемлекеті билеушілерінің жазғы демалыс орны болғанын айтуда. Қазба жұмыстарын жүргізгендер Жуалы ауданы маңындағы үлкен қорғанның астында Баркуаб қаласы жасырынып жатқанына сенімді.
Археолог Александр Бернштам мен Василий Каллаурдың еңбегіне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп те аталыпты. Араб тілінен аударғанда, көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді.
Қазба жұмыстарының басы-қасында болған өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің айтуынша, археологиялық жұмыстар кезінде адам таңғаларлық дүниелер табылыпты.
– Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектер қалай таңбаланғанын түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Дәл сондай, мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да археологтардың қызығушылығын тудырды. Қазба орындарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар да табылды. Ал ең таңғаларлығы, 30 метр тереңдіктен шыққан – молалар. Онда мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұған қарап ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді, – дейді маман.
Өлкетанушының сөзінше, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмысын бастап, үш қабатты үйлердің төбесінен түскен. Бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырлар табылыпты. Сонда осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылған секілді.
– Ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайт – топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас- тың табылуы. Денесі жоқ басты зерттеушілер «Ертедегі хандар өз жауының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді» деген болжам жасады, – дейді Дәулетжан Байдалиев.
Аталған басты археологтар Жапония мемлекетіне жіберген. Ғалымдар оны әлі зерттеп жатыр. Алайда бұл Томирис шауып алған парсы патшасы Кирдің басы ма, жоқ па – ол жөнінде нақты ақпар белгісіз. Қалай дегенде де, ежелгі Баркуаб қаласы әлі жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Алайда 2021 жылдан кейін қазба жұмыстары тоқтап қалғаны қынжылтады. Сонда қазба жұмыстарының тоқтап қалуына не себеп болды?
Жуалылықтардың айтуынша, ежелгі Баркуаб қалашығының маңынан өткенде, түрлі дауыс шығады екен. Әсіресе, түн мезгілінде ежелгі шайқастар мен ат тұяғының дүбірінің үні естілетін көрінеді. Тұрғындар Баркуаб қалашығына жақындасаң, басыңды белгісіз бір күш қысып, есеңкіретіп тастайтынын айтады. Сондықтан археологтар мұндағы қазба жұмыстарын қайта қолға алмай жүрген іспетті.
Бұл сауалмен «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының директоры, ғалым-тарихшы, археолог Сауран Қалиевке барған едік, маман бар мәселе қаржыға келіп тіреліп отырғанын айтты.
– Қазба жұмыстарына қаржы қаралмай отыр. Бар мәселе – осы. Баркуаб қаласынан бөлек, Жамбыл облысында қазба жұмысы тоқтап қалған тарихи орын көп. Бір ғана «Көне Тараз» қалашығының да қазба жұмысы аяқсыз қалып отыр. Егер қаржы бөлінсе, қазба жұмыстарын ертең бастауға дайынбыз, – дейді археолог.
Әрине, Баркуаб қалашығын зерттеуге қомақты қаржы керек. Ал Жуалы ауданы әкімдігі қазынадан қомақты қаржы қарастыра алмайды. Сондықтан жергілікті билік өкілдері қазба жұмыстары қашан қайта жанданатынын нақты айта алмайды. Бұл мәселеге облыс, әрісі республика көлемінде көңіл бөлетін кез келген шығар. Сонда ғана құнды жәдігерімізді құмнан аршып алып, тарихымызды таныта аламыз. Ал әлем елдері осындай бір ғана тарихи орынмен туристік кластерді дамытып, қазынаға қомақты қаржы түсіріп жатқанын естен шығармаған абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы