in

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Екі ақын да бүкіл қазақтың ортақ перзенті

Қадыр Мырза Әлі халық даналығы мен мінезін шумаққа сыйғыза білген терең ойдың иесі, ұлттың рухын жырлаушы болса, Тұманбай Молдағалиев – жүректің нәзік әуенін шерте білген, махаббат пен мейірімнің мөлдір сезімін жырлаған сыршыл ақын. Бірінің сөзі – шындықтың жүзі, екіншісі – жүректің үні. Уақыт өтсе де, олардың өлеңдері әдебиет аспанында жарқырай бермек. Біз бүгін «Көзкөрген» айдарында бір дәуірде өмір сүрген, мұраттас, мүдделес болған ақын Ақұштап Бақтыгереевамен Қадыр ақын туралы сырластық.

– Қадыр Мырза Әлі де, Тұман­бай Молдағалиев есімі де ерте та­ныл­­ды. Екеуі де ең еңбекқор ақын­дар­дың бірі еді. Өлеңсүйер қауым­­­ның арасында екі ақынның өлеңдері жиі оқылатын. Сіз Қадыр ақынмен қа­лай таныстыңыз?

– Биыл 90-ға толып отырған Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Мол­дағалиев ақынның екеуі бір жыл­да туып, бір жылда дүниеден озды. Өмірде де, шығармашылық ор­тада да қатар жүрді және қал­жың­дары жарасқан құрдастар еді. Сту­дент кезден олардың өлеңін жат­­қа білетінмін. Поэзия кеш­те­рі­не жиі барып, екеуін де құр­мет­те­дім. Ағаларыммен таныстығым 1967 жылы басталды. Сол жылы оқуым­ды бітіріп, тұңғыш «Өрім­тал» жинағым «Жазушы» бас­па­сы­н­ан жарық көрді. Бұл ақындар сол кезде «Жазушы» баспасында жұ­мыс істейтін. Олар маған қарын­да­сындай қарап, ақын деп баға­ла­ды. Екеуінің халыққа қызметі бір­­­дей. Біз көрген Қадыр аға мен Тұ­манбай аға ылғи қалжыңдаса­тын. Өлеңді де қатар жазатын бол­ды, кітаптары да бірге жарыққа шы­ғып тұрды. Кейде сапарларға бірге баратын. Бірін-бірі қызғанған жоқ, бір ауыз ауыр сөз айтқан емес. Әрдайым бір-біріне тілеулес болып жүрді. Ғажабы, екеуі бір жылда туып, бір жылда қайтты. Қадыр аға дү­­ниеден өткенде Тұманбай ағам «Мен сенен қалып барамын» деп сөй­леп еді. 

Негізі, Алматы облысында Тұманбай ағаға әдемі ән­нің, сұлулықтың, өмірге ғашық­тық­­тың ескерткіші сұранып тұр ғой. Өзі де керемет лирик еді. Әнге жаз­ған сөздеріне, мысалы «Құстар қай­­тып барады» сияқты тақырып­тар­­ға салуға болады. Неге екенін біл­­меймін, Тұманбай ағаның ес­керт­­кішін әлі күтіп жүрміз. Өзі ба­­ла кезінде жетімдік көргенін, әке­­сінің соғыстан қайтпағанын жиі айтатын еді. Қайтыс болғанда да туған жерінен жетімдік көріп тұр­­ған сияқты. Осыған менің жү­ре­­гім қатты ауырады. Қазағын жыр­­лаған Тұманбайын неге ұмыт­тық? 

Қадыр аға мен Тұманбай аға Жа­зушылар одағына қатар кіретін, қа­тар шығатын, бірге жұмыс іс­тейтін. Бүтін жастар жырлаған, жас­тықты жырлаған екі ақынға бір­ге, бір-біріне күлімдеп қарап отыр­ған кейпімен ескерткіш қойса деп армандаймын. Ол арманым биыл орындалмайтын секілді. Әйт­­песе, қатар жүрген қос ақын­ның мүсіні қандай жарасар еді, ерекше үйлесім болар еді. 

– Екеуі де кеңестік кезеңде дү­ние­ге келді. Екі ақын да өз дәуірін жыр­лады. Қазір жас буын соцреа­лизм бағытындағы әдбиетті жоққа шы­ғарғысы келетін сияқты. Бұған қа­лай қарайсыз? 

– Бұл – өте қате түсінік. Жас­тар­дың оларды басқа дәуірдің ақы­ны деп қарауы дұрыс емес. Ақын, жазушы, суреткер қай ғасырда ту­ғанына кінәлі емес. Ол кезде сая­сат солай болды. Жазғанын шы­ғару үшін Қадыр ағаның өзі ай­тады: «Өткізу үшін шындықты, өті­рік қостым аздаған»…

Олардың шығармалары ке­зең­ге жатпайды. Мысалы, Тұман­бай­дың махаббаты – социализмнің емес, дәуірдің махаббаты. «Ал адам­дар күліп бастап өмірін, ке­терінде жылай да алмай қалады». Адамның бүгіні мен ертеңін екі жол­ға сыйдырып жіберіп отыр. Ал Қа­дыр аға қалай социализмнің ақы­ны болады, егер ол тек қазақ­тың сонау ғасырлық тағдырын, жа­нын жырласа. Ақын қазақты қан­ша жырлауға тырысса, өлеңдері де соншалықты өмір сүруге лайық.

Ал жастардың «бүгін біз жаңа­лық жасаймыз» деуі – кезеңнің уа­қытына сай бір «стилі» сияқты. Бір­ақ ақынға, шығармаға олай қа­рауы «қателік» деп ойлаймын. Қазіргі цифрлық кезең келіп біздің тарихымызды сызып тастаса қалай бо­лады? Не болса да, біз тари­хы­мыз­ды жоғалтпауымыз керек. Жа­сап кеткен қаламгердің, жазу­шы­ның байлығын қастерлеп, оны тү­сіне білуіміз керек.

Бастысы, бөлінбеудің шартын не­гізге алған жөн, яғни таланттар­ды ортақ таныту керек. Тұман­бай­ды – Алматы, Қадырды – Орал, Абайды Семей оқығаннан біз еш­теңе ұтпаймыз, керісінше тұл­ға­лары­мызды танытуда бұрыс жолға тү­семіз. Балаларымызға кіш­кен­тайынан ұлы тұлғаларымызды тек қа­зақтың перзенті ретінде ұғын­дырып өсіруіміз керек. 

– Жалпы, сіздің Қадыр ақынды та­нып-білуіңізге оралдық болғаны себепкер болды ма?

– Мен Қадыр Мырза Әліні орал­дық екен деп танымадым. Ол кез­де жершілдік, рушылдық деген әң­гіме мүлде болмайтын. Бізге қа­зақтың ұлылары ортақ сияқты бол­ды. Біз сондай ұрпақ едік. Қазір ғой жерін, руын іздейтіні. Біздің ға­сырдың жастарында ондай «се­зімталдық» болған жоқ. Өйткені Ал­­маты бәрімізге, Қазақстанның түк­пір-түкпірінен келген жастарға ор­тақ болды. Құшағын ашты, бә­рі­мізді сыйдырды. Қолына қалам ұстаған жанның бәрінің ортақ мекеніне айналды. 

– Елден үлкен қалаға келгенде ақын адам бірінші жерлестерін із­дейтіні белгілі. Сіз де Қадыр ақынды «аға­лап» жиі іздедіңіз бе?

– Қадыр Мырза Әлімен жақын ара­ласуыма себепші болған – Ал­ма­тыдағы жазушылардың ақ үйі. Біз соған көрші қондық. Ал Тұ­ман­бай ағам орталықта басқа үйде тұр­ды. Сол кезден бастап тұз-дәмі­міз араласқан, туған ағалы-інілі­дей, оның үстіне поэзиядан жүре­гі­міз жарасқан адамдар болдық та, жа­қын араластық. Жеңешем де қайын­сіңлісіндей жақын көріп, қа­зақи табиғи жолмен араласып кет­тік. 

– «Уақытымның бір минутын да бос жібергім келмейді» дейтін. «Әрі мық­ты адам болу үшін бақытсыз ба­ла­лық керек» дегені тағы бар. Ақын­ды мықты қылған не нәрсе?

– Қадыр Мырза Әлінің ең­бек­қор­лығы өзгелерден ерекшелен­дір­ді. Ол орынсыз бір жиынға бар­­­­май­ды, уақытын жібермейді. Таң­нан кеш­ке дейін аудармаға, зерттеуге не кітап жазуға белгіленіп қоятын. Көр­ші тұрғанымда білгенім сол. Бас­қалар сенбі күні серуендесе, Қа­дыр аға бұл күні қала сыр­тын­дағы кітап базарына кітап іздеуге ке­теді. Сонда барып керегін алып қай­татын. Ол жинаған мұрасының бә­рі қазір Ораладғы Қадыр орта­лы­ғында тұр. Құнды дүние, қымбат қ­азына. 

– Ақынның өлеңдерінің тақы­ры­бы әр алуан. Дегенмен Қадыр ақын­ды өзге ақындардан ерекшелеп тұ­ра­тын қандай қасиеті деп ойлайсыз?

– Қадыр ағаны мықты қылған – тақырыбы. Ол қазақтың түгел жо­ғын түгендеді. Баласына не керек, да­насына не керек, қазақтың тағ­ды­ры, өткені, бүгіні, мінезі, бәрі-бә­рін түгендеді. Сондықтан Қадыр аға­ны ерекшелендіретін де осы деп ой­лаймын. Ол менің шы­ғар­ма­ла­рым өзге тілді аударылсын, өзге тіл­де сөйлесін, көпшілік мені біл­сін деп жыр жазған жоқ, ол қаза­ғы­ның жоғын жоқтады. Ал әннің сөз­дерімен, лирикалық шығар­ма­ла­рымен жастардың жүрегіне нық орнаған, адамның бар тіршілігін, бол­мысын көңіл күйін жырлаған ақын – Тұманбай Молдағалиев. 

– Қадыр Мырза Әлі «Жазмыш­ты» жазды, сосын «Иірімге» бет бұр­ды. «Айнаның екі жағы болады, біз бір жағын ғана көріп үйренгенбіз» деп еді. Сіз «Иірім» туралы не айтар едіңіз? Жалпы, ол кісімен бұл та­қырыпта сөйлесіп көрдіңіз бе? 

– Қадыр Мырза Әлі «Иірім», «Жаз­мыш» деген тақырыптарға бар­ды. Бұлар – бұрын қазақ әде­бие­тінде жоқ тақырып. Негізі, көр­ші отырған соң, орыстардан біл­геніміз сол: олардың тағдырын, не жазғанын, қалай дүниеден өт­кенін, мінез-құлқын бәрін оқи­мыз. Ал қазақта ол әдетке енбеген. Шын мәнінде, өте қажет дүние деп ойлаймын. Осы екі тақырыпты жаз­­ғаны үшін Қадыр ағаның көзі тірісінде естімеген сөзі жоқ. Бізде бұл дамымаған тақырып, негізі ке­лешекте қажет нәрсе деп ойлай­мын.

Қадыр аға қайтқаннан кейін ту­ған жерінде салған әдеби орта­лық­қа 6 767 кітап келді. Сол кітап­тар­дың бәрінің бетінде Қадыр аға­ның сызып оқыған жолдары, қа­рындашпен қойған белгілері бә­рі-бәрі бар. Біздің дәуірдің қай ақы­ны 6 767 кітапты оқып шығуға уа­қыт тапты екен. Қанша уақытын үнем­ді пайдаланған: бос уақытын ойын-сауыққа, демалысқа арнама­ған еңбекқор ақын – біздің Қадыр аға.

– Бір жылдары Қадыр ақын да, сіз де Оралға көштіңіздер. Бірақ ақын көп ұзамай Алматысына қайта орал­ды. Оралға үйрене алмады ма? 

– Ұлт, халық, ел деген сөздердің куәсі болып отырмын. Мырза Әлі­ге бұл күнде екі ескерткіш қойыл­ды. Бірі – қаланың ортасында, ту­ған жерінде елін жаяу аралап ке­ле жатқан бейнесі. Өсіп келе жат­қан балалар ескерткіштің қа­сына келіп өлеңін оқып, қолынан ұс­тап сырласқандай болады. Қа­дыр Мырза Әлі атындағы мек­теп­терде ұлттың балалары жырларын оқып жатыр. Ендеше ұлтына қыз­мет еткен ұлы ақынның қалдырған еңбегі – болшақтың мұрасы. Және соларды тәрбиелейтін құрал. Ақын­­ның 90 жылдығы Жайықта той­­ланып жатыр, бірақ бұл ақын­дарды өзінің туған облысына бөліп тойлау дұрыс емесін айтып келеміз. Оларды Қазақстанның бар аймағы бір деңгейде тойлауы керек. Себебі аймақтарда өмір сүріп отырған ха­лық өздерінің мұң-зарын өлеңімен жуып отыр емес пе?

2002 жылдары Атырау мен Орал­ға ақын-жазушылар, өнер адам­дары, оқымыстылар барған кез­де біз де бардық. Қырымбек Кө­шербаев Қадыр ағама Жайық жақ­тан әдемі үй салып берді. Бірақ ағам ол үйде тұра алмады. Ағаның жары – Алматының қызы. Өзі де Орал­ды жерсінбеді. Соған да бай­ланысты болар. Бір айдай сол үйде болды да, Алматыға қайта оралды. Кейін үлкен ұлы тұрды. Ол үй о бас­та ағаның кітапханасы, музейі бо­лады деп басталған. Бірақ қазір сақ­талған жоқ шығар, балалары са­тып жіберді-ау деймін. Сөйтіп, үй­дің тағдыры солай аяқталды. Дегенмен қаланың қақ ортасынан киіз сияқты көлемде «Қадыр орта­лығы» тұрғызылды. Сол жерге аға­ның жинаған кітапханасын тү­гел көшіріп апарды. Бүгінгі іс-ша­ралар да сол жерде өтеді. Орталық ке­ліп-кететін, жергілікті оқырман­дардың да сүйікті мекеніне айнал­ды. 

– Қадыр Мырза Әлінің ана­сы­ның құлпытасына:

«Бала боп қызық көрмеген,

Баладан қызық көрмеген,

Байдан да қызық көрмеген,

Қайдан да қызық көрмеген,

Бұл жерде жатыр кейуана, – деп жазды.

Мен білетін ақынның ерекше қа­сиеті – шыншылдығы. Өзі еш­қа­шан өтірік айтып көрмеген адам. Әсіресе, анасының басына жазға­нын бір күні сұрадым: «Аға, ауыр сөз жазыпсыз ғой. Анаңызға да, өзіңіз­дің жүрегіңізге де ауыр емес пе?» деп. «Жоқ, шындық қалуы ке­рек. Өйткені мен анама да бұры­ла­тын уақыт таппадым. Мен қазақ де­ген халықтың баласы боламын деп ойладым. Менің анам – қазақ. «Сол ұлтқа бала болып өтсем, анам өк­пелемес» дедім. «Бірақ шындық­ты жаздым. Анам менен рахат көр­ген жоғын көздерім көрді ғой» де­ді. Міне, Қадыр ақынның өтірік ай­та алмайтыны, шындығын жа­рия ете алатыны…

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ