in

Астанада алма думаны

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 80 жылдығы мен Дүниежүзілік азық-түлік күніне орай өткен жиынға дипломатиялық корпус өкілдері, фермерлер, аграрлық сектор сарапшылары және студенттер қатысты.

Фестиваль фермерлердің, жастардың, мамандардың және халықаралық ұйымдардың тә­жірибе алмасуына мүмкіндік беріп, орнықты және инклюзивті агроазық-түлік жүйелерін дамы­тудағы ынтымақтастық алаңына айналды.

«Алма фестивалі тек алманы дәріптеу мерекесі  емес, сонымен қатар ауыл шаруашылы­ғы­мыз­дың терең дәстүрлері мен азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын тағы да еске салу. Жастардың ауыл шаруашылығына, инно­вацияларға және халықаралық ынтымақтастыққа деген қызы­ғушылығының артып келе жат­қанын байқаймыз, бұл ауыл­шаруа­шылық саласының бо­ла­ша­ғына сенім береді», – деді  Ауыл шаруашылығы вице-мин­истрі Ермек Кенжеханұлы.

Фестивальда Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Апорт: әр алманың жүрегі» атты таныс­тырылымы болды. Қонақтар апорт­тың тарихымен және мұра­ғаттық материалдарымен та­нысты. «Жастар, агроблогерлер және инновациялар» атты сес­сияда халықаралық бағдар­ламалар, тағылымдамалар және ФАО мен серіктестердің, соның ішінде World Food Forum National Youth Chapter және Youth Food Lab бастамаларының цифр­лық құралдары талқыланды. ФАО жұмыстарына жастарды тарту үшін тағылымдамалар, ерікті болу және стипендиялар мен мансаптық мүмкіндіктер тура­лы ақпарат ұсынылды. 

ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалық үйлестірушісі Жаңыл Бозаева фестивальдің Қазақстанда өтуі ерекше сим­волдық мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Іле Алатауы мен Тянь-Шаньның етектері алманың отаны саналады.

«Жыл сайын БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйым­ы­ның (ФАО) құрылған күніне орай 16 қазанда әртүрлі шара ұйымдастырамыз. Биыл алғаш рет Астанада алма фестивалін өкізіп жатырмыз. Бұл аймақ табиғи және мәдени мұраның бірегей орталығы саналады, сондықтан фестивальдың дәл осында өтуі ерекше мәнге ие. ФАО Ауыл шаруашылығы министрлігі және Нидерланд Корольдігінің елшілігімен бірге 80 жылдық мерейтойы мен Дүниежүзілік азық-түлік күнін атап өтуде. Мұндай іс-шаралар тұрақты дамуға бағытталған серіктестікті күшейтіп, жастарды жаңа идеяларға шабыттан­дыра­ды, сондай-ақ Қазақстанда және одан тыс жерлерде агроазық-түлік саласын нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады», – деді ол.

Сонымен қатар фестиваль аясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының үздік алма сұрыптары  мен өнімдерін ұсынған «Апорт» жәрмеңкесі өтті. Қонақтар «Алмалы шанс» лотереясына қатысып, түрлі сый­лыққа ие болды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ