Танымал әнші Бағлан Әбдірайымов әріптесі Мақсат Базарбайға жүрекжарды лебізін арнап, оның өнері бала кезінен ерекше әсер қалдырғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында 2000-2001 жылдары Мақсат Базарбайдың Түлкібас ауданындағы концертін көрген сәтін еске алды. Оның айтуынша, әншінің домбырамен орындаған туындылары бала жүрегінде өшпес із қалдырған.
«Кейін “МузАРТ” тобымен шырқаған әндерін тыңдап өстік. Даусындағы әсемдік пен орындау шеберлігіне тәнті болып, әндерін айнытпай айтуға тырысатынбыз. Бір сөзбен айтқанда, еліктеп өскен әншілеріміздің бірі», – деп жазды Бағлан Әбдірайымов.
Әнші арада ширек ғасыр өтсе де, сол күндердің әсері әлі де ұмытылмағанын айтып, Мақсат Базарбайға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі.
Желі қолданушылары да пікір білдіріп, Мақсат Базарбайдың қазақ эстрадасындағы орны ерекше екенін атап өтті.