in

«Ақ бидай-2025»: БҚО қола жүлдегер атанды

Өңір басшысы ауыл спорты ойындарында үздік үштікке ілінген батысқазақстандық спортшылар тобымен жүздесіп, ауыл спорты ойындарын дамытуға әрқашан қолдау болатынын атап өтті. Шара соңында үздік өнер көрсеткен спортшылар марапатталды.

«Ақ бидай» ауыл спорты ойындары биыл сегізінші рет өтті. Бұл жолы ойынды Алматы облысы ұйымдастырған. Басты мақсат – ауылдық жердегі талантты спортшыларды жа­рыққа шығару, ауыл спортын қолдау. 

Төрт жылда бір рет өтетін ойынға Батыс Қазақстан об­лысының командасы тыңғы­лықты дайындалды. Алдымен облыста іріктеу шаралары өтіп, сайдың тасындай жігіттер ке­йін оқу-жаттығу жиын­дары­на аттанды. 

Спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сабитов облыстың бұған дейін «Ақ бидай» ойындарында соңғы орындарға тоқтап келгенін, бұл жолы көрсеткішті жақсарту керегін айтқан еді. Талап қойылғасын спортшылар да қамшы салдырмай тер төкті. БҚО қоржынына жарыстың алғашқы күндері ақ алтын медаль түсіп үлгерді. Оны батысқа аударыспақ ойынында өнер көрсеткен жігіттеріміз сыйлады. 

Қоржынға алғаш алтынды Бекзат Мұқсаев салды. Кейін Азат Қабылхайыр мен Асуан Құсайынов күмісті қанжы­ғалады. Жалпы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына об­лыстан 200-ге жуық спортшы аттанды. Облыстық спорт бас­қармасы барлық спортшы­ларды бірдей формамаен қамтып, үлкен дайындықпен жіберді. 

Батысқазақстандық жан­күйерлерді қуантқандардың қатарында садақшылар да бар. Дәстүрлі садақ атудан өнер көрсеткен спортшылар ко­ман­далық есепте екінші орынға табан тіреді. Мұрат Лұқпанов дәстүрлі садақ атудан алтын алды. Артынша Сырлыбай Ғалымжанов нысанадан мүлт кетпей, күміс медаль иеленді. Ал «Орталық Азия» стилінде Оразай Қайырсапин алтын, Закира Жолсарина күміс алып, елдің еңсесін тіктеді. 

– Менің садақ ату мек­тебіне келгеніме екі жылдан асты. Негізі, өзім мектепте сабақ беремін. Қосымша бос уақытымда садақ атып дағды­ланамын. Бүгін күміс жүлдегер атанып жатырмын. Әрине, қуаныштымын. Садақ ату бұл үлкен терпаия секілді ғой. Дәл­дікті қажет ететін спорт түрі, – дейді дәстүрлі садақ атудан күміс жүлдегер Закира Жол­сарина. 

Биылғы «Ақ бидай» ойын­дарында қазақ күресіне шық­қан спортшылар да осал болмады. Айта кетейік, жалпы «Ақ бидай» ойындарында Ба­тыс құрамасы күрестен жүлделі болып көрмепті. Бірақ биыл спортшылардың бабы мен бағы қатар шауып алтын ме­дальді еншілеп қайтты. Боз­кілемнің шаңын бұрқ еткізген қазақ күресінің білекті бал­уандары көп болды. Мейірім Айғали алтын алса, Нұрсұлтан Мырзахметов күміс иеленді, ал Мерей Бердіғали қола қанағат тұтты. Тайман Нұрғалиев те қарсыласын қапы қалдырып, «Ақ бидай» ойындарының чемпионы атанды. Бозкілемде белдескен бұл спортшылар батыстың командалық есебін еселеді.

Шешуші жарыс күні шын ерлікті тоғызқұмалақшылар көрсетті. Ақылдың ойыны, қа­зақ­тың даналық діңгегі болған бұл спорт түрінен қос алтын, бір күміс иеленді. Бек­тас Кенже­ғалиев пен Қарақат Сәлімғали алтын, Ақбота Қоңы­рова күміс жүлде алды.

Соңғы сәттегі тоғыз­құма­лақ­шылардың бұл жетістігі БҚО командасы үшін ең үлкен сый болды. Осылайша, «Ақ бидай» ауыл спорты ойын­дарында командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бұл – ауыл спорты ойын­дарында бұрын-соңды бол­маған жеңіс. 

Спортшылардың өздері мұны тарихи жеңіс деп атап отыр. Расымен де, бұл жолғы төккен тер ақталып, спортшы­ларымыз үздіктер қатарына кірді. 

Айта кетейік, «Ақ бидай» жарысы биыл 20 спорт түрі бойынша өткізілді. Жарыстың жабылу салтанатында «Ақ бидай» ойындарын өткізген Алматы облысы эстафетаны Солтүстік Қазақстан облысына тапсырды. Енді төрт жылдан кейін доданың алауы еліміздің солтүстігінде  тұтанады.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА