Қарағанды облысында Балқаш-2 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жарты ғасырға жуық тарихы бар ғимараттың іші-сырты жаңартылып, жолаушыларға арналған күту залдары, инженерлік желілері мен перроны заман талабына сай жабдықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Екі қабатты вокзал ғимаратының жалпы аумағы 2 мың шаршы метрге жуық. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, қайта жаңғырту кезінде ғимараттың ішкі бөлігіне жөндеу жүргізіліп, жылыту, сумен жабдықтау, кәріз және электрмен қамту жүйелері толығымен ауыстырылған.
Перронға жаңа кеспе тас төселіп, заманауи жарықтандыру және желдету жүйелері орнатылған.
Сондай-ақ жолаушыларды жауын-шашыннан қорғайтын қалқа қойылып, жаңа темірбетон конструкциялар мен витраждар орнатылды. Бұған қоса, қауіпсіздік талаптарына сай қосымша эвакуациялық шығу жолдары жабдықталды.
Жаңғырту барысында вокзалды барлық жолаушыға қолайлы ету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, қозғалысы шектеулі азаматтардың емін-еркін қатынауына және кішкентай балаларымен сапарлайтын жолаушылардың вокзал қызметін кедергісіз пайдалануына жағдай жасалған.
Балқаш-2 станциясы арқылы күн сайын шамамен 800 жолаушы қатынайды. Мұнда Астана, Қарағанды, Семей және Аягөз қалаларын байланыстыратын 18 жолаушылар пойызы өтеді.
Жобаны қаржыландыруды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қамтамасыз етті. Жұмыстар Үкіметтің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жалпы, Қарағанды облысында осы бағдарлама аясында 14 теміржол вокзалын жаңғырту көзделген.