in

Астана аспанынан белгісіз объект ұшып өтті: министрлік мәлімдеме жасады

5-нен 6 маусымға қараған түні Орталық және Солтүстік Қазақстан халқы, оның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларының тұрғындары аспанда жарық құбылысты байқады, – деп хабарлады Aikyn.kz. 

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл орбитада бұрын болған ғарыш нысандарының бірінің атмосфераға енуімен байланысты, деп мәлім етті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Ғарыштық қалдықтардың қозғалысын бақылайтын халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, дәл осы уақыт аралығында үш оқиға тіркелген, олардың әрқайсысы байқалған құбылысты тудыруы мүмкін: 

1. Қытайдың ZQ-2E зымыранының үдеткіш блогы 

• Атмосфераға ену уақыты: 

5 маусым, Астана уақытымен шамамен 22:40 

• Нысан: LandSpace компаниясы 17 мамырда ұшырған Zhuque-2 Enhanced зымыранының сатысы 

• Ерекшелігі: 

Экологиялық таза отын (сұйық метан мен оттегі) пайдаланылады, жану кезінде айқын жарық шығарады.

 Бұл нысан уақыт жағынан және көрініс сипаттамасы бойынша Қазақстан тұрғындарының байқаған құбылысына ең дәл сәйкес келеді. 

2. STARLINK-1631 (SpaceX) спутнигі 

• Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 03:41 

• Ескі спутниктердің бірінің жоспарлы орбитадан шығуы 

3. Жапондық H-2A R/B зымыранының үдеткіш блогы • Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 00:36 

• Нысан пассивті орбитадан шығу режимінде болған Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағына қандай да бір фрагменттердің құлағаны немесе залал келтіргені туралы расталған ақпарат жоқ. 

«Мұндай нысандар, әдетте, атмосферада толық жанып кетеді (ірі бөліктердің Қазақстан аумағына құлауы екіталай), ал құбылыстың өзі көрнекі болғанымен, қауіпсіз үдеріс болып саналады. Азаматтардан сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», – делінген министрлік хабарламасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.