in

Ата Заңның пәрмені: қазына кілті – халықта

Онда жер мен жер қойнауы, мұнай мен газ – ұлттың ортақ қазынасы екені айқындалып, байлықтың баянды игілігі халыққа қызмет етуге тиістігі бекітілген. Табиғи ресурс енді тек табыс көзі емес, ел болашағының кепілі, ұрпақ аманаты ретінде қарастырылады. Бұл – қазынасы халыққа, жауапкершілігі мемлекетке жүктелген әділетті даму жолының жарқын үлгісі.

Конституцияның жаңа редакциясында энергетикалық қауіпсіздік пен табиғи ресурс­­­тарды ұтымды пайдалану тек салалық міндет­тер деңгейінде қалып қоймай, ел дамуының жаңа конституциялық моделінің ажырамас бөлігіне айналатыны көрсетілген. «Халықтың әл-ауқатын арттыру» енді Ата Заңда бекітілген басты құндылықтардың бірі ретінде бекем­делмек. Елдің игілігін есе­леуге тікелей ықпал ететін энергетика және мұнай-газ саласында қандай жұмыстар атқа­рылып жатыр? Биыл қандай өзгерістер күтіледі?

Конституция жобасының 8-бабында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп нақты жазылған. Осы міндеттің орындалуын Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр үйлестіреді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін алдағы республикалық референдум мемлекеттік дамудың негіздерін жаңғыртудың маңызды кезеңін білдіреді. Ата Заң жобасы мемлекеттік институттардың жауапкершілігіне жоғары талаптар қояды. 

– Кең қоғамдық пікірталас барысында қалыптасқан Негізгі заң жобасы мемлекеттік институттардың жауапкершілігінің жоғары стандарттарын белгілейді. Энергетикалық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салалық міндеттерге ғана емес, сонымен қатар ел дамуының жаңа конститу­циялық моделінің элементтеріне айналады. Бұл жағдайда, негізінен, шикізат моделінен терең өңдеуге және жоғары қосылған құнды құруға көшу қажет, – дейді Роман Скляр. 

Үкімет басшысының бірінші орынбасары энергетика және мұнай-газ саласындағы жұмыстың басым бағыттары ретінде геоло­гиялық барлауды дамытуды, көмірсутектердің ресурстық базасын толықтыруды, қазақ­стандық құрамның үлесін ұлғайтуды, сондай-ақ мұнай өңдеуді өрістетуді атады. Осыған байланысты жаңа МӨЗ құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге кірісу міндеті қойылған. 

Энергия ресурстарына сұраныстың артуына байланысты биыл қуаты 1 млрд текше метр болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын іске қосу, 2027 жылдың соңына дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау қатаң қадағаланады. Өңдеу неғұрлым терең болса, түсетін табыс та соғұрлым жоғары әрі ішкі жұмыс орындары да мейлінше көп.

Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаға, энергия нысандарының цифрлық негіздерін енгізу арқылы саланы трансформациялауға және мұнай базаларын бірыңғай жүйеге интеграцияланған есепке алу құралдарымен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымын болдырмауға бағытталған. Энергетика министрлігіне елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және инвес­тициялық жобаларды іске асыруға қатаң бақылау орнату тапсырылды. Себебі отын-энергетика кешенін дамытуды Президент мемлекеттің жаңа экономикалық моделінің іргетасы ретінде белгіледі.

Құрғақ дерек емес, құрылымдық даму

Халықтың әл-ауқатын арттыратын басты байлықтардың бірі – мұнай-газ саласы. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының дерегінше, оның мұнай және конденсат өндірісі 10%-ға өсіп, 26 млн 211 мың тоннаны құрады. Газ өндіру 19,8%-ға артып, 11 млрд 450 млн текше метрге жетті. Қазақстандық және румындық мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай өңдеу көлемі 9,5%-ға ұлғайып, 20 млн 980 мың тоннаны құрады.

«Өзенмұнайгаз» АҚ 5 079 мың тонна мұнай және 610 млн м³ газ өндірді. «Ембімұнайгаз» АҚ-та мұнай өндіру 2,2%-ға ұлғайып, 2 850 мың тоннаны, газ өндіру 18,1%-ға артып, 242 млн м³-ді құрады. Газ көрсеткіштерінің өсуі Батыс Прорва кен орнындағы Бірінші іске қосу кешенінің техникалық іске қосылуымен байланысты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 3 083 мың тонна мұнай және 435 млн м³ газ өндіріп, өткен жылғы деңгеймен шамалас нәтиже көрсетті.

Мегажобаларға келсе, Теңіз кен орнында мұнай өндіру 2025 жылы 40,3%-ға өсіп, 7 802 мың тоннаны құрады. Ілеспе газ өндіру 49,9%-ға артып, 4 514 млн м³ болды. Мұндай елеулі өсім Болашақ кеңейту жобасы аясында Үшінші буын зауытының табысты іске қосылып, қуаттылықты кезең-кезеңімен арттыруының нәтижесі.

Қашаған кен орнында мұнай өндіру 3 025 мың тоннаны құрап, 4,9%-ға өсті. Газ өндіру 6,4%-ға ұлғайып, 1 982 млн м³-ге жетті. Өсім өндірістік нысандардың тұрақты жұмысымен және есепті кезеңде 2024 жылмен салыстырғанда ірі жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарының болмауымен түсіндіріледі. Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру 1 091 мың тоннаны құрады. Қабатқа кері айдауға дейінгі газ өндіру 5,5%-ға өсіп, 2 525 млн м³-ге жетті.

Қазақстан 2025 жылы жоспарды асыра орындап, шамамен 100 млн тоннаға жуық мұнай өндірді. Бұған дейін 2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай өндіру жоспарланғаны хабарланған еді. 2025 жылы нақты өндіріс көлемі шамамен 99,6 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Ол 2026 жылға қатысты «жоспарлар әзірге қалыптасу үстінде» екенін тілге тиек етті. Салыстырар болсақ, 2024 жылы Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру 87,7 млн тоннаны құрап, жоспар 97,1%-ға ғана орындалды және 2023 жылға қарағанда 2,4%-ға төмен болды.

Сонымен қатар министр 2026 жылы мұнай экспорты өткен жылғы деңгейде сақталатынын жеткізді. Бұған дейін Энергетика министрлігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты шамамен 78,7 млн тонна болғанын айтқан. Жоспарды асыра орындау – басқарушылық табыс. Бірақ жаңа модельдің өнімділігі енді өндіру көлемімен емес, экономиканың шикізаттық ресурсты ел ішінде өңдеп, қосылған құнын еселеп ұлғайта алу қабілетімен анықталады.

Газ – әлеуметтік келісімнің өлшемі

Қуатқа деген сұраныс – экономиканың тамыр соғысы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында елді газбен қамту мәселесіне арнайы тоқталған-тын. Ол елдегі энергия ресурстарына сұра­ныстың артуына байланысты геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, жаңа көмірсутек кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақытылы іске қосу міндетін қойды. Сондай-ақ Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры жаңа перспективалы мұнай-газ кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуге, қор газ өңдеу жобаларын іске асыру кестесін қатаң бақылауда ұстауға тиіс.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы газдандыру бойынша 40 жоба іске асырылып, 32 мың қазақстандық көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінде республикада жалпы саны 13 млн адам газға қол жеткізіпті. 2026 жыл соңында елді газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетіп, өткен жылдың басындағы 62,4%-бен салыстырғанда тұрақты өсімді көрсетеді деп жоспарланған. 

Қосымша тауарлық газ көлемін қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші магис­тралды желісінің бірінші кезеңі салынып жатыр. Жыл соңына дейін жылына 10 млрд текше метрге дейін газ өткізуге қабілетті желілік бөлікті аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде компрессорлық станциялар салынып, өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтылады.

Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытта­рын салу жобалары қолға алынған. Қуаты 1 млрд м³ болатын бірінші зауытта құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы ілгерілеуі 30%-дан асты, жабдықтардың 95%-ы жеткізілді. Пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Қуаты 2,5 млрд м³ болатын екінші зауыт бойынша pre-FEED кезеңі толық аяқталды. Қатарлық UCC Holding компаниясымен бірлесіп келісімшарттық стратегия пысық­та­лып жатыр. 2032 жылға қарай елдегі тауар­лық газ өндірісі жылына 32,3 млрд м³-ге дейін ұлғаюға тиіс. Е.Ақкенженовтің сенді­руінше, ми­нистрлік биылға жоспарланған газ гене­рациясы жобаларының орындалуын бақылауда ұстап отыр. Әрбір жоба «Көмір және газ генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобада» егжей-тегжейлі сипатталып, бекітілмек.

Геология – қазынаны көбейтудің өзегі

Өндірістің өсуі қуаныш, бірақ қорлардың сарқылуы – жаңа технологиялар мен барлау жұмыстарын жеделдетуге итермелейтін дабыл. Газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында QazaqGaz ұлттық компаниясы кешенді геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыру үстінде. Алдын ала бағаланған 515 млрд м³ газ қоры бар 14 учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ортамерзімді перспективада барлау портфелін 30 учаскеге дейін кеңейту жоспарланған: олардың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн м³ газды құрайды. Бұл өндірісті ұлғайтуға және ішкі сұранысты өтеуге берік негіз қалайды.

Министр Е.Ақкенженов геологиялық барлау қарқынын бірнеше есе арттыруды және табиғи газдың жаңа кен орындарын игеру арқылы елдің ішкі қажеттіліктерін толық өтеуді мақсат етіп отырғандарын атап өтті. Президент тапсырмаларын орындау аясында жер қойнауын зерттеу және мине­ралдық-шикізат базасын толықтыру үшін 2026 жылы Үкімет резервінен кешенді геоло­гиялық барлау жұмыстарына 40,7 млрд тең­геден астам қаражат бөлінеді. Геологиялық барлау Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Қа­рағанды, Қостанай, СҚО, Маңғыстау, Түр­кіс­тан, Абай және Ұлытау облыстарын қамтиды.

Сонымен қатар Шу – Сарысу және Солтүстік Торғай аз зерттелген мұнай-газ перспективалы шөгінді алаптарында 2D форматындағы 6 сейсмобарлау жобасын іске асыру көзделген. Қазір олардың геологиялық зерттелу деңгейі көмірсутек қорларының әлеуетін сенімді бағалауға жеткіліксіз. Сейсмобарлау жұмыстары мұнай мен газ шоғырларын оқшаулауға перспективалы құрылымдарды анықтауға және олардың ықтимал көлемін бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жұмыс табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, геологиялық барлау саласын дамыту және жер қойнауын пайдалануға инвестициялар тарту үшін негіз қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады. Барлық жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы алғанда, үш жыл ішінде мемлекеттік геоло­гиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге (шамамен 500 млн доллар) қарастырылған.

Аталған шараларды іске асыру ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыруға, перспективалы жаңа кен орындарын анықтауға және Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыруға қолайлы жағдай жасауға тиіс. Жер қойнауын зерттеуге салынған инвестиция – бүгінгі шығын болғанымен, ол сондай-ақ келер ұрпақтың еншісіне қалдырылған кепілдік пен мұра.

Айхан ШӘРІП