Кәсіпкер Айдын Рахымбаев әлеуметтік желіде сүт қосылған шайдың зияны туралы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ол өзінің денсаулығын мысал ретінде келтірген. Марафонға қатысып жүрген ол бірде тізесі ауырып, Германияға барып ота жасатқанын айтты. Дәрігерлер оған тамақтану тәртібін өзгертуді ұсынған екен. Нақтырақ айтқанда, сүтті аз тұтынуға кеңес берген.
«Бірнеше жыл бұрын жүгіріп жүргенде менің тізем ауыра бастады. Тексеруден өтсем, буындарыма тұз жиналыпты. Германияда ота жасатып, бәрін тазалаттым. Еуропадағы тамақтану институттарының біріне бардым. Дәрігер менің анализдерімді тексеріп, сүтті қаншалықты көп ішетінім туралы сұрады. Мен таңертең сүтпен ботқа жейтінімді, сүт қосқан спорттық коктейль мен сүтті шәй ішетінімді айттым. Дәрігер таңғалып, сүттің құрамында лактоза барын ескертті. Оны ересек адамның ағзасы көп жағдайда қорыта алмайды екен. Лактоза глюкоза мен галактозаға ыдырап, ағзадан толық шығып кетпейді. Галактоза (сүт қышқылы) буындарға жиналып, артрит пен тізеге тұз жиналуына әкеледі. Біздің аталарымыз сүттің зияны туралы білмесе де, біз заманауи зерттеулерді ескеруіміз керек. Бұл туралы жақындарыңызға айтып, ата-апаларға ескертіңіздер», – дейді кәсіпкер.
Ол сүт қосылған шайды аз ішкен соң денсаулығы қалыпқа келе бастағанын атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.