Алғашқы локация – Астана халықаралық әуежайы. Әуежайға барғанда-ақ өзіңді турист ретінде сезіне кетесің. Бұл жерден туристерге такси шақыруға арналған Taxi Point жүйесі жөнінде ақпарат алдық. Терминал Қазақстан түгіл ТМД елдерінде жоқ.
– Ақпанда Taxi Point жүйесін іске қостық. 7 тілде жұмыс істейді. Турист кез келген банк картасы арқылы төлем жасап, интернетсіз, ешқандай қолданба-құрылғыны жүктемей-ақ қалаған жеріне такси шақыра алады. Такси бірінші жолаққа келіп тоқтайды. Бағасы қолжетімді, екі түрлі тариф ұсынылған, – дейді Astana Tourism туризмді дамыту орталығының департамент директоры Базарбек Темірұлы.
Бұдан соң туристердің қызыл автобусына жайғасып, бас мешітке қарай тарттық. Туристердің әуежайдан түсе сала архитектуралық ескерткішке бас сұғуы заңдылыққа айналғаны көпке мәлім. Мешіт сыйымдылығы жағынан Орталық Азияда бірінші, ал әлемде жетінші орынға ие. Мешітке 235 мың адам сыяды, оның құрылысына 40 елден 7 300 құрылысшы атсалысқан.
– Қуанышты жайт, барлық құрылысшы аман-есен еліне қайтты. Ешкім қаза тапқан жоқ, сондай жақсы статистикамыз бар. Сонымен қатар ең жылдам салынған мешіт ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ендік. Ғимарат сапалы материалдардан тұрғызылды. Еденге төселген травертин мәрмәрі Италия, Әзербайжан, Түркия елінен әкелінген. Қақпалары Африкада өсетін ироко ағашынан жасалған. Әр қақпаның биіктігі – 12 м, 56 см. Бұл цифрдың сыры бар, қазақ даласында, Алтын орданы билеген Берке хан дәл осы 1256 жылы ислам дінін ресми түрде қабылдаған, – деп бас имамның көмекшісі, гид Ернар Қожабек мешіт ішін таныстыра кетті.
Бәрінен де қызығы, мұсылмандар құлшылық ететін жерге кірген беттегі каллиграфиялық жазу. «Жәннатқа қош келдіңіздер!» деген көркем жазудың авторы – Асылбек Байұзақұлы. Ол 50 көмекшісімен бірге мешіттің іш-сыртындағы жазуды небәрі 3 жыл ішінде жазып шыққан. Мұнда әлемдегі ең үлкен витраж қақпа бар. 1,5 тонналық шыны қақпаны Американың белді компанияларының бірі сыйға берген. Ал құбыла беттегі қабырға 25 миллион ұсақ шыныдан құрастырылған, оның жұмысына бір жыл уақыт кетіпті. Бұл қабырғада Алланың көркем есімдері көрініс тапқан.
Мешітті бір үлкен кешен дерсің, қонақтарға арналған сыйлық дүкені, тігін орталығы, мұражай, кофехана, асхана, автотұрақ, көлік жуатын орын, автобусқа арналған туннель-аялдама, қасапхана, жаназа орталығы, клиника да жұмыс істейді.
– Жуырда мешіт ішінде Мұхаммед пайғамбарға арналған мұражай ашылмақ. Қазір Сауд Арабия елімен келісім жүріп, жұмыстар қарқынды басталып кетті. Алда мешіт маңайына «Отырар» кітапханасы салынады деген жоспар бар. Мешіт архитектурасының әр деталінде адам жанын қозғап, ой жүгіртуге әсер сыйлайтын мән-мағына бар. 500-ден аса адам мешіт сәулетіне қарап, соның сырын ұғуға тырысып, тіпті ислам дінін қабылдаған, – дейді Ернар Қожабек.
Мешіт жайында тың деректер білген соң 130 метрлік мұнараға шығып, қала көрінісін тамашаладық. Келесі аялдама – Ұлттық мұражай. Мұражайдағы жәрмеңкеден шебер Гүлсім Бәйтерекқызын жолықтырдық.
– Бала кезімнен сурет саламын, киізбен жұмыс істегеніме 4 жылдай болды. Текемет басу, алаша тоқуға көңіл бөліп келемін. Жүнмен сурет салуға қызығатын жастарды тәрбиелеп жүрмін. Мұражайда сабақ та өткіземін. Шетелдік туристер мұражайға жиі келеді, өнерімізді жоғары бағалайды. Кәдесыйлар арқылы дүниежүзіне қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін таныстырып отырамын, – дейді қолөнер шебері.
Одан әрмен Қабанбай батыр, Мәңгілік ел, әл-Фараби, Тәуелсіздік даңғылдарымен жүріп, қала араладық. Осы тұста Базарбек Темірұлы туризмді дамыту орталығының жоспарымен бөлісті.
– Astana Tourism туризмді дамыту орталығы Астананың іскерлік туризм, оқиғалық туризмімен қатар медициналық туризмді де дамытып жатыр. Астанада халықаралық алтын стандартқа сай, жоғары технологияға ие 7 клиника бар. Осы бағытта халықаралық көрмелер, турлар өткізіп жатырмыз. Алда үндістандық туроператорларға Астана және Бурабайдағы гольф клубтарына тур ұйымдастырамыз. Сол арқылы Үндістаннан келетін туристерді елге тартпақ ойымыз бар, – дейді Б.Темірұлы.
Астана іскерліктің, білім-ғылымның, медицинаның орталығы емесін түсінсеңіз, саяхатқа жүріңіз.
Айсұлу СЪЕЗХАН